Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында биыл жаңадан абаттандырылған аулалар мен қоғамдық кеңістіктердің саны айтарлықтай артатынын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Абаттандырылған қоғамдық кеңістіктер бос уақытты таза ауада әрі денсаулыққа пайдалы күйде өткізіп қана қоймай, жастардың әлеуетін ашуына да, оны іске асыруына да септігін тигізеді. Себебі осындай ашық кеңістіктерде шығармашылық кештер өткізу үшін арнайы түрде сахналар мен алаңдар орнатамыз. Биыл жаңадан абаттандырылған аулалар мен қоғамдық кеңістіктердің (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) санын айтарлықтай арттырамыз. Тағы 200-ден астам аумақты абаттандыруды жоспарлап отырмыз, олар жұртшылық үшін міндетті түрде тартымды орындардың біріне айналады, – деді Көлгінов.
Сондай-ақ ол қаланы жаяу аралау кезінде бірнеше қоғамдық кеңістікке барғанын айтты.
Қаланы жаяу аралау кезінде бірнеше қоғамдық кеңістікке бардым. Олар: «Demalys Promenade» демалыс күні серуендеуге арналға көше (Ә.Мәмбетов көшесі бойында), «Жастар» сарайынан «Музыкалық жас көрермендер театрына» дейін жалғасатын «Театральный» жаяу жүргіншілерге арналған желекжолы, арбат (қалалық саябақ). Осылайша, «Demalys Promenade» пен «Театральный» желекжолын абаттандыру – қаланың тарихи тұсында тұрғындардың бос уақытын жайлы өткізуі үшін шағын аудан ашуға, сол сияқты жаяу жүру белсенділігін арттыруға және осы бағытты ары қарай жағалаумен байланыстыруға мүмкіндік берді. Осындай тартымды орындарды ашуды жалғастыра береміз. Мәселен Желтоқсан – Сейфуллин, Бейбітшілік және Омаров көшелерінде, №1 емхананың жанында тағы бір қоғамдық кеңістік ашуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты қараусыз қалған «Жерұйық-2» саябағын (Б.Момышұлы мен Төлебаев көшелерінің қиылысы) абаттандырамыз. Онда ойын алаңдары, волейбол және баскетбол алаңдары, ворк-аут аймағы, серуендеу инфрақұрылымы, демалыс аймақтары және т.б. болады.
Сонымен қатар биыл күтімсіз қалған учаскелер мен бос орындар саны азатынын айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында қаланың барлық ауданында, әсіресе елді мекендерде аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыратын боламыз. Осылайша, биыл күтімсіз қалған учаскелер мен бос орындар саны айтарлықтай азаяды. Өткен жылдары біз 500-ден астам аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандырған болатынбыз. Сол сияқты бұқаралық спортты дамытуға да басымдық беріледі. Қоғамдық кеңістіктер бүлдіршіндер мен жастар үшін де, аға буын үшін де уақытын пайдалы өткізетін тартымды орталықтарға айналып келеді. Осы жұмыстың бәрін тұрғындарымыз үшін жасаймыз. Сондықтан бәрімізге тиесілі, ортақ мүлікке ұқыппен қарауға шақырамын, - деп жазды елорда әкімі.