Көлсай кереметтері. Туристің көзімен

9 Қазан 2020, 12:40
8258
Бөлісу:
Көлсай кереметтері. Туристің көзімен
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның жері кең байтақ, табиғаты әсем. Осындай бай табиғатымен көзге түсетін, туристер көп баратын жердің бірі – Алматы облысындағы Көлсай, Қайыңды көлдері.

Қазіргі таңда интернет дамып, әлеуметтік желілердің заманы болғандықтан болар, еліміздің сұлу жерлерін желіде жарияланған суреттер, видеолар арқылы тамашалауға болады. Дегенмен ондай сұлулықты өз көзіңмен көргенге не жетсін?!

Осы ретте Нұр-Сұлтаннан Алматыға Көлсай көлдерін көруге арнайы барған қазақстандық туриспен сәйлестік. Гүлтай Ұлықбекқызы Алматы облысының ерекше табиғаты, туристерге қандай жағдай жасалғаны, сондай-ақ, қанша қаражат керек екендігі жайында айтып берді.

 Көлсай сапары

Көлсай – түрлі биіктікте орналасқан Алматы облысындағы кіші өзендер суынан пайда болған үш көл.

Көлсай кереметтері. Туристің көзімен

Мен тур агенттік арқылы осы аймаққа саяхаттап келдім. Ол ерекше изумруд түстес және сондай тыныш, үлкен екенін көрдім. Биік, ғасырлар бойы өсіп тұрған Тянь-Шань шыршаларының қалың бұталары тау баурайын алып тұр. Олар бір қарағанда әдемі көлді құшақтап тұрғандай. Көл бетінде қайық, катамаранмен әдемі көріністі тамашалап жүргендерді кездестіруге болады. Кей саяхатшылар тамаша пейзажды кадрға түсіріп жүр. Ал біреулері тыныштық пен шабыт іздеп, тау бөктерінде жүрді. Бұл көлдің тыныштығын сезініп, мөлдір судың үстіндегі жеңіл буды байқап үлгеру үшін таңертең барған дұрыс, - деді жас турист.

Сондай-ақ, Гүлтай айтқандай, суретке түскенде де бөгде адамдар еш кедергі келтірмейді.

Көлсай кереметтері. Туристің көзімен

Егер тур арқылы баратын болсаңыз, онда үңгірге барыңыз және ол туралы қызықты әңгіме тыңдаңыз, - дейді ол.

 Қайыңды сапары

Бұл көлге жету өте қиын болды. Биікке көтерілетін және қайта түсетін, атқа мінуге болмайтын орман жолдары. Нұсқаушы және менің жақсы досым Галия айтқандай, ең қиын жол ең әдемі жерге апарады. Қиын жолдан өткеннен кейін біздің тур авторлары тыныштық пен ерекше сұлулыққа толған керемет көріністі ашты. Мен сізге бір құпияны айтайын: көлдің ортасында қарапайым таяқшалар емес, олардың тамыры тірі және көлдің тереңіне жайылған нағыз шыршалар, - деп атап өтті Гүлтай Ұлықбекқызы Қайыңды туралы.

Көлсай кереметтері. Туристің көзімен

Оның айтуынша, жол-жөнекей бұлақтан су ішіп, ерекше көріністерді тамашалауға мүмкіндік бар.

 Айтпақшы, біз оған таңғы 7-де бардық, қайтып оралғанда сағат 11 болды. Осы уақыт аралығында көл өз түсін өзгерткенін байқадық. Табиғаттың тылсым құбылыстарына осыдан кейін қалай таңғалмайсың?! Сізді қоршаған керемет орман алқабын көргенде адамның табиғат алдында соншалықты маңызды емес екенін еске салады. Бұл саяхат менің есімде мәңгі қалады. Бұл сұлулықтың бәрі менің кең байтақ елімде болғанына қуанамын және мақтанамын, - дейді елордалық саяхатшы.

Қанша қаражат кетті?

Қалтаңыздан шыққан ақшаның бәрі бекер емес екенін бірден айтайын. Себебі бірге таңдаған турфирма да, ондағы саяхатшылар да көңілімнен шықты. Көлсай-Қайыңды туры 17 500 теңге тұрады. Оған көлік және тамақтану, қонақ үйден жатын орын кіреді, - деді тур бағасы туралы Гүлтай.

Ол Нұр-Сұлтаннан Алматыға ұшақпен барып келген. Билеттің барып-қайту құны 26 000 теңгеге шыққан.

Көлсай кереметтері. Туристің көзімен

Алматыда досымның үйінде қонақтағандықтан үй жалдамадым. Саяхат кезінде де көп ақша жаратпадым. Дегенмен, өзіңмен бірге қолма-қол қаражат алған дұрыс. Себебі саяхатқа шыққан табиғат аясында банкомат, интернет жоқ, - деп атап кетті елордалық Гүлтай.

Оның сөзінше, тур агенттік өз туристері үшін жатын орынды да қарастырған. Топпен бірге алдымен Алматыдан Саты ауылына жетіп, сол жерде жайғасып алған. Алматыдан ауылға дейін жол шамамен 5 сағаттай уақытты алады.

Көлсай кереметтері. Туристің көзімен

Осы шағын ауылда агенттік ұйымдастырған қонақ үйлерге жайғастық. Оның бағасын, тамақтану, тағысын тағы тур ұйымдастырушылары алдын ала келіскен. Үйде барлық жағдай жасалған. Үлкен асханасы да бар, - деді турист Саты ауылы жайында.

    «Қазақстанның барлық өңірін аралап үлгермедім»

Әр түрлі жастағы, тіпті мінез-құлқы да түрлі адамдармен бірге бір автобус толды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған осы туристермен бірге саяхаттадық. Тіпті осы тур үшін Ақтаудан келгендер де бар. Көпшілігі Алматыда тұрып, жұмыс істейді. Мысалы, мен өзіммен қатар жас жігіттер мен қыздарды көріп шабыт алдым. Себебі олар жан-жақты, жоспарлары мен армандары нақты азаматтар, онымен қоса бірнеше тілде еркін сөйлейді, - дейді қасындағы бейтаныс саяхатшылар жайында.

Гүлтай Ұлықбекқызы Қазақстанның барлық өңірін әлі аралап үлгермегенін айтты.

Көлсай кереметтері. Туристің көзімен

Бурабайда болдым, оның түрлі әдемі жерлерін араладым. Одан бөлек, Балқашқа да саяхаттаған болатынмын. Балқаш өзінің табиғатымен, көлінің ерекшелігімен танымал. Ал Қарқаралы Алматы облысының табиғаты мен климатынан өзгешерек. Мысалы, Көлсай, Қайыңдыда көбіне орман алқаптары биік шыршаларды құраса, ал Қарқаралыда басым бөлігі қарағайлар. Осындай айырмашылықты байқауға болады. Ал таулары желдің әсерінен болар тастары қабат-қабат болып орналасқан, Алматы облысында таулар айтарлықтай басқаша, ауқымды, - деді ол өзі болған елдегі туристік жерлердің айырмашылығы туралы.

Сондай-ақ Гүлтай елордада да туристер баратын жерлер аз емес екенін айтты.

Қаланың өзінде тұрғындар бара бермейтін, біле бермейтін «Мәңгілік ел» триумфальді қақпасы бар. Ол да туристік жер. Одан бөлек саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Алжир» музейіне де барып, тарихқа көз жүгіртіп, осындай оқиғалардың болғанын да ұмытпау керек екенін білген жөн. Астанаға келушілерге осы музейге баруға кеңес беремін, - дейді ол.

Қазақстанда туризмді дамытуға не жетіспейді?

Саты ауылында болғанда, көлге барғанда да менің байқағаным, жергілікті тұрғындар келушілерге өз қызметтерін ұсынып отыр. Мысалы, сол тұрғындар жылқыны да, үйлері маңайынан салынған қонақ үйлерді де туристерге жалға беріп отыр. Мұның барлығы тиісті министрлік емес, тұрғындардың өз күшімен жасалуда. Яғни, бұл - олардың жеке кәсібі. Дегенмен, қайда барсаң да туристерге ең қажеттісі әжетхана ғой, бұл аймақта бұл жөнінен ешқандай проблема байқалмады. Қайыңдыда тұрғындар туристерге арнап киіз үй орнатқан. Ол жерде де тынығуға болады. Ал жол мәселесіне келетін болсақ, Көлсайға дейін автобуспен жақсы жеттік, Ал Қайыңдыға дейін таулы жер болғандықтан болар жол қотыр болды. Арнайы жол салынбаған, - дейді елордалық турист.

Сөз соңында Гүлтай Ұлықбекқызы қазақстандықтарды еліміздің әдемі жерлерін аралауға кеңес берді.

Көлсай кереметтері. Туристің көзімен

Жаңа дүниені үйренгенді, танығанды жақсы көремін. Басқаларды да жаңаны үйренуге шақырамын, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы