Көкшетауда қазақ тілін жеңіл әдістемемен үйрететін клуб ашылды

18 Сәуір 2022, 17:11
1687
Бөлісу:
Көкшетауда қазақ тілін жеңіл әдістемемен үйрететін клуб ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Енді мемлекеттік тілді инновациялық әдістермен үйренуге болады. Көкшетауда ерекше әдіс-тәсілдермен тілді үйрететін «Тілдесейік, достар!» клубының алғашқы сабағы өтті.

Бұл туралы өңірдің ішкі саясат басқармасы хабарлады.

Клубтың негізгі идеясы – қазақ тілін оқытушылардың көмегімен емес, жора-жолдастары мен таныстарының бейресми ортасында үйрену.  Грамматикалық ережелерден бұрын қарапайым әңгімелесу, пікірлесу арқылы тілді үйрету – клубтың басты мақсаты.

Облыстық оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Мадина Көкенованың айтуынша, қазақ тілін үйренгісі келетіндердің саны күн сайын артып келеді.

Біздің клубымыздың ерекшелігі – тілді грамматикасыз, тек қарым-қатынас арқылы үйрену. Әр түрлі бейнебаяндарды тамашалау арқылы айтылым мен тыңдалымды дамыту. Сабақтар топтық және жеке түрде ақысыз негізде өткізіледі. Ең бастысы –  тілді үйренушілердің құлшынысы мен талпынысы, - дейді Көкенова.

Клуб мүшелері сөйлесуден бөлек қазақтың ежелгі салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен танысады, шағын диалогтар құрып,  тілдік жаттығуларды орындайды.

Тілді үйренуге ниет білдіргендің жас мөлшерінде шектеу жоқ. Мәселен, клубтағы  ең егде оқушы 63 жаста, ал ең кішісі небәрі 15 жаста.

Қазақ тілін үйрететін клуб жөнінде хабарландыруды әлеуметтік желіден оқыдым. Өзім үйреніп алғаннан кейін немерелеріме де үйреткім келеді. Сабақ өте қызықты өтті. Үзбей келіп отыратын боламын, – дейді облыс орталығының тұрғыны Ғалия Боскина.

Естеріңізге сал кетейік, «Тілдесейік, достар!» қазақ тілі клубы Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында   облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен   ашылды. 
 

Өзгелердің жаңалығы