Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда темекі шегуге тыйым салынған орындардың тізімі кеңейді. Бұл туралы "Хабар 24" арнасы хабарлады.
Оқи отырыңыз:
Жабық автобус аялдамаларында, балалар алаңдарында, метрода және жерасты өткелдерінде электронды темекі, кальян және темекі өнімдерінің барлық түрлерін шегуге тыйым салынады.
Бізде жастар қоғамдық орындарда отырып, қорқорды жиі тартады. Енді, оған тыйым салынды. Дәмхана мен қоғамдық жерлерде, тіпті жазғы дәмхана мен далада қорқор шегуге болмайды. Оны тартқысы келсе, үйде ғана жасай алады, - дейді алкоголь мен темекі өнімдерін сату қауымдастығының атқарушы директоры Темірлан Жақыпбеков.Жаңадан қабылданған халық саулығы жөніндегі кодекс бойынша 21 жасқа толмағандарға қорқор сатылмауы тиіс. Қазіргідей карантин кезінде ересектерге де рұқсат жоқ.
Тағы бір жаңалық – темекі мен кальян қоспалары дүкен сөрелерінде болмайды. Бұл ереже келесі жылдан бастап күшіне енеді. Кальянға қарсы шектеулерге қарамастан, тек шілде айының өзінде елордалық полиция 20 заңбұзушылықты тіркеді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері күн сайын рейдтер өткізеді.
Кальян мен темекіні рұқсат етілмеген жерде шеккені үшін айыппұл салынуы мүмкін. Айыппұл мөлшері екі есеге артып, 42 мың теңгені құрайды.