Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда бизнесті қолдау бағдарламасы аясында әйелдердің кәсіп ашуына, жеңілдікпен несие, грант алуына көмектесу мақсатында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды.
Мұнда олар ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді ынталандыру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың экономикалық белсенділігін арттыру бойынша қызметтер көрсетіледі. Сондай-ақ орталық әйелдер бизнесінің дамуына кедергі келтіретін проблемаларды анықтайды.
Жасыратыны жоқ, бизнестегі әйелдерге өз жобаларын іске асыру үшін білім, батылдық жетіспей жатады. Біздің мақсатымыз – бизнесті дамыту, кәсіпкер әйелдерге, кәсіпкерлік бастамасы бар өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдерге көмек көрсету, базалық білім беру. Іскер әйелдер шеберлік сағаттарына қатысып, тәжірибе алмасады. Бізде сондай-ақ оқу және сауалнама жүргізіледі, оның негізінде қандай бағыттарда даму керектігі белгілі болады, – деп атап өтті Ақмола облысы іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Гүлмира Құсайын.
Кәсіпкерлер палатасының жұмыссыздарды қолдауға бағытталған жобаларының бірі «Бастау Бизнес» болып табылады. Өткен жылы жоба бойынша 1495 адам оқытылды, оның 414-і – жастар, бұл қатысушылардың жалпы санының 28%-ы. Бүгінде өңірде 300 адам өз ісін ашты.
Мүмкіндігі шектеулі Елена Батехина «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, сұлулық салонын ашқан.
Грант қаражатына үстел мен орындық, шам, проектор сатып алдым. Қас түзету, сәндеу, бояу бойынша әлі де білімімді жетілдіремін. Денсаулығыма байланысты күніне үш-төрт клиент қабылдаймын. Болашақта сұлулық салонын кеңейтуді армандаймын. Осылайша мүмкіндігі шектеулі қыздарға тегін қызмет көрсеткім келеді. Себебі әйел үшін сұлулық – бұл күшті мотивация, – дейді кәсіпкер.
Көпбалалы ана Райхан Нұрғожина өз ісін ашуға батыл кіріскен жандардың бірі.
Біз жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмекке өмір сүріп келдік. Қаражат жетіспеді, азық-түлік пен киім-кешектен басқа, тұрғын үйге ақы төлеу, жас балаға үнемі дәрі-дәрмек сатып алу қажет болды. Шынымды айтсам, отбасымызға пайдалы жеке кәсіп ашу көптен ойда жүрген арманым еді, – дейді Райхан Нұрғожина.
Осылайша ол «Бастау Бизнес» жобасы бойынша курстардан өтті.
Балаларым балмұздақ пен тәтті мақта сатқанымды қалады. Өздері де көмектесті. Жаз мезгілінде саудамыз қызу жүрді. Маусымда күніне орта есеппен 10 мың теңгеден табамыз. Мен кішкентай көмекшілерімнің осы іске деген құштарлығын сезіндім. Ал қыста тәтті тауарларымды дүкендерге апарамын, – дейді кәсіпкер.
Екінші грант – 5 млн теңгеге көпбалалы ана жүк көлігін сатып алды. Бүгінде ол әбден лайықты табыс әкеледі – жалақы, жанармай шығындары және көлікті жөндеуді шегергенде айына орта есеппен 300-400 мың теңге таза кіріс.
Бастау Бизнес жобасы артқа шегінбей, тек алға ұмтылу керектігіне сендірді. Маған жұмыс кестесін өзім реттеген ұнайды, біреудің жалақысына тәуелді емеспін. Өзімен деген сенімділік пайда болды. Ертеңгі күнге деген күдіктен, кедейліктен қорқуды доғардым. Балаларымның да ешкімнен ештеңе күтпей, өз күштеріне сеніп өмір сүре алатынына сенімдімін, – дейді Райхан Нұрғожина.
Болашақта кәсіпкер жүк тасымалдау үшін қосымша техника сатып алуды жоспарлап отыр. Ал бизнесвумен өзі үшін жаңа бағыт – қоқыс жинау мен өңдеу бағытын ашуды армандайды.