Көлігін соққаны үшін кінәлінің көлігін заңсыз айдап кеткен азамат ұсталды

29 Наурыз 2021, 10:17
993
Бөлісу:
Көлігін соққаны үшін кінәлінің көлігін заңсыз айдап кеткен азамат ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Ер адамның айтуынша, оның «Ауди А4» маркалы автокөлігін өзіне таныс емес азамат заңсыз айдап кеткен. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл жайтты полицейлер ҚК-нің 200-бабы «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

Хабарлама алысымен оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шарасының нәтижесінде,  небары 30 минут ішінде жәбірленушінің көлігін тапты. Күдіктіні ұстап, оны аудандық полиция бөліміне жеткізді. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. 

Тергеу барысында, күдікті мен жәбірленуші арасында автоұрлығы жасалмас бұрын жанжал болғаны белгілі болды. Яғни, Түлкібас ауылы көшелерінің бірінде жәбірленуші күдіктінің тоқтап тұрған көлігін соғып кетеді. Осы сәтте араларында дау туындайды. Ал ашуланған күдікті өзгенің автокөлігін заңсыз айдап кетеді. Полицейлер екі көлікті де айыптұрағына қойды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде, - делінген хабарламада.

Жәбірленуші жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы бойынша «Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы» хаттама толтырылып, жауапқа тартылды. 



Өзгелердің жаңалығы