Қиясов: Вакцинациядан бас тартып, жұмыссыз қалған медқызметкер сотқа бере алады

8 Сәуір 2021, 20:03
2002
Бөлісу:
Қиясов: Вакцинациядан бас тартып, жұмыссыз қалған медқызметкер сотқа бере алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов Inform бюроға берген сұхбатында елдегі вакцинация қалай жүріп жатқанын айтып, вакцинацияға қатысты бірқатар сауалға жауап берді.

Оның айтуынша, халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстанда вакцинацияны кезең-кезеңімен жүргізу стратегиясы қалыптасты.

Қазір Қазақстан халықты вакцинамен қамтудың жүйелі шараларын қолға алды. Аталған жұмыстар үш бағытта жасалып жатыр: жеке вакцинаны өндіру, құю және сатып алу. Вакцинаны тұтынушыға жеткізуге тиісті жағдай жасау процесі үнемі жетілдіріліп отырады. Бұл ең алдымен логистика мәселелеріне қатысты. Вакцинаны сақтаудың температуралық режимін сақтау және вакцинация жасау жағдайлары ерекше бақылауда. Медициналық персоналды оқыту және дайындау да үнемі жүргізілуде. Осылайша барлық кезеңді бақылауда ұстауды қамтамасыз етуге арналған мониторинг жүйесі енгізілді, - деді ол.

Сондай-ақ Қиясов  2021 жылдың бірінші жартыжылдығында кемі 6 млн доза вакцина жеткізілетінін айтты.

Егер вакцинация процесінің динамикасына қарайтын болсақ, наурызда 300 мың доза вакцина әкелінді. 137 мың қазақстандық егілді. Қазақстандық QazVac вакцинасының 50 мың дозадан тұратын алғашқы партиясын өңірлерге сәуір айында жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар сәуірде кемі 2 млн доза вакцина жеткізіледі деп күтілуде. Жалпы 2021 жыл бірінші жартыжылдығында кемі 6 млн доза вакцина жеткізілмек. Вакцинацияланатын адамдар категориясы да ұлғайтылады. Электрондық үкімет порталында «Вакцинацияны тіркеу» сервисі іске қосылғаннан кейін адамдар кезекке тұрмай-ақ вакцинаға жазылу мүмкіндігіне ие болады, - деді бас санитар.

Ол кейбір БАҚ-та медқызметкерлерді «жұмыстан босатамыз» деп қорқытып, вакцинациялануға мәжбүрлеп жатыр деген жаңалықтарға қатысты түсініктеме берді.

Бірден айтайын, медицина қызметкерлері, Қазақстан Республикасының басқа тұрғындары сияқты вакцинаны ерікті түрде салғызады. Алайда коронавирус жұқтыру қаупі жоғары екенін ескере отырып, бұл категорияны вакцинациялауға аса ден қойылады. Ең алдымен медицина қызметкерлеріне вакцина салу – бұл әлемдік тәжірибе. Ол денсаулық саласындағы «коллапстың» алдын алуға бағытталған. Қазір елде медқызметкерлердің 40%-ы вакцина салдырды. Ол 53 287 адам. Бұдан бөлек мұғалімдерді вакцинациялауға басымдық беріледі. Осы уақытқа дейін 37 298 ұстаз вакцинацияланды. Ол 17%-ды құрады. Сондай-ақ жабық мекемелер контингентінде 1124 адам (0,5%) және тағы басқалары 74 324 (34%), - деді Ерлан Қиясов.

Бас санитар медициналық қызметкер вакцинациядан бас тартса, ол оның жеке шешімі дейді.

Үкімет таңдау құқығын берді. Медицина қызметкері қандай шешімге келетінін өзі біледі. Бұндай жағдайда, жұмыстан босату – заңға қайшы әрекет. Осындай жайтқа тап болған қызметкер кәсіподаққа жүгіне алады немесе сотқа бере алады. Сонымен қатар медицина қызметкері коронавирус жұқтырған жағдайда денсаулығына қандай қауіп төнетінін сезінуі керек. Вакцинациядан бас тарта отырып, ол өз денсаулығы мен өміріне жауапкершілік өз мойнына жүктелетінін түсінуі керек, - деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар ол ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін қанша адам вакцина алуы қажет екенін айтты.

Қоғамның коронавирусқа қарсы вакцинаға қатысты көзқарасы өзгеріп келеді. Егер бастапқы кезде күмәнмен қарағандар көп болса, қазір халықтың басым бөлігі вакцина салдыруға дайын екенін аңғаруға болады. Ұжымдық иммунитет 60%-ға жеткен кезде қалыпты өмірімізге орала аламыз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы