Климаттың өзгеруіне байланысты БҰҰ саммиті басталды

7 Қараша 2022, 14:12
1366
Бөлісу:
Климаттың өзгеруіне байланысты БҰҰ саммиті басталды

Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың жылынуына қатысты саммиті басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы «Хабар 24» жазды. 

Жиынның жер жаһан үшін маңызы зор. Өйткені климатта болып жатқан өзгерістердің кесірінен табиғи апаттар жиілеп, азық-түлік тапшылығы байқалып, энергетикалық дағдырыс туындап жатыр. Ал ғалымдардың деректері бойынша әлемде парниктік газтардың бөлінуі азаяр емес. 

Климаттың өзгеруіне қатысты БҰҰ саммиті қарашаның 6-18 аралығында Мысырда өтеді. Оған әлемдегі 90-ға жуық мемлекет басшы қатысып, азық-түлік қауіпсіздігі және парниктік газды белгіленген мөлшерде бөлу үшін энергетикалық мәселерді талқылайды. Күн тәртібінде климаттың өзгеруінен болатын табиғи апаттардан зардап шеккен елдерге өтемақы төлеу сияқты сұрақтар да қамтылады. Өйткені дамушы мемлекеттер көмірқышқыл газын көп шығаратын бақуатты елдерге су тасқыны, өрт сияқты климаттық апаттар үшін төлемақы талабын қоя бастағаны белгілі. 

Біз Парижде келіскен 1,5 градус цельсий шегінен екі есе асатын жаһандық жылынуға жақындап келеміз. Кейбір мемлекет қайраткерлері мен бизнес өкілдерінің сөзі мен ісі алшақ. Қарапайым тілмен айтқанда олар өтірікті соғады. Ал бұл өтіріктің салдары жаман болады, - деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш.

БҰҰ Бас хатшысы климаттың өзгеруіне қатысты саммитте жыл сайын дабыл қағады. Ғалымдардың жаһандық жылынуға байланысты зерттеулерінен деректер келтіреді.  Сонымен қатар кейбір мемлекеттер мен ірі корпорацияларды сынады. Оның айтуынша, олар планетаны өздерінің жеке мүддесі үшін қазба байлақтарға салған инвестициялармен тұншықтырып жатыр.  

Вашингтондағы орталық көшеге жиналған белсенділер де жер шарын аялап, табиғатты сақтау керегін ұрандап жатыр. Олар ірі қаржылық ұйымдардың инфрақұрылымға қомақты қаржы бөліп, қаншама орман тоғайлар оталып, жердің қопарылып жатқанынан наразы. 

Бұл қарсылылық акциясы планетамызды қорғауға арналған. Климаттық өзгерістерге әкеп соғатын жобаларды қаржыландыруды тоқтатыңыздар. Сіздердің шешімдеріңіздің зияны тиетін мына жұртты тыңдаңыздар, - деді ерікті Венсен Версичио.

Әлемде парник газдарын шығарудан екінші тұрған АҚШ өткен жылы температураның көтерілуін тежеу үшін көмірқышқыл газын аз бөлуге міндеттейтін жаһандық келісімге қайта оралды. АҚШ 2030 жылға қарай парниктік газ бөлуді 50% азайтуды жоспарлап отыр. 

Былтыр Байден әкімшілігі энергетикалық қауіпсіздік пен климатты қорғау үшін 430 миллиард тұратын заңды қабылды. Ал 2013 жылдан бері Американың 20 штатында оқушыларға климаттың өзгеруін түсіндіретін сабақ өтеді. 

Өзгелердің жаңалығы