Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жақын болашақта Ресейдің қарулы күштері Ил-96-400М ұзақ магистральді лайнері негізінде жоғары технологиялық жаңа әуе басқару бекеттеріне қол жеткізеді.
Батыста мұндай машиналар "қиямет күніне арналған ұшақтар" деп аталады. Үшінші дүниежүзілік соғыс басталған жағдайда дәл осы "ұшатын штабтың" бортынан елдің жоғарғы әскери және саяси басшылығы қорғанысты ұйымдастырады және әскерлерге жерде, теңізде және әуеде басшылық етеді. Бүгінде мұндай кластағы ұшақтар тек Ресей мен АҚШ-та ғана бар, деп жазады РИА Новости.
Ядролық державалар арасындағы қатынастардың шиеленісі шегіне жетті. Дипломаттар тығырыққа тірелді, тараптар елшілерін кері шақырды. Қарулы күштер барынша дайындық жағдайына келтірілді. Стратегиялық бомбалаушылар әуеге көтерілуде, баллистикалық зымырандары бар ядролық суасты қайықтары мұхитқа шығуда, жауынгерлік патрульдік маршруттарда жердегі жылжымалы зымырандардың кешендері орналастырылып жатыр. Әлем үшінші дүниежүзілік соғысты күтіп отыр.
Бақытқа орай, мұндай сценарий әзірге тек қиял-ғажайып дүние ғана. Ресей де, АҚШ-та кең ауқымды соғыс аз уақыттың ішінде ядролық соғысқа ұласып, ол он миллиондаған адамның құрбан болуына әкеліп соқтыруы мүмкін екенін жақсы біледі. Алайда әскерилер әрдайым нашар нұсқаға дайындалып отырады. Екі тарап та осындай қақтығыста алғашқы соққы жасау қарсыласты әскерлерді басқару және кез келген қарсылықты ұйымдастыру мүмкіндігінен айырады деп болжайды. Олардың көздейтін нысандары – әскери және саяси орталықтар.
Қауіп төнген кезеңде Ресей басшылығы мен қарулы күштердің жоғары командалық құрамы қатаң құпиялылықпен әскери аэродромға жеткізіледі, ол жерде оларды қанатты командалық пункттер күтіп тұрады. E-4B ұшақтары экипаждарының негізгі міндеті – мемлекеттің бірінші лауазымды тұлғаларын соққы аймағынан алып шығу және оларға елдің қорғанысын әуеден басқаруға мүмкіндік беру. Бұл командалық пункттердің жауынгерлік тұрақтылығын ілесіп жүретін зымырандар мен жанармай құю танкерлері қамтамасыз етеді. Осыған ұқсас айла-әдіс қырғи-қабақ соғыс кезінде АҚШ-та әзірленген болатын.
Ресейдің әуе-ғарыш күшінде Ил-86 жолаушылар лайнерлері базасында жасалған төрт "қиямет күніне арналған ұшақ" бар. Қуатты электр станциясы, заманауи байланыс құралдары, тіршілікті қамтамасыз ету жүйесі жанармай құя отырып, әуеде бірнеше күн ұшып жүруге мүмкіндік береді.
Ил-80-дің экипаж бен жолаушылардың жақын маңда болған ядролық жарылыстан көзі шағылыспас үшін иллюминаторлары жоқ. Ұшақтың құйрық тұсында сүңгуір қайықтармен байланысқа шығуға арналған кабельдік антенна бар.
ИЛ-80 ұшағы туралы толық ақпарат мемлекеттік құпия болып саналады. Тек оның бортында жоғары лауазымды тұлғалардың – жолаушылардың жұмыс істеуі және демалуына арналған бөлмелер орналасқаны, қарулы күштердің барлық түрі мен тармағын басқаруға арналған жабдықтар, қосымша жанармай контейнерлері орнатылғаны белгілі. Әуе кемесі кез-келген азаматтық және әскери аэродромнан көкке көтеріле алады. Ол жаппай қырып-жою қаруынан қорғану құралдарымен жабдықталған және байланыс пен навигация жүйелерінің жердегі және спутниктік құрал-жабдықтары жойылған жағдайда автономды түрде жұмыс істей алады.
Алайда, Ил-80 ұшақтары әскери салада 15 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді және өз ресурсының көп бөлігін дамытып үлгерді. Сонымен қатар, базалық Ил-86 әуе лайнерлері орташа қашықтыққа арналған. Олардың тәжірибелік қашықтығы 3800 шақырымды құрайды, алайда бұл әуеден басқарылатын бөлімше үшін жеткіліксіз. Сондықтан Ил-96-400М-ді "қиямет күніне" арналған жаңа база ретінде таңдау дұрыс шешім: максималды жүктеме кезінде бұл ұшақ шамамен тоғыз мың шақырымды еңсере алады.
АҚШ қарулы күштерінде Boeing 747 лайнерінің негізінде төрт E-4B Nightwatch ұшағы бар. Әуе кемесінің әрқайсысы өз бортына 100 адамға дейін ала алады және үнемі жанармай құйып отыру арқылы әуеде бір аптаға дейін ұшып жүруі мүмкін. E-4B ядролық жарылыстың зиянды факторларынан қорғалған және ең заманауи электронды құрал-жабықтармен толтырылған.
Шын мәнісінде, америкалық ұшақ– бұл ұшатын қонақ үй. Бірнеше күн автономды түрде жұмыс істеуге арналған барлық жағдай жасалған ас үй, жуынатын бөлме, демалыс аймағы, ұйықтайтын бөлме, үстел және тоғыз орындығы бар жиын өткізуге арналған бөлме, 29 жұмыс орнына арналған байланыс және коммуникация аймағы және басқа да бөлмелер бар. Интерьері ыңғайлы, құрал-жабдығы жоғары эргономикалық. Сондықтан болар, АҚШ-тың бірінші лауазымды тұлғалары ресми сапармен басқа елдерге ұзақ рейстер жасау үшін Air Force One классикалық президенттік ұшақтарының орнына E-4B-ны таңдап алады.
E-4B ұшағы ресейлік Ил-80-ге қарағанда едәуір ескі. Олар 1970 жылдары пайдалануға берілген. Дегенмен, бұл ұшақтар үнемі жаңартылып отырады. 2015 жылы борттардың кейбіреуі коммуникациялық жабдықтарды қайта бағдарлаудан мен модификациядан өтті. Ұшақтар жоғары жылдамдықты интернетке, кең жолақты спутниктік байланысқа, сондай-ақ жоғары өткізгіштік мүмкіндікке ие арнайы қорғалған каналдарға қол жеткізді. E-4B-тің ұшу қашықтығы 11 мың шақырымды құрайды.
Сонымен қатар, америкалықтарда стратегиялық ядролық сүңгуір қайықтарымен резервтік байланыс жүйесін қамтамасыз етуге, сондай-ақ АҚШ қарулы күштерінің біріккен стратегиялық басқармасының әуе командалық бөлімшесі ретінде пайдалануға арналған 16 E-6 ұшағы бар. Егер соғыс бола қалса, бұл ұшақтар Атлант және Тынық мұхиты аймақтарында суасты қайықтарымен және E-4B ұшақтарымен байланыс орнатып, жауынгерлік патрульге шығады.