Көк-Жайлау курорты қашан ашылады және қанша турист қабылдайды?

15 Қазан 2026, 17:22
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 15 Қазан 2026, 17:22
15 Қазан 2026, 17:22
101
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Алматы маңындағы Көк-Жайлау заманауи, жыл бойы жұмыс істейтін тау курорты ретінде жоспарланып отыр. Жоба аясында 60 шақырымдық шаңғы трассаларын, аспалы жолдар жүйесін, жасанды қар өндіру инфрақұрылымын, қонақүйлер мен туристік нысандарды салу көзделген. Курортты 2028 жылғы желтоқсанда іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Kazakh Tourism Development компаниясының баспасөз қызметі BAQ.KZ тілшісінің сауалдарына берген жауабында хабарлады.

Компанияның мәліметінше, жоба тек қысқы демалыспен шектелмейді. Жылы маусымда жаяу серуендеу, велосипедпен жүру, спорттық және табиғатпен танысу бағдарламаларын дамыту жоспарланған. Осылайша, курорт Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына жыл бойы демалуға мүмкіндік беретін туристік орталыққа айналуы тиіс.

60 шақырым шаңғы трассасы салынады

Көк-Жайлау жобасы әртүрлі деңгейдегі шаңғышыларға арналған 60 шақырым трассаны, аспалы жолдар мен жасанды қар өндіру жүйесін қамтиды. Сондай-ақ инженерлік желілер, туристік бағыттар, навигация және қауіпсіздік инфрақұрылымы қарастырылған.

Kazakh Tourism Development мәліметінше, нысандарды орналастыру кезінде ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен табиғи ландшафтты сақтау міндеті ескеріледі. Жер ұлттық парк құрамында қалады, ал инвестициялық жобалар аумақты пайдалану талаптары мен табиғатты қорғау нормаларына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.

Компания курорттың жыл бойы жұмыс істеуі Алматының туристік мүмкіндіктерін кеңейтеді деп есептейді. Қыста шаңғы мен сноуборд тебуге басымдық берілсе, жазда жаяу және велосипед бағыттары, спорттық әрі танымдық бағдарламалар ұсынылмақ.

Аспалы жолдар тауға шығуды балалармен демалатын отбасыларға, егде жастағы адамдарға және қозғалысы шектеулі келушілерге де қолжетімді етуге бағытталған.

Курортты іске қосуға қанша уақыт қажет?

Жобаны іске асыру бірнеше кезеңге бөлінген. Алдымен ғылыми зерттеулер, инженерлік ізденістер, жобалау және қажетті келісу рәсімдері жүргізіледі. Одан кейін кірме және технологиялық жолдар, инженерлік желілер мен электрмен жабдықтау нысандары салынады.

Келесі кезеңде аспалы жолдарды орнату, шаңғы трассаларын дайындау, қажетті жабдықтарды монтаждау және туристік инфрақұрылымды құру жоспарланған.

Компания курортты 2028 жылғы желтоқсанда іске қосуды көздеп отыр.

Жобаның өтелу мерзімі – 20-25 жыл

Kazakh Tourism Development ұсынған алдын ала есеп бойынша, Көк-Жайлау курортына салынған инвестицияның өтелу мерзімі 20-25 жылды құрайды.

Қаржыландыру моделінде базалық инфрақұрылымды дамытуға мемлекеттің қатысуы және коммерциялық нысандарға жеке инвестиция тарту қарастырылған. Инфрақұрылымдық бөлік «Бәйтерек» холдингінің тетіктерімен байланысты болса, қонақүйлер мен өзге де туристік нысандарды дамытуға жеке бизнес тартылмақ.

Компанияның бағалауынша, жолдар, инженерлік желілер және көлік қолжетімділігі инвесторлардың келуіне жағдай жасайды. Оның есебінде инфрақұрылымға салынған әрбір 1 доллар шамамен 2 доллар жеке инвестиция тартуға мүмкіндік беруі мүмкін.

Жобаның экономикалық тиімділігі тек курорттың өз қызметімен шектелмейді. Қонақүйлер, қоғамдық тамақтану орындары, көлік, сауда және туристік қызметтер де қосымша табыс таба алады.

