Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда ашылған инклюзивті бағыттағы «Дарын» спорттық-дамыту орталығы ерекше күтімді қажет ететін, дамуында ауытқуы бар балаларды спортқа бейімдеуде.
Осы уақыт ішінде бейімделу кезеңінен өткен балаларға жүйелі жаттығып, шынығуына жағдай жасалуда. Бүгінде орталыққа 90 тәрбиеленуші барады. Аптасына екі мәрте бір жарым сағаттан 15 адамнан тұратын топпен педагог-психолог, дефектолог және нұсқаушы айналысады.
Дефектолог Гүлфайрус Орынбаева балалардың есте сақтау қабілеттері, сөйлеу тілі бойынша жұмыс жүргізеді. Оның айтуынша, орталықтағы балалардың айтарлықтай жетістіктері бар.
Ерекше балалар да қатарынан қалғысы келмейді. Олардың барлығына бірдей аутизм диагнозы қойылғанымен, олардың іс-әрекеті әр түрлі. Әрқайсысына жеке көзқарас пен мамандардың кешенді жұмысы қажет. Кейбірі сөйлей алады, белгілі бір дағдыларға ие, бірақ дыбыстарды айтпайтын балалар да бар. Олардың жасы да маңызды. Бізге 1,5 жастан 15 жасқа дейінгі балалар келеді. Әрқайсысына жоспар жасалады, әдістеме таңдалады. Уақыт өте келе жұмыстарымыздың нәтижелерін көре бастадық, - деп атап өтті Гүлфайрус Орынбаева.
Сабақтар ата-аналармен бірге өтеді. Қажет болса, олар үйде баламен жаттығуды қайталай алады.
Аутист балалардың қоғамнан шет қалмай бар мүмкіндікке қол жеткізуі үшін жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс. Көпшілік аутистер ешкімді қажет етпей, өз әлемінде өмір сүреді деп ойлауы мүмкін. Бұл қате пікір. Олар қоғамға мұқтаж және адамдармен тіл табысқысы келгенімен, оны қалай жасау керектігін білмейді. Ата-аналардың міндеті – сыртқы әлеммен байланысуға көмектесу. Бұған қалай қол жеткізуге болады? Мұндай балалардың мінез-құлқын түзету үшін көптеген жаттығу жасалады және бұл күнделікті дағдыға айналуы тиіс. Бірақ баладан жылдам өзгерістерді күтудің қажеті жоқ, – дейді педагог-психолог Әсем Мұқанова.
Физиотерапия нұсқаушысы Ғелман Садықов ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың қандай қиындықтарға тап болатынын жақсы біледі. Сал ауруына шалдыққан ұлын аяғынан тік тұрғызған ол бүгінде ерекше балалармен жұмыс істеп келеді.
Жұбайыммен ұлым Арманды ауруханадан шығарарда дәрігерлер оның мүгедектер арбасына мәңгі байланатынын айтты. Бірінші кезекте мен балалар невропатологі Гүлбан Мұғжановаға кеңес алуға жүгіндім. Баланы тексергеннен кейін ол: жүруге мүмкіндік аз, бірақ бар, деді. Он бір жыл бойы біз ұлымыздың денсаулығы үшін күресіп, еліміздің медициналық мекемелерінде оңалтудан өттік. Алты жасында Арманға ота жасалды. Жеті жасында ол мүгедектер арбасынан өз бетімен тұрды. Қазір ол 11 жаста. Мамандандырылған мектептің 4 сыныбында оқиды және айтарлықтай жетістіктерге жетті: еркін күреспен айналысады, балалармен аулада доп ойнағанды ұнатады. Мен оны мақтан тұтамын және менің тәжірибем мен білімім осындай проблемаларға тап болған ата-аналарға пайда әкелгенін қалаймын, - деп өз пікірін білдірді Ғелман Садықов.
Ольга Абдрашитова ұлы Эмильмен орталық ашылған күннен бастап оңалтудан өтуде. Оның айтуынша, ұлы емдік дене шынықтырумен айналысуды ұнатады.
Эмиль спортпен шұғылданғанды ұнатады, үйде швед қабырғасы мен батутты пайдаланады. Бұл жиналған энергияны шығару үшін жеткіліксіз. Ол бассейнде жүзуді жақсы көреді, бірақ көп адам диагнозды білмегендіктен, түсіністікпен қарай бермейді. Болашақта ерекше балаларға арналған мамандандырылған бассейндер жұмыс істегенін қалаймыз, - дейді Ольга Абдрашитова.
Жеті жасар Әбілмансұрдың анасы Әлия Рақымбекова орталық мамандарының жақсы қарым-қатынасын, ата-аналармен ынтымақтасуға деген ұмтылысын ерекше атап өтті.
Ең басты артықшылық – орталыққа бару үшін ақы төлеудің қажеті жоқ. Бұл әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар үшін үлкен мүмкіндік. Жаңа орын, адамдар балалардың әлеуметтік дағдыларын арттыруға ықпал етеді. Балалармен бұл қиын, бірақ қиын, өйткені әрқашан ата-ананың сүйемелдеуімен. «Дарынға» болашақта үлкен жеңістер тілейміз!, – дейді Әлия Рақымбекова.
Болашақта орталықта көшпелі жұмысты қалыптастыру және «Дарынға» баруға мүмкіндігі жоқ балалармен сабақ өткізу, жаңа мерекелер мен спартакиадалар ұйымдастыру жоспарлануда.
Балалардың осындай диагнозына дәрігерлерді, ата-аналарын, экологияны кінәлауға болар. Бірақ бұдан не ұтамыз? Баланы бар болмысымен жақсы көру керек. Ата-аналарға мұндай балаларды үйде қамап ұстамай, көшеге шығарып, қыдырыңыздар, түрлі қоғамдық орындарға апарыңыздар, бұған ұялудың түк қажеті жоқ дер едім. Аутизм, сал ауры, Даун синдромына шалдыққан балалар үшін қозғалыста болудың маңызы зор. Біздің орталығымыздың есігі әрдайым ашық, біз көмекке мұқтаж жандардың өмір сүру сапасын арттыруға әзірміз, – дейді «Дарын» спорттық-дамыту орталығының директоры Алма Хамитова.