Көкшетауда кафеде бейресми жұмыс істеген жігіт сот арқылы жалақысын өндіріп алды

Көкшетауда кафеде еңбек шартынсыз жұмыс істеген жігіт сотқа жүгініп, WhatsApp хаттары арқылы жалақы берешегі мен моральдық өтемақысын өндіріп алды.

Бүгiн 2026, 19:17
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов Бүгiн 2026, 19:17
Бүгiн 2026, 19:17
204
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Көкшетау қалалық соты кафеде еңбек шартысыз жұмыс істеген азаматтың талабын ішінара қанағаттандырып, жұмыс берушіден жалақы берешегі мен өтемақы өндіру туралы шешім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кафеде бірнеше ай жұмыс істеген

Сот материалдарына сәйкес, 21 жастағы А. 2025 жылдың тамызынан қараша айына дейін қаладағы кафелердің бірінде кавист-кеңесші, яғни винотека менеджері болып жұмыс істеген.

Алайда қараша айында жұмыстан шыққаннан кейін жұмыс беруші онымен толық есеп айырыспай, жалақы бойынша қарызын төлемеген.

Еңбек шарты жасалмаған

Іс барысында жұмыс беруші азаматты жұмысқа қабылдау кезінде еңбек шарты немесе қызмет көрсету туралы келісім жасасуға міндетті болғаны анықталды. Бірақ бұл талап орындалмаған.

Тараптар арасындағы барлық келіссөздер мен жұмысқа қабылдау мәселелері WhatsApp мессенджері арқылы жүргізілген. Азаматтың қолында жұмысқа ресми қабылданғанын растайтын құжаттар болмаған.

Сот еңбек қатынасын мойындады

Сот тараптар арасында нақты еңбек қатынастары болғанын бірнеше дәлел арқылы анықтады. Атап айтқанда, мессенджердегі хат алмасуда жұмысқа кіріскен және жұмыстан шыққан мерзімдер, жұмыс кестесі, ауысымдар, ішкі тәртіп ережелері, қызметтік тапсырмалар көрсетілген.

Сонымен қатар хаттарда ай сайынғы жалақы көлемі 300 мың теңге екені жазылған.

2025 жылдың қараша айында қызметкер жұмыс ауысымдары мен жалақы қалдығы туралы есеп жіберген. Пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы есептеліп, оны мекеме басшысы мақұлдаған.

Қанша ақша өндірілді?

Сот анықтағандай, 2025 жылдың желтоқсанында қарыздың бір бөлігі төленгенімен, қалған берешек 100 987 теңгені құраған.

Нәтижесінде сот талапты ішінара қанағаттандырып, жеке кәсіпкерден талапкердің пайдасына:

* 100 987 теңге жалақы берешегін;
* пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны;
* 20 мың теңге моральдық зиян өтемақысын өндіріп берді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Наверх