Көлгінов елордадағы жемқорлық орын алған мекеме туралы айтты

6 Желтоқсан 2021, 14:15
1268
Бөлісу:
Көлгінов елордадағы жемқорлық орын алған мекеме туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті.

Әкім сыбайлас жемқорлыққа жол берілген мекеменің қазіргі жағдайын баяндады.

Оның айтуынша, М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры – еліміздегі ең көне мәдени мекемелердің бірі. Мекеме 1899 жылы құрылған.

Бұл шынымен де, өзіндік тарихы бар ерекше орын. Бірақ, әрине, театр ескіріп, күрделі жөндеуді қажет етті. Жөндеу жұмыстары 2018 жылы басталғанына қарамастан әлі де аяқталған жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа жол берілді, оның ішінде мердігер тарапынан заңбұзушылықтар болды. Олардың салғырттығынан театр қызметкерлерінің өздері, көрермендер зардап шекті. Қазіргі уақытта сот рәсімдері толығымен аяқталды. Жаңа мердігер анықталды, оған өзгелердің қателігін қайталамау тапсырылды, – деді қала басшысы.

Көлгіновтің атап өтуінше, тарихи ғимаратты күрделі жөндеу келесі жылдың соңына қарай аяқталады деп жоспарланып отыр. Залдарды жаңартудан, ғимаратты жөндеуден басқа инженерлік желілер жаңартылып, ретке келтіріледі: су құбыры, кәріз, сондай-ақ желдету жүйесі, жылыту және т.б.

Қазіргі уақытта театр ұжымы өзге театрлардың алаңдарында және драма театрдың кіші залында өнер көрсетеді. Бұл, әрине, театр ұжымына белгілі бір қолайсыздықтар әкеледі. Күрделі жөндеу аяқталғаннан кейін тарихи ғимарат жаңарып, ал көрермендер қойылымдардан ұмытылмас әсер алады, – деді жазбасында Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ әкім мемлекеттік би театры «Наз» және «Қуыршақ театры» ұжымдарына қолайлы орын бөлуді тапсырғанын, өйткені қазір олар бұл үшін қолайсыз ғимараттарда дайындалып жүргенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы