Көкшетаулық ерікті студенттер пандемиямен күреске үлес қосуда

31 Қазан 2020, 13:46
1878
Бөлісу:
Көкшетаулық ерікті студенттер пандемиямен күреске үлес қосуда

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің жалпы медицина факультетінің студенттері пандемияның екінші толқынында да коронавирус індетімен күресте ерікті түрде көмек көрсетуге дайын. 

Факультет деканы Светлана Мұратбекованың айтуынша, ерікті түрде тілек білдірушілер өте көп. Пандемияның алғашқы толқыны кезінде қауіпті вируспен күресуге факультеттің 75 студенті қатысты, оның  43-і еріктілер. 

Стационарларда ресми түрде жұмыс істеуге медициналық дипломы бар студенттер тартылды. Еріктілердің дипломы болмағанымен, тілегі бар. Індеттің көбейген тұсында оларға жұмыс та көбейді. Студенттер карантиндік, провизорлық және инфекциялық госпитальдарда, сондай-ақ емханалар мен жедел жәрдем қызметтерінде еңбек етті. Олардың көмегі өте пайдалы болды. Біздің бір студентіміз провизорлық госпитальде аға медбике болып жұмыс істеді. Мысалы, Евгений Чернов бүгінде жұқпалы аурулар бөлімінде жұмыс істейді, әріптестерімен ауыр науқастарға көмек көрсетеді. Женя 16 жылдық тәжірибесі бар анестезист. Жергілікті жоғары медициналық колледжді тәмамдап, бізде үшінші курста оқиды, - дейді факультет деканы. 

Ниет білдіргендердің көпшілігі – үздіктер мен оқу озаттары және негізінен қалалық студенттер. Олардың бірқатары көпсалалы облыстық аурухананың бөлімшелерінде жұмыс істейді. 

Дәрігерлермен қатар біздің студенттер пандемияның екінші толқынына дайындалуда. Олардың арасында отандастарын коронавирус індетінен құтқаруды мақсат еткендер өте көп, - дейді Светлана Мұратбекова. 

Жалпы медицина факультетінің студенттері қашықтықтан оқиды. Сабақ онлайн режимінде өтеді. 

Бакалавриат студенттеріне арналған бірінші семестр – «қашықтықтан». Бірінші және екінші курс студенттеріне қолда бар технологиялардың арқасында оқу еш ауыртпалық салмайды. Жоғары курс студенттері үшін қиындық тудырады. «Ішкі аурулар», «Жалпы хирургия», «Офтальмология» сияқты пәндер қосылатындықтан, сабақтардың 30 пайызы клиникалық оқу базаларында өтуі тиіс, - дейді декан. 

Факультетте Үндістаннан 51 студент оқиды, тағы он бала Ресей мен Орта Азия елдерінен келген. 

Қазір олар елдерінде қашықтықтан оқуда. Біз тек дәріс оқып қана қоймай, кері байланыс орнатамыз. Қазір теориялық бөлімді оқытудамыз. Пандемия кезінде үндістандық студенттерге практикалық сабақтарды өз елдерінде өткізу үшін келіссөздер жүргізілуде. Бірақ бұл үшін қосымша келісімшарт жасау қажет, - деп атап өтті Светлана Мұратбекова. 

Көкшетау мемлекеттік университеті жанындағы жалпы медицина факультеті 2018 жылы ашылды. Бүгінде мұнда 420 студент оқиды, оның ішінде 399-ы жалпы медицина бакалавриатында  қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқиды. 

Өткен жылы біз педиатрия, хирургия, акушерлік және гинекология, жалпы практика дәрігерлері, терапия сияқты бес бағыт бойынша 17 интерн-дәрігерді оқытып шығардық. Олардың бір бөлігі резидентураға түсті. Сонымен қатар, бакалавр академиялық дәрежесі бар 18 медбике бітірді. Барлығы жұмыс істеп жатыр. 399 студенттің 188-і БҒМ және жергілікті атқарушы органдардың гранттары есебінен оқиды. Облыс әкімі бөлген 149 грант бойынша 145 бала білім алуда. Жыл соңына дейін тағы төрт табысты студентті коммерциялық топтардан көшіреміз деп ойлаймын, - деп нақтылады факультет деканы.

Өзгелердің жаңалығы