ҚМДБ төрағасы Мысыр елшісімен кездесті

26 Қаңтар 2021, 21:40
1506
Бөлісу:
ҚМДБ төрағасы Мысыр елшісімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Египет Араб Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Манал Ехия әл-Шиннауи ханыммен кездесті.

Кездесуде діни оқу-ағарту саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселе талқыланды. Атап айтқанда, Қазақстан мен Египет Араб Республикасының бірлесіп салған Нұр-Мүбәрак университетінің діни кадр даярлау бағытындағы жұмысын жандандыру, Мысырда оқып жатқан қазақстандық студенттерді жан-жақты қолдау, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен әл-Әзһар университеті арасындағы әріптестік байланысты арттыру, имамдарды сол университетке қысқа мерзімді курстарға жіберу, Мысыр мүфтиятымен тәжірибе алмасу жұмыстарын жалғастыру т.б. мәселелер сөз болды.

Қазақстан мен Египет Араб Республикасы арасында бағзы заманнан қалыптасқан тарихи-мәдени байланыс бар. Бүгінде әйгілі әл-Әзһар университетін бітірген ғалымдарымыз діни салада қызмет етуде. Біз имамдарымыздың әл-Әзһар университетінде білімін шыңдауға барынша қолдау көрсетуіміз керек. Сонымен қатар, Каирде оқып жатқан қазақстандық студенттермен жүйелі түрде байланыс орнату мақсатында арнайы өкілдігімізді ашу ойымыз бар. Елшілік тарапынан осындай игі бастамаларымызға қолдау көрсетіледі деген сенімдеміз, – деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Өкілетті елші өз кезегінде елшілік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізіп, сенім білдірді. Кездесу соңында Бас мүфти мәртебелі мейманға құрмет көрсетіп, кәдесый ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы