ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов «24KZ» телеарнасына берген сұхбатында Үкіметтің 2023 жылы Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту бойынша атқарған жұмысы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Үкімет басшысының айтуынша, логистика жақын арада ел экономикасының жаңа «өсу нүктесіне» айналуы тиіс.
«Қазақстан территориясы арқылы 13 халықаралық дәліз өтеді, оның 5-і теміржол, 8-і автомобиль бағыттары. Биыл транзиттік тасымалдардың жалпы көлемі 21%-ға өсіп, 30 млн тоннаға жетті», — деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ ол елімізде 4 жаңа теміржол желісінің құрылысы басталғанын еске сала кетті.
«Өткен аптада біз Қытай бағытында жаңа теміржол құрылысын бастадық. Бұл – “Бақты – Аягөз” желісі. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін 28 млн-нан 48 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, оңтүстіктегі өткізу тораптарындағы кептелістерді жоюға және қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік береді», — деді Премьер-Министр.
Өткен айда «Дарбаза – Мақтаарал» жобасы бойынша жұмыстар басталды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жаңа теміржолдың салынуы республиканың транзиттік әлеуетін кеңейтіп, Парсы шығанағы мен Үндістанға шығуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Алматы станциясын айналып өтетін теміржол желісінің құрылысы басталды. Жоба жүзеге асырылғаннан кейін Алматы торабы 40%-ға жеңілдеп, жүктерді жеткізу уақыты айтарлықтай қысқармақ.
Сонымен қатар «Достық – Мойынты» учаскесінде (800 км астам) екінші жолдардың құрылысы жалғасып жатыр. Бұл жоба өткізу қабілетін 5 есеге арттырып, Қытай бағытындағы контейнерлік пойыздардың жылдамдығын арттырады.
«Егер соңғы 30 жылда елімізде небәрі 2500 км теміржол салынса, алдағы 3-4 жылда біз 1300 км астам теміржол саламыз», - деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр теңіз көлігін дамыту мәселесіне тоқтала келе, Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы тасымалды арттыру бойынша шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
«2025 жылға дейін Ақтауда контейнерлік хаб салынады. Құрық портында астық терминалы іске қосылды. Сондай-ақ мұнда “Саржа” көпфункционалды терминалының құрылысы жүріп жатыр», — деді ол.
Оның айтуынша, автокөлікпен жүк тасымалы да ерекше маңызға ие. Бүгінде олар 42 елге 8 транзиттік автомобиль дәлізі бойынша жүзеге асырылады.
«Автокөлікпен жүк тасымалын одан әрі дамыту мақсатында 11 мың км жол құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, оның 7 мың км республикалық желі ішінде. Осы және басқа да шаралардың арқасында біз көлік қызметінің көлемін айтарлықтай арттыруды көздеп отырмыз», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерімен Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту бойынша бірлескен жұмыс жалғасуда.
«Біз олармен бірге тиісті жол карталарына қол қойдық. Мақсат – дәліз бойынша Каспий теңізіндегі порттардағы, Әзербайжан және Грузиядағы теміржолдар бойындағы және Түркиядағы барлық “тар” жерлерді жою. Қазір бұл жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр», — деп түйіндеді Премьер-Министр.