Қырғызстанның Көкбөрі федерациясы Қазақстан құрамасын кездесуге шақырды. Бұл туралы федерация басшысы Рамис Жүнісәлиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз қазақстандық тарапқа даулы мәселелердің нүктесін қою үшін реванш ұсынғымыз келеді. Көрші елдің спортшыларын ДКО 2024-тегідей құраммен бақ сынауға шақырамыз, - деді Жүнісәлиев.
Ойын 1 қарашада Ыстық көл маңына жоспарланып отыр.
Еске сала кетсек, Дүниежүзілік көшпенділер ойынының финалында Қазақстан құрамасы Қырғызстанды 5:4 есебімен жеңді.
Бірінші тайм 1:3 есебімен Қырғызстан алда болды. Екінші таймда есеп теңесіп, 4:4 есебімен аяқталды.
Негізгі уақыт аяқталған соң "алтын салым" салуға 10 минут уақыт беріліп, шешуші салымды қазақстандық көкпаршы салды.
Ұсыныс Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы спорттық байланысты нығайтуға, сондай-ақ адал ойынды қамтамасыз етуге бағытталған, – дейді 24.kg агенттігі.