Туристер саны 5 миллионға дейін өсуі мүмкін

Көк-Жайлау мен Алматы тау кластерінің басқа жобаларын бірлесіп іске асыру нәтижесінде жыл бойғы туристік ағынды 2 миллионнан 5 миллион адамға дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл – Туризм және спорт министрлігінің бағалауына сүйенген көрсеткіш.

Сонымен қатар Алматыға жыл сайын қосымша 1 миллион шетелдік турист тарту мүмкіндігі қарастырылған. Компания мұны тау инфрақұрылымын кеңейту, жыл бойы демалу бағдарламаларын дамыту және таудағы демалысты қалалық туризммен ұштастыру арқылы жүзеге асыруға болады деп есептейді.

Kazakh Tourism Development келтірген бағалау бойынша, тау шаңғысы турисі күніне орта есеппен 300 доллар жұмсайды. Үш күндік сапар кезінде бір туристің шығыны шамамен 900 долларға жетеді. Осы есеппен жылына 1 миллион турист тартылса, туризм саласындағы шығын көлемі 900 миллион долларға жуықтауы мүмкін.

Бұл сома курорттың тікелей табысы емес, туристердің жалпы шығындарына қатысты есеп екенін ескерген жөн.

5 мың жұмыс орны ашылуы мүмкін

Компанияның мәліметінше, жоба аясында шамамен 5 мың жұмыс орнына сұраныс қалыптасуы мүмкін. Бұл орындардың барлығы курорттың өзінде ашылмайды: олардың бір бөлігі қонақүй, тамақтану, жалға беру, көлік және басқа да ілеспе туристік салаларға тиесілі болады.

Құрылыс кезеңінде жобалаушыларға, инженерлерге, құрылысшыларға, жабдық монтаждаушыларына және логистика мамандарына сұраныс туындайды. Курорт іске қосылғаннан кейін аспалы жолдар мен трассаларды пайдалану, қауіпсіздік, қонақүй қызметі, қоғамдық тамақтану және туристерге қызмет көрсету бағыттарында мамандар қажет болады.

Жобаға байланысты жергілікті кадрларды даярлау мәселесі де қарастырылып жатыр. Almaty SuperSki жобасы аясында тау және шаңғы туризмі мамандарын даярлауға арналған 350 білім грантын бөлу бастамасы ұсынылған. Қазіргі уақытта ол Оқу-ағарту министрлігімен талқылану сатысында.

Сонымен қатар Kazakh Tourism Development альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясымен меморандум жасасқан. Ынтымақтастық бағыттарының бірі – мамандарды оқыту, бағдарламалар әзірлеу және нұсқаушылар мен құтқарушыларды даярлау.

Шағын бизнеске қандай мүмкіндік туады?

Курорттың ашылуы туристік компанияларға, гидтерге, нұсқаушыларға, жабдықтарды жалға беру орындарына, қоғамдық тамақтану кәсіпорындарына және тасымалдаушыларға сұранысты арттыруы мүмкін.

Бұдан бөлек, жергілікті кәсіпкерлер азық-түлік, жабдық, шаруашылық тауарларын жеткізу, жөндеу және техникалық қызмет көрсету бағыттарында жұмыс істей алады. Жаяу бағыттар мен жазғы бағдарламалар экскурсиялар, спорттық сабақтар және отбасылық турлар ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Kazakh Tourism Development басшылығы кәсіби тау гидтерімен және тау қауымдастығы өкілдерімен кездесіп, жаяу маршруттар желісін құру, соқпақтарды абаттандыру, навигация, құтқару қызметтерімен байланыс және келушілерге арналған сервистерді дамыту мәселелерін талқылаған. Кездесуде гидтер мен туристік маршруттарды сертификаттау, қауіпсіздік және табиғи ортаны сақтау мәселелеріне де назар аударылған.

Компанияның пайымдауынша, Көк-Жайлау жобасының экономикалық әсері инвестиция көлемімен ғана өлшенбейді. Туристік ағынның өсуі, жергілікті бизнестің дамуы, жаңа жұмыс орындары және инфрақұрылымның жыл бойы пайдаланылуы да маңызды көрсеткіштер болады.

Сонымен бірге жоба аясындағы негізгі міндеттердің бірі – Алматының туристік тартымдылығын арттырумен қатар, Көк-Жайлаудың табиғи құндылығын сақтау.

Наверх