- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Көміртегі, музыка және жасанды интеллект: Қазақстанда инвестициялаудың жаңа дәуірі басталды
Көміртегі, музыка және жасанды интеллект: Қазақстанда инвестициялаудың жаңа дәуірі басталды
АХҚО-дағы Astana Finance Days-те инвестицияның тың бағыттары таныстырылды. Көміртегі бірліктері, музыка роялтиі мен ЖИ енді қаржы нарығына жақындай түсті.
-
Арайлым АЛТАЙҚЫЗЫ
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің шығарушы редакторы
10 Қыркүйек 2026, 09:57
Бүгін, яғни 10 қыркүйекте АХҚО-да Astana Finance Days 2026: Delivering Impact. Capital in Action IX қаржы форумы өз жұмысын жалғастырды. Форум инвесторларды, қаржы және технология секторларының өкілдерін, реттеушілерді, мемлекеттік және квазимемлекеттік институттарды, сондай-ақ халықаралық бизнесті бір алаңға біріктірді.
Екінші күннің негізгі тақырыптары – Қазақстанның өңірлік қаржы және сауда хабы ретіндегі рөлі, капитал нарығын одан әрі дамыту, авиацияны қаржыландыру, тікелей инвестициялар, цифрлық активтер және исламдық қаржы, жасанды интеллект инфрақұрылымы, креативті индустриялар, сондай-ақ орнықты қаржыландырудың жаңа құралдары.
Екінші күннің іскерлік бағдарламасын «Транзиттен транзакцияларға: Қазақстанның өңірлік қаржы және сауда хабы ретінде қалыптасуы» атты пленарлық сессия ашады. Оған «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров, Goldman Sachs компаниясының EMEA өңіріндегі дамушы нарықтардағы өңірлік сатылымдар бағытының тең басшысы Йылмаз Коджагөз, Brookfield компаниясының басқарушы серіктесі және Таяу Шығыс бойынша өңірлік басшысы Джад Эллаун қатысады. Сессияға Siguler Guff компаниясының тең құрылтайшысы әрі инвестициялар жөніндегі директоры Дрю Гафф модераторлық етеді.

Қатысушылар Қазақстанның географиялық орналасуы, көлік бағыттарының, қаржылық инфрақұрылым мен капитал нарықтарының дамуы транзиттік ағындарды инвестициялық жобаларға, мәмілелерге және ұзақ мерзімді әріптестікке айналдыруға қалай ықпал ете алатынын талқылайды.
Дискуссия «Қазақстанның капитал нарығы: одан әрі даму векторы» атты сессияда жалғасады. Оған АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің (AFSA), ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, FTSE Russell және Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының өкілдері қатысады. Қатысушылар нарықтың өтімділігін арттыру, инвесторлар базасын кеңейту және оның инфрақұрылымын одан әрі дамыту шараларын талқылайды.
Өңірлік күн тәртібі «Инвестициялық ағындарды ашу: Қытай мен Қазақстан капитал нарықтарының интеграциясы» атты сессиямен жалғасады. Оған Astana International Exchange, CICC, Hong Kong Exchanges and Clearing, Shanghai Stock Exchange және «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері қатысады. Талқылаудың негізгі тақырыптары – капиталды трансшекаралық тарту, қазақстандық эмитенттердің халықаралық инвесторларға қолжетімділігі және Қытаймен қаржылық өзара іс-қимылды одан әрі дамыту.
«Инвестиция арқылы резиденттік: Қазақстанды жаһандық мобильді капитал үшін тартымды ел ретінде таныту» сессиясында мемлекеттік органдардың өкілдері мен халықаралық сарапшылар инвестициялық резиденттік тетіктерін, соның ішінде АХҚО-ның Инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасын (ИСРБ) дамыту мәселелерін талқылайды.
Жақында АХҚО-ның Bybit және Binance жаһандық платформаларымен серіктестігі аясында AFSA-да лицензиялаған платформаларда саудаланатын цифрлық активтер ИСРБ шеңберінде жаңа инвестициялық құрал ретінде қолжетімді болды.
Екінші күннің негізгі салалық бағыттарының бірі авиацияны қаржыландыруға арналмақ. «Қазақстан мен Орталық Азиядағы өңірлік авиациялық қаржыландыру нарығының ашылмаған әлеуеті» атты дөңгелек үстелде мемлекеттік органдардың, әуе компанияларының, әуежайлардың, жүк тасымалдаушыларының, қаржы институттары мен лизингтік компаниялардың өкілдері әуе кемелерін, авиациялық инфрақұрылымды және саланың басқа да стратегиялық активтерін қаржыландыру мәселелерін талқылайды.
Дөңгелек үстел аясында АХҚО «Қазақстан мен Орталық Азиядағы авиациялық қаржыландыру: жаһандық үрдістер және АХҚО-ның рөлі» атты алғашқы аналитикалық есебін таныстырады. Зерттеуде әуе кемелерін қаржыландыру және лизинг модельдері, халықаралық авиациялық хабтардың тәжірибесі, Орталық Азия мен Кавказдың инвестициялық әлеуеті, сондай-ақ авиациялық мәмілелерді құрылымдауға арналған АХҚО юрисдикциясының мүмкіндіктері қарастырылады.

Сондай-ақ қазақстандық жүк тасымалдаушы Jupiter Jet компаниясының америкалық лизинг берушіден әуе кемесін лизингке алу жөніндегі алғашқы мәмілесін сәтті аяқтағаны жарияланады. АХҚО-ның авиациялық-қаржылық хабы компанияға лизингтік мәмілені құрылымдау кезінде қолдау көрсетті.
Бұдан бөлек, АХҚО мен Қазақстанның Даму Банкі орнықты авиациялық отын (Sustainable Aviation Fuel, SAF) саласындағы жобаларды қолдау жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр. Тараптар SAF жобаларын дамытуға, нарық қатысушыларының өзара іс-қимылына және Қазақстанда қалыптасып келе жатқан SAF секторына қаржы тарту үшін жағдай жасауға бірлесіп жәрдемдесуге ниетті.
Тікелей инвестициялар нарығын дамытуға жеке блок арналмақ. АХҚО, Qazaqstan Investment Corporation (QIC) және Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) бірлескен есепті таныстырады. Есепке инвестициялық белсенділік туралы бұрын жарияланбаған деректер, сондай-ақ нарық қатысушыларымен жүргізілген сауалнамалар мен сұхбаттардың нәтижелері енгізілген.
Екінші күннің технологиялық бағытында қатысушылар АХҚО-ның цифрлық активтер экожүйесінің құрылымын, исламдық инвестициялық құралдардың дамуын және нарықтық инфрақұрылымның жаңа нысандарын қарастырады. «Дәстүрлі нарықтардан тыс: деривативтер мен болжам нарықтарын дамыту» атты сессияда AFSA, ITS, AIX, Bloomberg, Binance және Orient Capital Management өкілдері жаңа құралдарды қолдану және оларды реттеудің жаңа тәсілдерін талқылайды.
Бағдарламаның едәуір бөлігі зияткерлік меншікті инвестициялық активке айналдыруға арналған. «Креативті индустриялар активтердің жаңа класы ретінде» атты панельдік сессия музыка индустриясының, ойындар әзірлеу, цифрлық платформалар, венчурлық қорлар және инвестициялық компаниялар өкілдерін біріктіреді. Қатысушылар шығармашылық жобаларды қаржыландыру тетіктерін, зияткерлік меншікті монетизациялау модельдерін және креативті компаниялардың инвестиция тартуға дайындық өлшемшарттарын талқылайды.
Талқылаудың практикалық жалғасы Creative Pitch Day 2026 болады. АХҚО-ның креативті платформасы ұйымдастырушылары кино, музыка, ойындар әзірлеу және цифрлық контент салаларынан 100-ден астам өтінім қабылдады. Олардың 19-ы финалдық тізімге енген болатын, енді олар әлеуетті инвесторларға таныстырылады.
