Колумбияның батысында болған қуатты жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 254 адамға жетті. Құтқарушылар үйінді астында қалған адамдарды іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Reuters-тің жазуынша, дүйсенбі күні болған магнитудасы 7,4 жер сілкінісі елдің кофе өндіретін аймағына елеулі залал келтірді. Перейра қаласында 101 адам, Калида 95 адам қаза тапқаны хабарланды. Эпицентрге жақын орналасқан Чоко аймағында да көптеген елді мекен электр қуаты мен негізгі қызметтерден ажыраған.
Құтқару жұмыстары түні бойы жалғасты. Мамандар үйінділерді арнайы техникамен аршып, тірі қалғандарды іздеді. Құтқарушылар адамдардың даусын есту үшін кей учаскелерде жұмысты тоқтатып, тыныштық сақтауға мәжбүр болды.
Жер сілкінісінен тұрғын үйлер, мектептер, медициналық орталықтар мен басқа да ғимараттар қирап, мыңдаған адам баспанасыз қалды. Кейбір нысандарда ірі жарықтар пайда болған.
Калиде құтқарушылар үйінді астынан тірі әйелді алып шыққанда, оқиға орнына жиналған жұрт қуанышпен қарсы алды. Алайда қалалық мәйітхана қаза тапқандардың көптігіне байланысты толып кеткен.
Табиғи апат елдің көлік және инженерлік инфрақұрылымына да әсер етті. Алты әуежай уақытша жабылып, ондаған жол зақымданған. Чоко аймағының бірқатар елді мекенінде электр, су, байланыс және медициналық қызмет көрсету жүйелері әлі де бұзылған.
Сейсенбі күні таңертең жер сілкінісінен кейінгі жүзге жуық қайталама дүмпу тіркелді. Осыған байланысты тұрғындар қауіпсіздік мақсатында ашық алаңдарда қалуға мәжбүр болған.
Билік зардаптың нақты көлемін анықтау үшін бірнеше күн қажет болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Колумбия президентіне көңіл айту жеделхатын жолдаған еді.