Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елорда күніне орай Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапхана алдында «EЛОРДА - KitapTime» кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр.
Ұлттық академиялық кітапхана директорының міндетін атқарушы Нұрлан Жолдыбалинов шара қала тұрғындарының рухани өсуіне бағытталып отырғанын айты.
Бұл кітапхананың 18 жылдық тарихында алғаш рет ұйымдастырылып тұрған жәрмеңке. Тұрғындар жәрмеңкеден кітап та сатып ала алады. Көрмедегі әртүрлі қолжазбалар мен кітаптарды тамашалай алады. Сирек кітаптар мен Құран кітаптары да бар. Балалардың рухани дамуына да әсер етеді деп ойлаймыз,- деді ол.
Оның айтуынша, көрмеде ертегілер кітаптары көп.
Кейінгі буын, жастардың өздері жазған ертегілер де бар. Сондықтан көрме-жәрмеңке тұрғындардың көңілінен шығады деп ойлаймыз,- деді ол.
Кітап көрме-жәрмеңкенің мақсаты- кітап оқуды қолдау, оқырмандардың оқу мәдениетін қалыптастыру, Елордамыз туралы әдебиеттерді кеңінен насихаттау, сондай-ақ отандық кітап баспаларының жаңа өнімдерімен таныстыру.
Кітап көрме-жәрмеңкесіне «Фолиант», «Эльдорадо» кітап дүкені, «Абай» кітаптар үйі, «Алматыкітап» баспалары өз өнімдерінің жәрмеңкесін, «Qyr balasy» қоғамдық бірлестігі жаңа кітаптарын, Akel интернет дүкені Qasym сериясымен кітаптарын көрермен назарына ұсынды.
Ұлттық қолжазбалар орталығының сирек қорлар, Қазақстандағы дипломатиялық елшіліктерінің, «Балалар жылына» орайластырып, балалар әдебиеттерінің көрмелері шараның мәнін аша түскен.