Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Қоршаған ортаға залал келтірмес үшін көкшетаулықтарға қоқысты сұрыптауға көшу ұсынылып отыр.
Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен ашық отырыста мәлім болды.
Қала басшысы Бауыржан Ғайса атап өткендей, қоқыстың басым бөлігі картон, пластик, шыны, металл сияқты қайта өңделетін қалдықтардан тұрады.
Алайда мұның бәрі лақтырылады. Қоқыстан ақша табудың орнына табиғатты ластаймыз. Қанша контейнер қойылса да, ол қоқыспен толтырылады. Қала үздіксіз даму үстінде, алайда бірде-бір тұрғын үй кешенінде қоқыс алаңдарын көрмейміз. Кез келген жерге қоқыс үйінділерін қалдыру қалыпты дүниеге айналуда, – деп атап өтті қала әкімі.
Әкім әрбір әкімшілік, сауда ғимараттарында, меншік нысанына қарамастан, тұрғын үй алаңдарында, жеке секторда, көп пәтерлі тұрғын үйлерде де қоқысты бөлек жинауды ұйымдастыруды ұсынды. Қазіргі уақытта коммуналдық қызмет көрсету ережелері әзірленді.
Жақында «LS Kokshetau» компаниясы» Сарыарқа шағын ауданында қайталама шикізатты қабылдау пунктін ашады. Бұл қоқысты өз есебінен жинайтын фирмалар бар. Жауапты компаниялар қоқысты уақытында шығаруға қанша тырысса да, контейнерлер тез толады. Өйткені қайта өңделетін шикізат жеңіл болғанымен көлемді,– деп атап өтті қалалық мәслихат депутаты Мәриям Әбішева.
Оның айтуынша, шикізатты бөлек сұрыпталса, полигонға экологиялық жүктемені азайтуға болады. Сондай-ақ бұл қоқыс өңдейтін компаниялар үшін де тиімді.
Бізге қоқыс жинау үшін арнайы орын мен контейнер қажет. Пластик, металл, шыны үшін торлы контейнерлер сатылады. «LS Kokshetau» компаниясы өздеріне жұмыс істеуге ыңғайлы болатындай мөлшерде контейнер жасауды ұйғарды. Осы ретте Көкшетаудағы жоғары техникалық колледжін жұмысқа тарту жоспарланып отыр. Олардың материалдық-техникалық базасы мықты. Әрі бұл студенттер үшін де, колледж үшін де жақсы тәжірибе, – деді халық қалаулысы
Өзіндік құны бойынша мұндай контейнер шамамен 150 мың теңге тұрады. Қалада 250-ге жуық контейнер алаңы бар. Онда кем дегенде екі арнайы контейнерден орнату керек.
Қоқысты сұрыптау әдісі экологиялық проблеманы 50%-ға төмендетуі мүмкін. Әрине, кейін жаңа контейнерлік алаңдар орнатылады. Бірақ осы уақытқа дейін тұрғындарды дайындау керек. Әзірге мүлік иелеріне бірлестігінің балансына екі контейнерден беру керек, - деді Мәриям Әбішева.
«LS Kokshetau» компаниясының өкілдері қазіргі уақытта фирма өз қаражаты есебінен жобаны толық көлемде қаржыландыруға дайын емес екенін, бірақ шығындардың бір бөлігін өз мойнына ала алатынын атап өтті.
Контейнерлерді көбейткенмен, жағдай өзгермейді. Пластик, шыны және металды бір контейнерге біріктіру - жақсы ұсыныс. Бұл біздің шығындарымызды азайтады. Қағаз бен картон бөлек жиналады. Біз көп тұтынамыз, сәйкесінше көп қоқыс шығарамыз. Әр үй шаруашылығы қағаз бен картонды бөлек жинауды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл жерде жекеменшік үй-жайлар, сауда ұйымдарын жалға беретін әкімшілік ғимараттар, тұрмыстық техника, жиһаз жеткізушілерді де осы бағдарламаға қосу керек, – деп атап өтті қала әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Айгүл Арынова.
Оның айтуынша, адамдарда қоқысты сұрыптау мәдениетін қалыптастырып, содан кейін балаларға үйрету керек. Көп жағдайда тұрғындар айыппұлмен жазаланғанға дейін қоқыс мәсепесі жайлы ойланбайды. Шын мәнінде, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдар бар. Әкімшілік кодекстің 505-бабына сәйкес, ол жеке тұлғалар үшін 20 АЕК-ті құрайды, бұл шамамен 60 мың теңге. Бірақ айыппұл бірден салынбайды, алдымен ескерту жасалады. Ал бұдан еш пайда жоқ.
Бәріміздің таза қалада өмір сүргіміз келеді. Жаңа ережені тұрғын үйлердің бірінші қабаттарындағы дәмхана, дүкендерден бастау керек. Жоба бойынша тұрғын үй кешенінің аулаларында қоқыс алаңдары болуы тиіс. Бірақ көбіміз қоқысты көшеге тастаймыз. Тұрғын үй кешендері алаңдар орнатып, контейнерлер сатып алып, қоқыс жинасын. «LS Kokshetau» компаниясы қағаз, металл, шыны қалдықтарын тасымалдаса, қалғаны қоқыс шығаратын компанияларына жүктеледі, - деп түйіндеді әкім.