Көлгінов: 2,5 жылда 13 мың үлескердің проблемасы шешілді

1 Қаңтар 2022, 18:25
1227
Бөлісу:
Көлгінов: 2,5 жылда 13 мың үлескердің проблемасы шешілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов құрылысы ұзаққа созылған, проблемалы нысандардың тағы бірін аяқтағандарын айтты.

«Территория комфорта-1» тұрғын үй кешенінің тарихы 2004 жылы басталған. Үйді техникалық тексеру барысында ғимараттың апатты жағдайда екені анықталды. Бұрынғы құрылыс салушы техникалық стандарттарға сәйкес келмейтін бетон маркасын қолданған, ал плиталар арасында түйіскен жері сақталмаған. Құрылысшылар айтқандай, бұл үй пайдалануға берілсе, көп ұзамай қирап, тұрғындар астында қалатын еді. Апатты жағдайдағы көппәтерлі тұрғын үй кешенінің барлық блогын бұзу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Оның орнына жаңа тұрғын үй кешені салынды, ең бастысы – қауіпсіз. Мұнда бас-аяғы 500-ден астам үлескер бар. Үйді аяқтау екі кезеңнен тұрады. Алғашқы 135 үлескер көптен күткен пәтерін алды, олар бұл күнді 17 жыл бойы күтті. Екінші кезең бойынша жұмыс жүріп жатыр - деп жазды әкім өз парақшасында.

2019 жылдың жазында қала бойынша барлығы 16 мың үлескер отбасы болған, 2,5 жыл ішінде 13 мың үлескердің проблемасы шешілді.

Мәселен биыл 57 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Бұл 7 мың үлескердің проблемасын шешуге мүмкіндік берді. Жаңа 2022 жылы тағы 40 көппәтерлі тұрғын үйді, 2023 жылы 20 көппәтерлі тұрғын үй-донор салуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, 2023 жылы елордада құрылысы ұзаққа созылған үйлердің проблемасын толық шешуді жоспарлап отырмыз. Құрылыс жұмыстарының аяқталуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында - деді Алтай Көлгінов.

Өзгелердің жаңалығы