ҚМДБ жанынан салттық қызмет көрсету орталығы ашылды

15 Қаңтар 2021, 07:48
1821
Бөлісу:
ҚМДБ жанынан салттық қызмет көрсету орталығы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы елордада өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісінде бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді, деп жазады muftyat.kz.

Еліміздегі жерлеу рәсімдерін және зират көтеру мәдениетін бір жүйеге келтіру мақсатында ҚМДБ жанынан салттық қызмет көрсету жұмысымен айналысатын «Qamqor-Sharapat» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашу туралы шешім қабылдадым. Оның директоры қызметіне Камалжан Тұрдыбаевты тағайындадым. Енді сізден нәтижелі жұмыс күтеміз, – деді бас мүфти.

«Qamqor-Sharapat» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Камалжан Тұрдыбаевтың айтуынша, салттық қызмет көрсету орталығының басты мақсаты – құлпытас көтеруде Ислам дінінің талаптарын сақтау, бәсекелестікке, ысырапқа жол бермеу.

ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Төралқа мәжілісінде халық арасында «Qamqor-Sharapat» ЖШС жұмысы жайлы, оның басты мақсаты туралы түсіндіру іс-шараларын жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар халықтың жағдайын ескеріп, салттық қызмет көрсетудің ақысы ретінде ең төменгі бағаны белгілеу қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ, бұл бастама халыққа оңтайлы ұсыныс ретінде жүзеге асу керек екеніне назар аударды.

Айта кетсек, өткен айда елордада ұйымдастырылған «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың IV республикалық онлайн-форумында «Зират және зиярат» мәдениеті құжаты қабылданған болатын. Құжатта зират көтерудің үкімдері, зират көтеру мәдениеті, теңдік ұстанымы, құлпытас қою мәдениеті, зират құрылыстары мен кесене салу түрлері, т.б. мәселелер қамтылған. Құжатты қабылдаудағы мақсат – зират көтеруді бір тәртіпке келтіріп, жалпыға ортақ мәдениетті қалыптастыру.      

Өзгелердің жаңалығы