Көлік мәселесін шешуді соза берсек, қала кептелістен көз ашпайды - Президент

11 Шілде 2023, 13:46
727
Бөлісу:
Көлік мәселесін шешуді соза берсек, қала кептелістен көз ашпайды - Президент
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңесте осылай деді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президенттің сөзінше, ірі қалада халықтың тұрмыс сапасына қоғамдық көлік пен жол кептелісі тікелей әсер етеді.

Ірі қалада халықтың тұрмыс сапасына қоғамдық көлік пен жол кептелісі тікелей әсер етеді. Сондықтан, көлік инфрақұрылымын дамытудың айрықша мәні бар. Жуырда Алматыға сапарым барысында қоғамдық көлікті және электронды билет сату жүйесін басқару орталығының жұмысымен таныстым. Бұл саладағы цифрландыру ісі өзінің тиімділігі жоғары екенін көрсетіп отыр. Сондықтан елорда әкіміне Алматының оң тәжірибесін ескере отырып, қоғамдық көлікті диспетчерлік басқару жүйесін қолданысқа енгізуді және дамытуды тапсырамын, - деді ол.

Сонымен қатар Тоқаев LRT мәселесін көтерді.

Сондай-ақ мен қаңтарда LRT-ға қатысты жұмысты тездетіп аяқтауды тапсырдым. Нақты мерзімдер айқындалды. Тұрғындарға уәде берілді. Енді осы жобаны дер кезінде аяқтау керек. Бұл жұмысқа біраз қаражат бөлінді. Бірақ, нақты нәтиже жоқ. Көлік мәселесін шешуді соза берсек, қала кептелістен көз ашпайды. Бұл үлкен дағдарыс тудыруы мүмкін. Сондықтан, мәселені оңтайлы шешу қажет. Әйтпесе, экономикалық шығынға тап боламыз. Адамдар уақыт жоғалтады, қалаға экологиялық зиян келеді, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек ол Астанадағы көші-қон мәселесі жайлы сөз қозғады.

Көлік саласындағы жағдайдың ушығуына көші-қон мәселесі де ықпал етіп отыр. Жыл сайын Астанаға 50-60 мың адам келеді. Бұдан бөлек, күн сайын жақын маңдағы елді мекендерден 150 мың адам келіп кетеді. Мұның бәрі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға айтарлықтай салмақ түсіреді. Сол себепті, көші-қон үдерісін тиімді реттеу қажет, яғни, пәрменді шаралар қабылдау керек. Негізінен, көп адам қалаға жақын жерлерден жұмыс істеуге келеді. Сондықтан бұл саланы нақты реттеп, бақылау күшейтілуге тиіс, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Үкімет Астананың, Ақмола және Қарағанды облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, елорда агломерациясын дамытуды ойластыруы керек екенін айтты.

Арнайы құжат қабылдау қажет. Онда тұрғындардың пікірі және қалаға қатысты мәселенің бәрі ескерілуге тиіс. Сондай-ақ Астананың, жақын маңдағы облыстардың әкімдіктері, мәслихаттары және қоғамдық кеңестері арасында өзара тиімді қатынас орнату маңызды. Елорда және оның төңірегінде орналасқан елді мекендер біркелкі дамуы керек. Олардың арасында көп айырмашылық болмауға тиіс. Сол үшін нақты шаралар қабылдаған жөн. Бұл, әсіресе, әлеуметтік салаға қатысты мәселе. Бір сөзбен айтқанда, бас қала маңындағы елді мекендерді көркейту қажет. Олар өмір сүруге барынша қолайлы болуға тиіс, - деді Президент.

Өзгелердің жаңалығы