Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Коммуналдық қызмет тарифтері неге қымбаттап жатыр?

31 Шілде 2025, 16:31
1708
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр өңірлердегі коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттап жатқанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, бұл процесс толығымен бақылауда және бағаның бірден өсуіне жол берілмейді.

Барлық адам тарифтердің төмен болғанын қалайды және бұл қалыпты тілек. Алайда өмірде бәрі басқаша. Біз бұрын қалыптасқан қорды, ресурстарды іс жүзінде тауысқанымызды нақты түсінгеніміз жөн, - деп атап өтті вице-премьер Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Айтуынша, 2009-2017 жылдары Қазақстанда энергетика саласын жаңғыртуға бағытталған арнайы бағдарлама жүзеге асқан болатын. Бұл бағдарлама электр энергиясын өндіретін қуаттардың тозуын азайтып, өндірістік қор қалыптастыруға мүмкіндік берді. Алайда 2018 жылдан кейін тарифтер іс жүзінде өспеген, соған қарамастан, отын мен өзге де шығындардың бағасы үнемі артып отырды. Нәтижесінде энергетика инфрақұрылымы күрделі тозу деңгейіне жеткен.

Бүгінгі таңда еліміздегі 37 жылу электр орталығының 20-дан астамы "қызыл аймақта" тұр. Бұл – олардың қыстың қақ ортасында жұмысын тоқтатып, жылу беруді доғару қаупі бар деген сөз. Мұндай жағдайды бұдан әрі соза беруге болмайды. Сонымен қатар біз бір нәрсені анық түсінуіміз керек: мемлекеттік бюджет бұл станцияларды қайта жаңғыртуға қаржы бөліп, шығынды өз мойнына алуға тиіс емес те, шамасы да жоқ, - деп түсіндірді Роман Скляр.

Сонымен қоса тарифтердің өсуі – коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін мәжбүрлі шара деп отыр. Алайда мемлекет тарифтердің күрт қымбаттауына жол бермейді.

Сондықтан тарифтердің өсуі – бұл уақыт талабы, яғни – болмай қоймайтын үдеріс. Алайда мен бір жайтты ерекше атап өткім келеді: тарифтер бірден емес, біртіндеп көтеріледі. Біз олардың күрт қымбаттауына ешқашан жол бермейміз. Тарифтік өсіммен қатар, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету жұмыстары да қатар жүргізіледі. Коммуналдық қызметтер үшін субсидия алуға құқылы азаматтар мемлекет тарапынан тиісті көмекті алады, - деді Роман Скляр.

Еске салайық, бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қазақстанда коммуналдық тарифтердің не себепті қымбаттайтынын түсіндірген болатын.

Өзгелердің жаңалығы