Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Климат өзгерісі ет бағасына қалай әсер етіп жатыр

Бүгiн, 18:30
122
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

Соңғы жылдары ет бағасы қоғамдағы ең қызу талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Бірі мұны жем-шөп тапшылығымен байланыстырса, енді бірі экспорттың артуын алға тартады. Алайда сарапшылар мәселенің түп-тамыры әлдеқайда тереңде жатқанын айтады. Бүгінде ет бағасына ең күшті қысым жасап отырған факторлардың бірі – климаттың өзгеруі.

Қуаңшылық: бағаның жасырын драйвері

Экономистер мен агросарапшылардың пікірінше, климаттың жылынуы ең алдымен мал шаруашылығының негізі саналатын жем-шөп қорына әсер етеді. Қуаңшылық жиілеген сайын жайылым тозып, шөптің шығымы төмендейді. Бұл мал басын сақтау мен көбейтуге тікелей кедергі келтіреді.

Соңғы жылдары Қазақстанның бірқатар өңірінде жаз айларындағы жауын-шашын көлемі қалыпты деңгейден төмен болды. Соның салдарынан көптеген шаруашылық қысқа жеткілікті жем-шөп дайындай алмады. Ал жем-шөп бағасының өсуі еттің өзіндік құнына автоматты түрде қосылады.

Сала мамандары бұл жерде экономиканың қарапайым заңдылығы жұмыс істейтінін айтады: мал азығы қымбаттаған сайын, еттің де арзан болуы мүмкін емес.

Ла-Ниньяның әсері: табиғаттың өз «есебі» бар

Аграрлық сарапшы Кирилл Павлов қазіргі ахуалға Ла-Нинья құбылысы айтарлықтай ықпал еткенін атап өтеді. Бұл кезеңде Тынық мұхиты үстіндегі су беті салқындап, атмосфералық айналым өзгереді. Оның салдары Орталық Азияға да тікелей тиеді.

Маманның айтуынша, қараша–желтоқсан айларының өзінде-ақ Ауғанстан бағытынан жылы ауа массалары келіп, Түркістан мен Жамбыл облыстарында ылғал тапшылығы ерте байқалған. Соның кесірінен тәлімі жерлер зардап шегіп, шығын шамамен 16,5 пайызға жеткен. Ал дәл осы алқаптарда өсетін өнім мал шаруашылығындағы жем-шөп қорының негізін құрайды.

Құрғақшылықтың туындауына Ла-Нинья құбылысы әсер етті. Бұл кезеңде Тынық мұхиты аймағында ауа температурасы төмендейді. Қараша–желтоқсан айларынан бастап-ақ Ауғанстан тарапынан келген жылы ауа ағыны Түркістан мен Жамбыл облыстарында ылғалдың жетіспеуіне соқтыратыны анық болған. Соның салдарынан тәлімі алқаптарда өнім шығыны шамамен 16,5 пайызға жетті. Ал дәл осы жемшөп – ет өндірісінің өзіндік құнын қалыптастыратын негізгі фактор. Бағаның күрт қымбаттауына да осы жағдай тікелей себеп болды, - деп атап өтті сарапшы.

Жем-шөп көлемінің қысқаруы мен оның қымбаттауы мал өсіру шығындарын күрт арттырып, ақыр соңында ет бағасының өсуіне әкеліп отыр.

Әлемдік нарықтағы қысым

Сарапшының айтуынша, жағдайға тек ішкі климаттық факторлар ғана емес, жаһандық нарықтағы өзгерістер де әсер еткен. Ла-Нинья салдары Бразилия мен Аргентина сияқты ірі ет өндіруші елдерде де сезілді. Бұл мемлекеттерде жем-шөп азайып, өндіріс көлемі қысқарды. Ал сұраныс төмендеген жоқ.

Нәтижесінде әлемдік нарықта ет бағасы өсті. Қазақстан бұл үрдістен оқшау қала алмайды, себебі ішкі нарық сыртқы баға конъюнктурасымен тығыз байланысты.

Су тасқыны да арзаншылық әкелмейді

Қуаңшылықпен қатар, соңғы жылдары су тасқыны да ауыл шаруашылығына қосымша соққы болды. Көктемгі су басу кезінде жайылымдар мен шабындықтар жарамсыз күйге түсіп, кей өңірлерде мал шығыны тіркелді.

Экономистер мұндай төтенше жағдайлар шаруалардың шығынын еселеп арттыратынын айтады. Қора-қопсы бүлінеді, инфрақұрылым зақымданады, бұл да түптің түбінде өнім бағасына әсер етеді.

Баға тұрақсыздығы және климат тәуекелі

Сарапшылардың айтуынша, климаттың өзгеруі ауыл шаруашылығын барған сайын тәуекелі жоғары салаға айналдырып отыр. Бір жылы табиғат қолайлы болып, шөп бітік шықса, келесі жылы қуаңшылық немесе су тасқыны орын алуы мүмкін. Осындай белгісіздік жағдайында фермерлер сақтықпен әрекет етіп, шығынды баға арқылы жабуға мәжбүр.

Ал мемлекет үшін ет бағасының өсуі – әлеуметтік тұрғыдан ең ауыр мәселелердің бірі.

Үкіметтің араласуы: бағаны ұстап тұруға талпыныс

Ет пен азық-түлік бағасының өсуіне байланысты Үкімет деңгейінде бірқатар шара қабылданып жатыр. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеңейту жөніндегі жұмысты жеделдетуді тапсырды. Бұл қадам бағаны реттеуге жататын өнімдер санын көбейтіп, нарықтағы алыпсатарлықты тежеуге бағытталған.

Сондай-ақ өңір әкімдіктеріне бағаны тұрақтандыруға арналған барлық қолда бар тетіктерді белсенді пайдалану міндеті жүктелді. Соңғы екі айда инфляцияның төмендеуіне қарамастан, бірқатар облыста азық-түлік бағасының өсуі сақталып отырғаны айтылды.

Үкімет басшысы азық-түлік инфляциясының артуына ет пен ет өнімдері бағасының айтарлықтай үлес қосып отырғанын ерекше атап өтті. Осыған байланысты ірі сауда желілері арқылы арзандатылған сиыр етін сату тәжірибесін бүкіл ел бойынша кеңейту ұсынылды.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімі кеңейеді

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі уақытша 31 атауға дейін ұлғайтылатынын мәлімдеді. Бұл тізімге ет, көкөніс және күнделікті тұтынылатын өзге де өнімдер енгізіледі.

Бұл шара бөлшек саудадағы бағаны тұрақтандыруға бағытталған және келесі жылдың соңына дейін қолданылуы мүмкін. Қазіргі таңда мұндай тізімде 19 өнім бар.

Сонымен қатар инфляция толық тұрақтанғанға дейін коммуналдық қызметтер мен бензин бағасын көтеруге мораторий енгізілді. Жанар-жағармай бағасы автожанармай құю станциялары желілерінде белгілі бір деңгейде бекітілді. Бұдан бөлек, шағын және орта бизнеске түсетін салықтық жүктемені азайту үшін жаңа Салық кодексіне қатысты бірқатар шектеулер алынып тасталды.

Ет бағасының өзгеруі – бір ғана себептің салдары емес. Климаттың өзгеруі, қуаңшылық пен су тасқыны, жем-шөп тапшылығы, әлемдік нарықтағы баға конъюнктурасы және ішкі шығындардың артуы – бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан бүгінгі таңда басты сұрақ "ет қымбаттай ма?" емес, "климаттық тәуекелдерге қаншалықты дайынбыз?" деген мәселе болып отыр.

Өзгелердің жаңалығы