Астанада аккумулятор ұрлаған күдікті ұсталды. Ол ұрлаған заттарды таксимен тасыған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бір тәуліктің ішінде елорда тұрғыны 8 аккумулятор ұрлаған.
Белгілі болғандай, бір күнде бірден үш жүк көлігінің иесі полицияға шағым түсірген. Белгісіз біреу қаланың әртүрлі аумақтарында тұрған ауыр жүк көліктерінен алты аккумуляторды ұрлап кеткен.
Көп ұзамай тағы бір ұқсас арыз тіркеліп, жүк көлігінен екі аккумулятордың жоғалғаны анықталды. Полицейлер бұл ұрлықтарды бір ғана адам жасауы мүмкін деп болжап, аккумулятор батареяларын нысанаға алғанын анықтады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Байқоңыр аудандық криминалдық полиция қызметкерлері 29 жастағы азаматты анықтап, ұстады. Ол әр көліктен екі аккумуляторды бұрап алып, таксимен үйіне жеткізіп, кейін метал қабылдау орнына тапсырып үлгергенін мойындады. Келтірілген жалпы шығын көлемі 700 мың теңгеден асты, - деп хабарлады Астана қаласының ПД баспасөз қызметі.
Аталған фактілер бойынша күдіктіге қатысты қылмыстық іс тіркелді. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Астана қаласы Полиция департаменті соңғы уақытта ұрлық фактілерінің жиілеп кетуіне байланысты көлік құралдарын дабылқаққыш құрылғылармен жабдықтап, бейнебақылау камераларымен қамтылған күзетілетін тұрақтарға қоюды ұсынады.
Еске салайық, бұған дейін Астана тұрғыны көлігін пәтерге айырбастамақ болып, тақырға отырғанын хабарладық.