Қолымыздан ештеңе келмесе, Мәжілісте неге отырмыз? – Қазыбек Иса

23 Маусым 2021, 13:22
11147
Бөлісу:
Қолымыздан ештеңе келмесе, Мәжілісте неге отырмыз? – Қазыбек Иса

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясы мүшесі Қазыбек Иса бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР вице-премьері Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жасады.

Оның айтуынша, 3 маусымда ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени комитеті «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудағы шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдардың рөлі» атты жиын өткізген.

Осы жиында кеңінен талқыланғандай, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру үшін ең алдымен өз болмысымызды жат болмыстан қорғай білуіміз керек! Бүгінгідей жаһандану дәуірінде жат болмыстан қорғануда ақпараттық-рухани қауіпсіздіктің рөлі зор! Ал біздің телеарналардағы қаптаған өзге елдің телесериалдарының елге әсері үкіметтің бұйрықтары мен парламенттің заңдарынан да ықпалды болып кететінін ұмытпайық. Кейде теріс тәрбиеге, ұлтсыздыққа шетелдік ақпараттық экспансиямен бірге өзіміздің ұлттық ұғымнан жұрдай түрлі фильмдеріміздің де, жеңіл күлкіге құрылған сайқымазақтық шу мен шоулардың әсері аз емес. Ел телеарналарына тізесі жалтыраған жыртық шалбарлы әншілер шығып жатқанда, жалпы осы біздің идеологиямыздың өзі бүтін бе деп ойлауға тура келеді кейде, - дейді Қазыбек Иса.

Оның айтуынша,іс жүзінде мемлекеттің стратегиялық серіктесі және қоғамдағы ұлттық идеялардың қозғаушы күші болуға тиіс шығармашылық одақтар қазір қаржылық қиындықтардан шыға алмай, өз күндерін зорға көріп келе жатыр.

Қандай елдің дамуында да, ең алдымен мәдениеттің маңызы зор! 

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Англияның әйгілі премьер-министрі Черчилльге қаржы министрі ел бюджетін көрсетеді. Сонда ол «Мәдениеттің шығындары қайда?» деп сұрайды. «Қайдағы мәдениет соғыс кезінде?» депті министр. Сонда Черчилль: "Ал біз онда не үшін соғысып жатырмыз, егер мәдениетті қорғап қала алмасақ?" деген екен. «Егер тілің мен мәдениетіңді сақтай алмасаң, шекараңды аша сал, бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес!»,-деп Нельсон Мандела турасын айтқандай, елдің ең басты қорғаны - тілі мен мәдениеті.Сондықтан ұлттық мүддемізді қорғауға лайық болуы үшін, мәдениетіміздің мәйекті болуына басты назар аударуға тиістіміз, - дейді депутат.

Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен былтыр Шығармашылық одақтарды қолдау қоры құрылған қазір бұл қордың жұмысы әлі жүрмей жатқанын айтты. 

Шығармашылық одақтар қаржы жоқ деп шырылдап жүр. Ал Мәдениет министрлігіндегі шығармашылық одақтарды қолдау үшін бюджеттен бөлінген 257 миллион теңге де игерілмей қалды. Себебі, шығармашылық одақтар құжаттары конкурстық талаптарға сәйкес келмеді дейді министрлік. Өздері күн көре алмай отырған шығармашылық одақтар осылай құдайдың өзі жіберіп тұрған өздеріне тиесілі сыбағасынан айырылып отыр. Мұны қазақ «Кедейдің аузы сүтке тигенде, мұрны қанайды» дейді. Осындай қаржылық қиын жағдайда, шығармашылық одақтар өз мүшелеріне қалай қолдау жасай алады? Негізінен, шығармашылық одақтардың қиын жағдайы оларды қаржыландыру тетіктерінің заңнамалық тұрғыда тиімді жолға қойылмағандығынан болып отыр, - дейді мәжілісмен. 

Ол ұлттық болмысымызды қалыптастыруда маңызы зор шығармашылық одақтардың рөлін арттыру үшін мемлекеттің стратегиялық серіктестігі ұғымын енгізу кезек күттірмес мәселе деп отыр.

Биыл Тәуелсіздігіне 30 жыл толып жатқан елімізде, соғыс кезі емес, құдайға шүкір бейбіт кезеңде мәдениетіміз бен тілімізді сақтап қала алмасақ, біз не үшін отырмыз бұл жерде? Егер Үкімет бұл мәселені жақын арада шешпей, сүйрете беретін болса, біз заңға өзгерістер енгізуді өз қолымызға аламыз, -деді Қазыбек Иса.

Депутат осы ретте Үкіметке мынандай ұсыныс айтты:

1.Шығармашылық одақтарды қаржыландыруды заңнамалық тұрғыдан шешу үшін оларға мемлекеттің стратегиялық серіктесі статусын беру керек;

2.Шығармашылық одақтардың мемлекетпен әріптестік қызметін жандандыру үшін мәдениет пен өнерді дамыту гранттарын тағайындау қажет;

3. Ұлттық болмысымызды жат болмыстан қорғау үшін ұлттық идеологиялық, Ақпараттық-рухани қауіпсіздік тетіктерін жасауды шұғыл қолға алуға тиіспіз.

Өзгелердің жаңалығы