Көкшетаулық кәсіпкер Александр Роповка мемлекеттік бағдарлама көмегімен автокөлік жуу орталығын ашып, халыққа өз қызметін көрсетуде, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Кәсіп ашып, жұмыс істеймін деген кәсіпкерге мемлекет қашанда көмек қолын созуға дайын. Өңірде шағын және орта бизнеске ден қойғандардың басым көпшілігі «Даму» қоры арқылы еңбек етуде. Солардың бірі – Александр Роповка мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсібін дөңгелетіп отыр.
Өз-өзіне қызмет көрсететін орталықтың ашылуы қазіргі заманғы бизнестің ең перспективалы бағыттарының біріне айналды. Еуропада мұндай тәжірибе 2000 жылдардың басынан бері жұмыс істеп келеді. Алайда, біздің елде өзіне-өзі қызмет көрсететін көлік жуу орындары соңғы уақытта ғана танымал бола бастады.
Соңғы жылдары қалада көлік санымен қатар автокөлік жуу орындарының да артқанын байқадым. Осылайша «көлік жуу орнын неге ашпасқа?» деген ой келді. Бизнестің бұл түрі тиімдірек. Көп жылдар бұл салада тәжірибе жинақтадым. Қарапайым болғанымен, пайдасы бар, әрі клиент қалтасына да аса көп салмақ түсірмейді. Мұндай қызмет көрсету орталықтары ірі қалаларда көп кездеседі , – деп түсіндірді Александр Роповка.
Кәсіпкер Александр Роповка осы жылдың қыркүйегінде өзіне-өзі қызмет көрсететін жаңа көлік жуу орнын ашты. Ол жиырма жылдан астам уақыттан бері бизнес саласында ерінбей еңбек етіп келеді. Бастапқы кезде кәсіпкер автокөлік бөлшектерін сатумен айналысқан.
Автокөлік иелеріне қызметтердің толық спектрін көрсету мақсатында мен көлік жуу орталығын салуға шешім қабылдадым. Жоспарымды жүзеге асыру үшін 2021 жылдың көктемінде «EVROTEC PLUS» ЖК қаржыландыру үшін ForteBank-ке жүгіндім. Банк 5 жыл мерзімге жылдық 14% мөлшерлемемен несиені мақұлдады. «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды ұсынды, - дейді ол.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкер несиенің тек 6%-бен төлейді, ал 8%-ын мемлекет субсидиялайды. Несие қаражаты автокөлік жуу кешенін салуға және жабдық сатып алуға бағытталды.
«Өз ақылыңмен жұмыс жаса!». Бұл – Көкшетауда өз-өзіне қызмет көрсету орны бар автокөлік жуу орталығын ашқан «EVROTEC PLUS» компаниясының ұраны.
Орталықта автокөлік иелері өз көліктерін өздері жуа алады, мұнда қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Мұнда заманауи жабдықтармен жабдықталған 8 жуу орны бар. Клиенттер арнайы аппараттардан көбіктелген және таза суға тапсырыс бере алады. Қызмет құны 800-1500 теңгені құрайды. Автокөлік иелері қызметтер кешенін өздері таңдайды. Төлем қолма-қол және төлем карталары арқылы қабылданады.
Қазір бізде тек сегіз автокөлік жуу орны бар, бірақ болашақта оларды 16 орынға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін қосымша жабдық сатып аламыз, - дейді Александр Владимирович.