"Көмектеспесе, есімде болады": Трамп Ормуз бұғазы үшін коалиция жинап жатыр 

АҚШ президенті бұғазды қорғау үшін халықаралық коалиция құру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

 Nathan Howard/Getty Images Бүгiн 2026, 18:42
Бүгiн 2026, 18:42
331
Фото: Nathan Howard/Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО одақтастары мен серіктес елдерді Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесуге шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Axios басылымының мәліметінше, Трамп бұғазды қорғау үшін халықаралық коалиция құру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар ол стратегиялық маңызы бар Иранның Харк аралын бақылауға алу мүмкіндігін де қарастырып отырғаны айтылды.

Бірақ шетелдік БАҚ деректеріне сүйенсек, Ұлыбритания, Франция, Германия және Оңтүстік Корея әзірге Ормуз бұғазы аймағына әскери кемелерін жіберуге дайын емес. BBC шолушысының жазуынша, коалиция құру және бұғаздағы жағдайды тұрақтандыру жоспары жедел түрде әзірленіп жатыр.

Financial Times басылымына берген сұхбатында Трамп егер НАТО одақтастары оның шақыруына жауап бермесе, бұл альянстың болашағына кері әсер етуі мүмкін екенін айтты.

Біз оларға Украина мәселесінде көмектесуге міндетті емес едік. Украина бізден мыңдаған шақырым қашықта орналасқан. Соған қарамастан көмектестік. Енді олардың бізге көмектесетін-көмектеспейтінін көреміз, – деді АҚШ президенті.

Трамптың айтуынша, Ормуз бұғазының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне Қытай да қатысады деген үміті бар. Ол Бейжің бұл бастамаға қолдау білдірмесе, Қытай басшысы Си Цзиньпинмен жоспарланған кездесуін кейінге қалдыруы мүмкін екенін де мәлімдеді.

Air Force One ұшағының бортында журналистерге берген сұхбатында Трамп бұғазды «бақылауға алу» мәселесі бойынша шамамен жеті мемлекетпен келіссөз жүргізіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, егер кейбір елдер көмектеспесе, ол мұны «есте сақтайтынын» жеткізген.

Бұған дейін 14 наурызда Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында Трамп Қытай, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Ұлыбритания сияқты елдер Ормуз бұғазы аймағына әскери кемелер жіберіп, кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысады деген үміт білдірген. Алайда бұл мәселе бойынша нақты келісімдердің бар-жоғы айтылмаған.

Сонымен қатар Трамп АҚШ Иранның әскери әлеуетін толық жойды деп мәлімдегенімен, Тегеран кемелерге дрондар немесе қысқа қашықтықтағы зымырандар арқылы шабуыл жасауы мүмкін екенін жоққа шығармады.

Наверх