Форумның екінші күні бірқатар құжатқа қол қою жоспарланып отыр: АХҚО Жасыл қаржы орталығы, First Carbon Group Ltd. және Green Investment Group LLP арасында орнықты қаржыландыру, көміртегі жобаларын дамыту және инвестиция тарту саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға; АХҚО Жасыл қаржы орталығы мен «HYT-CAPITAL» ЖШҚ арасында орнықты жобаларды дайындау, құрылымдау және қаржыландыру, тиісті қаржы құралдарын дамыту және инвестиция тарту, оның ішінде Қазақстан мен Өзбекстанның капитал нарықтарының мүмкіндіктерін пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға; АХҚО мен Қазақстанның креативті индустриялар альянсы арасында креативті индустрияларды дамыту, креативті жобаларға инвестиция тарту және AIFC Creative Industries Platform платформасын одан әрі дамыту туралы өзара түсіністік туралы меморандумға; CodeCoin Tech Ltd. компаниясының Delta DA Ltd. және «Altyn Bank» АҚ-мен трансшекаралық қаржы қызметтері, финтех, активтерді басқару, сауданы қаржыландыру және төлем инфрақұрылымы салаларындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарына; сондай-ақ Astana International Exchange (AIX) пен Қырғыз қор биржасы (KSE) арасында ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстан мен Қырғызстанның капитал нарықтары арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою жоспарланған.
Сонымен қатар форум аясында AIX алаңында ерікті көміртегі нарығының көміртегі бірліктерімен сауда-саттықты салтанатты түрде іске қосу рәсімі өтеді. AIX халықаралық Verified Carbon Standard (VCS) стандарты бойынша верификацияланған көміртегі бірліктерімен сауда жасау үшін өзінің биржалық инфрақұрылымын ұсынған Орталық Азиядағы алғашқы биржа болады.
Сонымен қатар Tech Hub Ltd. және ōzen Қазақстан мен Орталық Азияда музыкалық роялтиді токенизациялау платформасын дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қояды.
Жасанды интеллектіге байланысты жаңа инвестициялық мүмкіндіктер «ЖИ капитал мен нарықтардың жаңа драйвері ретінде» атты сессияда таныстырылады. AIFC Insights талдау орталығы ЖИ-ді дамыту үшін қажетті есептеу қуаттарына, деректерді өңдеу орталықтарына, энергетикалық және телекоммуникациялық инфрақұрылымға арналған «AI as Infrastructure: Investment, Compute, Power and Capital Formation across Kazakhstan and the Turkic Space» есебін таныстырады.
Орнықты қаржыландыру блогы АХҚО мен ЭЫДҰ-ның табиғатқа байланысты қаржылық тәуекелдер жөніндегі бірлескен зерттеуінің алдын ала нәтижелерін таныстырумен жалғасады. Бастапқы талдау елдің қаржы секторы активтерінің шамамен 91%-ын құрайтын банк секторын қамтиды.
Көгілдір қаржыландыруды дамытуға арналған сессияда АХҚО Жасыл қаржы орталығы, БҰҰДБ және «Жасыл экономика» мүддесіне арналған іс-қимыл жөніндегі әріптестік (PAGE) Қазақстанның алғашқы Ұлттық көгілдір таксономиясы мен Көгілдір облигациялар шығару жөніндегі ұлттық нұсқаулығын әзірлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты таныстырады. Бұл құралдар су қауіпсіздігі, су инфрақұрылымын жаңғырту, ағын суларды тазарту және су экожүйелерін қорғау салаларындағы жобаларды қаржыландырудың бірыңғай өлшемшарттарын қалыптастыруға бағытталған.
Екінші күннің технологиялық бағытында қатысушылар жаңа қаржы құралдары мен оларды реттеудің тәсілдерін талқылайды. «Дәстүрлі нарықтардан тыс: туынды құралдар және болжам нарықтары» атты сессияда АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) әзірлеген оқиғаларға негізделген келісімшарттарды (Event-Based Contracts) тестілеуге арналған құқықтық негіз таныстырылады. Мұндай туынды қаржы құралдары бойынша төлемдер белгілі бір қаржылық немесе экономикалық оқиғаның орын алуына байланысты төленеді. Тестілеу тек АХҚО-ның FinTech Lab алаңында жүргізіледі. Бұл жаңа өнімдерді бақыланатын реттеушілік ортада сынауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, AFSA International Trading System Limited шығаруды жоспарлап отырған клирингтік қатысу сертификаттарын білікті инвестициялар ретінде таныды. Жаңа қамтамасыз ету құралы РЕПО мәмілелері арқылы өтімділікті басқару және қамтамасыз етілген қаржыландыруды тарту тиімділігін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ форум аясында АХҚО AIFC Reinsurance Hub – ірі корпоративтік, энергетикалық, инфрақұрылымдық және көліктік тәуекелдерді құрылымдау, бірлесіп андеррайтинг жасау және қайта сақтандыру жөніндегі өңірлік қайта сақтандыру хабын құру тұжырымдамасын таныстырады. Бастама Қазақстан мен Орталық Азиядағы қайта сақтандыру әлеуетін дамытуға, андеррайтинг сапасын арттыруға және нарық қатысушыларының халықаралық қайта сақтандырушыларға қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған. Хаб АХҚО-ның қаржылық және құқықтық инфрақұрылымын, оның ішінде арнайы реттеуші режим мен ағылшынның жалпы құқық нормаларын пайдаланатын болады деп болжануда. Ықтимал модельдің параметрлері мемлекеттік органдармен, реттеушілермен, сақтандыру қоғамдастығымен, инвесторлармен және халықаралық нарық қатысушыларымен бірлесіп қосымша пысықталатын болады.
Форумның бірінші күнінің қорытындысы AIFC Awards 2026 лауреаттарын жариялаумен аяқталды. Сыйлық АХҚО экожүйесін дамытуға, нығайтуға және халықаралық деңгейде ілгерілетуге елеулі үлес қосқан компаниялар мен ұйымдарға табысталады. Келесі номинациялар бойынша марапаттарға ие болғандар:
- «Активтерді басқару жөніндегі үздік компания» – OQAM Finance Ltd.;
- «Қаржы нарығын дамыту көшбасшысы» – International Trading System Limited;
- «Исламдық қаржы саласындағы жетістіктері үшін» – MIZAN Islamic Finance Ltd.;
- «АХҚО-да бизнесті құруға және дамытуға қосқан үлесі үшін» – Consult Engineering Group Limited;
- «Орнықты қаржыландыру және ESG саласындағы көшбасшылық» – Global ESG Partnership NPIO;
- «Үздік цифрлық клиенттік тәжірибе» – Ailat AI Ltd.;
- «АХҚО экожүйесін халықаралық деңгейде үздік ілгерілету» – Fonte Capital Ltd.;
- «АХҚО экожүйесін Қазақстанда үздік ілгерілету» – Abylai Global Solutions Ltd.
AIFC Legal Award 2026 аясында жылдың үздік заң фирмасы болып Sayat Zholshy Law Firm Limited, ал жылдың үздік заңгері болып Максим Бурак танылды.
Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін АХҚО-ның арнайы марапаттарына GulfLink Ltd., China International Capital Corporation (CICC), Shanghai Stock Exchange және Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігі ие болды.
Форумның маңызды бөлігі – қаржы институттарын, банктерді, инвестициялық және басқарушы компанияларды, сондай-ақ финтех және технологиялық жобаларды біріктіретін бірыңғай көрме платформасы AFD Exhibition Hub. Қатысушылар өз өнімдері мен шешімдерін таныстырып, іскерлік кездесулер өткізіп, әлеуетті серіктестермен және инвесторлармен тікелей байланыс орнатады.
Astana Finance Days 2026 серіктестердің қолдауымен өткізіледі. Форумның алтын серіктесі – Freedom; күміс серіктестері – Solidcore Resources, KAZ Minerals және ITS; қола серіктестері – LMAX Group және Teniz Capital Investment Banking; индустриялық серіктесі – Allur; крипто серіктесі – Binance; финтех серіктесі – Mastercard; ресми әуе тасымалдаушысы – Air Astana; халықаралық медиа серіктесі – Euronews, SCMP. Серіктестер қатарында сондай-ақ Orient Capital Management, Dana Capital Limited, BI Group, CICC, Roemer Capital (Europe), Masdar, E Fund Management (Hong Kong), Abylai Global Solutions, Symphony Digital Assets, Fitch Ratings, AmCham Kazakhstan, Solana, Halyk Finance, MYD Production, Atlas Capital, PwC, Anchorage Digital, Alif, Jupiter Jet, RCS Group, Zubr Capital, Vitis Capital, Amicorp, Code Coin және басқалары бар.
Ең оқылған:
- Тараздағы жұмбақ өлім: Ер адамды аяусыз ұрып-соғып, өз көлігімен ауруханаға әкелген
- Қазақстанда ауа райы құбылады: Синоптиктер болжам жасады
- Хуситтер Сауд Арабиясының төрт қаласына шабуыл жасады: 73 адам зардап шекті
- Алматыдан Лондонға бағыт алған Air Astana ұшағы Франкфуртқа қонды
- БҰҰ Трамптың Ай туралы мәлімдемесіне пікір білдірді