Қоқыс тастағандарға қандай айыппұл салынады?

26 Тамыз 2019, 20:23
3737
Бөлісу:
Қоқыс тастағандарға қандай айыппұл салынады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі белгіленбеген орындардағы қоқыстар мен рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын орындарды анықтау бойынша шаралар жүргізді, деп хабарлады қаласының ПД баспасөз қызметі.      

Ең көп таралған құқық бұзушылықтардың бірі қоқыстарды қоқысқа арналып арнайы бөлінген орындарға тастамау. Әкімшілік заңнаманы тек ұйымдар ғана емес, сонымен қатар үйлеріне немесе пәтерлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан азаматттар да бұзады. Полицейлер «Аулада қабылдау» іс-шарасын жүргізу барысында үйлердің тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

"Сонымен қатар, осы жылдың басынан бастап елордалық полиция департаментінің полиция қызметкерлері белгіленбеген орынға қоқыс төккендері үшін 70-ке жуық жүргізушіні ұстап, ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы «Абаттандыру қағидаларын бұзу» бойынша 3 млн теңгеге жуық сомаға айыппұл түріндегі әкімшілік жауаптылыққа тартты", - делінген таратылған ақпаратта.

Белгіленбеген орындарға қоқыс төгу фактілері, қаланың сырт жағына немесе қоқыс төгуге арналмаған басқа да орындарға қоқыс төгу фактілері анықталған жағдайда аталған құқық бұзушылыққа жол берген адамдарға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес шара қолданылады.

"Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру - ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға - 20, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады", - делінген таратылған ақпаратта.

Егер аталған құқық бұзушылықтар әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталанып жасалса, онда жеке тұлғаларға - отыз, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.         

 


Өзгелердің жаңалығы