Комаға түскен әйел дені сау баланы дүниеге әкелді

6 Қыркүйек 2019, 11:43
2333
Бөлісу:
Комаға түскен әйел дені сау баланы дүниеге әкелді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аустралияның Квинсленд штатының тұрғыны комада жатып, дені сау баланы босанды. Бұл туралы The Sun хабарлады.

25 жастағы Кейтлин Стаббсқа (Caitlin Stubbs) артериялық-веналық мальформация диагнозы қойылған. Оны сәулелі терапия қабылдауға жіберген. Кейіннен жүкті болып қалған әйел іштегі нәрестеге зиян болмас үшін сәулелі ем қабылдаудан бас тартқан. 23 шілдеде жүктілігінің 8-айында (32 апта) кенеттен Кейтлиннің миындағы қантамырлары кеңейіп кетіп, аневризмге ұшырайды. Салдарынан жүкті әйел комаға түсіп қалды. 24 шілде күні түнде дәрігерлер шұғыл түрде операция жасап, кесарь тілігі арқылы әйелді босандырып алды.

«Ол басының жиі ауыратынын, өзін жайсыз сезінетінін айтып шағымданатын. Жүрегі айнып, құса бастаған кезде мен бірден жедел жәрдем шақырдым. Дәрігерлер оның таңертеңге дейін тірі қалуы екіталай екенін айтты. Дегенмен, мен үмітімді үзбей, оның тірі қалатынына сенімді болдым», - деп еске алады әйелдің жұбайы Джонатон Уэлш (Jonathon Welsh).

Қазір Стаббс әлі де комада жатыр. Оған кешенді ем қабылдау керек. Оның ішінде эрготерапия, физиотерапия курсын қабылдап, логопедпен жұмыс істеу қажет. Әйелдің туыстары краунфандингілік платформа арқылы оның еміне ақша жинап жатыр.

2 қыркүйекте Куин (Quinn) есімді жаңа туған нәресте әкесімен бірге үйіне шығарылды.

«Сақалыммен қыттықтаған сайын ол күлімсірейді. Бір қызым үйде, енді екінші қызымыз да үйге оралар деген үміттеміз», - деді Уэлщ.

Дәрігерлер, Стаббстың денсаулық жағдайына және оны алда не күтіп тұрғанына қатысты түсініктеме беруден бас тартты.

Өзгелердің жаңалығы