Көлік министрі балалар арбасына қатысты ата-аналардың өтінішіне жауап берді

Министр балалар арбасымен қоғамдық көлікке кіруге тыйым салынбайтынын айтып, тиісті ережелерді қайта қарауға жібергенін мәлімдеді.

 istockphoto.com 15 Қараша 2026, 14:26
15 Қараша 2026, 14:26
47
Фото: istockphoto.com

Көлік министрлігі қоғамдық көлікте балалар арбасын алып жүруге қатысты ережелерді қайта қарауға жіберді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, ешкім ата-ананы кішкентай баласымен жүргені үшін арбасын жинауға немесе автобустан түсуге мәжбүрлей алмайды.

Көлік министрі ретінде қоғамдық көліктің балалы отбасылар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болуы мен үшін аса маңызды, – деді ведомство басшысы.

Әсел Жанасова ата-аналардан келіп түскен өтініштер мен сауалдарды ескергенін атап өтті. Оның сөзінше, ережелерді қайта қарау туралы шешім екіұшты түсіндірулерге жол бермеу, сондай-ақ жолаушылардың қолайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.

Министр балалар арбасымен қоғамдық көлікке кіруге тыйым салынбайтынын және мұндай шектеу енгізілмейтінін жеткізді.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде балалар арбасымен қоғамдық көлікке кіруге тыйым салынатыны және автобус іші лық толы болса, ата-аналар арбаны жинауға міндетті екені туралы ақпарат тараған еді. Осыған байланысты ата-аналар арасында сұрақ туындап, Көлік министрлігіне өтініштер түскен.

Наверх