Колумбия халқы үкіметке неге наразы

23 Қараша 2019, 07:29
2284
Бөлісу:
Колумбия халқы үкіметке неге наразы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Колумбия қалаларында үкіметке қарсы жаппай наразылық акциялары басталды, деп хабарлайды 24.kz. 


Ереуілдің алғашқы күнінде-ақ 100-ден астам тұрғын зардап шеккен. Билік өкілдері ереуілшілерді сабырға шақырып, көшеге күзетті шығарды. Тіпті шекара шегенделіп, ондағы бақылау да күшейтілген. Колумбия тұрғындары жаппай бейбіт шеруге шықпақшы болған. Бірақ кәсіподақ пен оппозицияның араласуынан кейін шеру соңы қақтығысқа әкеп соқты. Латын Америка елдерін үкіметке қарсы ереуілдер жайлап барады. Бір жыл ішінде ауқымды толқулар Венесуэла, Чили, Боливияда өтті. Бұл жолы кезекті көтеріліс Колумбияда басталды.

Жергілікті тұрғындар ел президенті Иван Дукенің саясатына көңілі толмай, жаппай бейбіт шеруге шығуды жоспарлайды. Десе де, кәсіподақ пен оппозицияның қолдауынан кейін көшеге шыққан 207 мың халық ереуілдете бастады. Бір ғана Кали қаласының өзінде тәртіп сақшыларымен болған қақтығыстан 100-ден астам адам зардап шекті. 115 ереуілші тұтқындалған. Билік өкілдері шаһарда коменданттық сағат енгізді.  
Ел қауіпсіздігі үшін барлық шекараны уақытша жаптық. Билік өкілдері ереуілге шығып, заңға қарама-қайшы әрекет еткен қылмыскерлерді жазаға тартады. Ұлттық әскер сақадай сай тұр. Көшедегі күзет күшейтілді. 8 мың әскер Богота, Медельин, Кали, Барранкилье, Картахене, Букараманге, Перейре және Пастоға жіберілді, - деді Колумбия қорғаныс министрі Карлос Холмс Трухильо.

Жалпы ереуілдің мақсаты не? Тұрғындар үкіметке неге наразы? Мәлім болғандай, халықтың басым бөлігі президент ұстанған әлеуметтік-экономикалық саясатқа көңілі толмайды. Десе де, ереуіл ұйымдастырушылар нақты үш себепті айтты. Бірінші – зейнетақы және еңбек реформасы. Жаңа жүйе бойынша колумбиялық қызметкер еңбек өтілі кезінде үнемдеген қаражатымен ғана зейнетке шығады. Жастар үшін ең төменгі жалақы сомасы азайтылған. Екіншіден, мемлекеттік мекемелер мен университеттерде жемқорлық етек жайған. Үшіншіден, жұмыссыздық деңгейі 10,2 процентке, электр энергиясының құны 35 процентке қымбаттаған. Нәтижесіз реформаның салдары осындай жаппай ереуілге әкелді. Наразы халық Боготада конргесс пен қала әкімшілігінің ғимаратын қиратқан. Кали, Каук, Картахен, Медельинде ереуілдер жалғасып жатыр. 

"Өз құқығын жаһанға жар саламын деп, өзгелердің құқығын таптауға болмайды". Бірнеше қалада өткен ереуілдерге мемлекет басшысы Иван Дукенің өзі осылайша твиттерде ғана жауап қатты. Сондай-ақ ол тұрғындарды сабырға шақырып, арам пиғылды ереуілшілерге алданып қалмауды ұсынған. Ал сарапшылар Дукенің үкіметі әлсіз екенін айтады. Колумбиядағы ереуілге көршілес елдердің толқыны әсер етті дегендер де табыла кетті.
Колумбиядағы ереуілдерге көршілес елдердегі жағдай әсер етіп отыр. Сондай-ақ Иван Дуке Вашингтонмен серіктестігіне қарамастан, халық алдында өз міндетін орындай алмады. Мәселен, Венесуэламен арадағы шекараны жаппады. Босқындар ағыны тұрғындардың жағдайына тікелей әсер етті. Дуке мен оның министрлер кабинеті өте әлсіз. Көшеге шыққан халықты тоқтата алмайды. Бұл жағдайдың соңы президенттің отставкаға кетуіне әкелуі мүмкін, - деді сарапшы Владимир Сударев.

Айта кетейік, әлемдік сарапшылар 2019 жылға әлем бойынша «Ереуілдер жылы» деген атау бермек. Шынында, латын америкалық елдерде жыл басында басталған дағдарыстар әлі де тұрақталар емес. Ал Колумбиядағы жағдайды "араб көктемі" мен "латын америка күзінің" шарықтау шегі дейді сарапшылар.  

Соңғы ақпарат бойынша, ереуілшілерге қарсы көз жасаурататын газ қолданылып жатыр. Бірнеше қалада коменданттық сағат енгізіліп, ішімдік сатуға тыйым салынды. 




Өзгелердің жаңалығы