Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Көкпар ойыны толықтай жасанды муляжбен ойналуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының 2021 жылды қорытындылауға арналған алқа мәжілісінде талқыланды.
2018 жылы ақпанда Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығына мүше он елдің өкілдері халықаралық ортақ ережені қабылданып, халықаралық жарыстарда жасанды муляжбен ойнау қолдану шешімі бекітілген. Енді осы өзгеріс ішкі жарыстарға да қолданылуы мүмкін.
Алқа мәжілісінде оң шешім шықса, елімізде өтетін барлық ресми жарыстарда серкенің орнына жасанды муляж қолданылатын болады.
Алқа мәжілісіне қатысқан көкпар спортының жанашырлары, ардагер көкпаршылар, көкпаршылар муляжбен ойнауға әлі де дайын еместігін, көкпар ұлтымыздың ерекше ойын екенін, оның басты ерекшелігінің өзі серке тарту екенін айтты. Сондықтан көкпарда серке тартуды өзгеріссіз қалтыру бойынша тиісті орындарға хат жазу керектігін ұсынды.
Қауымдастық өкілдерінің пікірінше, бұл, ұлттық ойынымызды спорттық қағидаларға сәйкестендіру мен халықаралық стандарттарға келтіру бойынша қолға алынып отырған қадам.
Естеріңізде болса, жуырда "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" ҚР Заңының жобасын талқылау барысында, депутаттар ұлттық спортқа қатысты арнайы ұсыныс енгізген. Онда аталған заңның кейбір баптарының ұлттық спорт түрлеріне қатыссыз екені айтылған болатын.