Кітапқа жанашыр жандар: Ауылдағы асардан цифрлық жобаға дейін

30 Қазан 2026, 17:01
АВТОР
 Кітапханашының жеке мұрағатынан 30 Қазан 2026, 17:01
30 Қазан 2026, 17:01
224
Фото: Кітапханашының жеке мұрағатынан

Кітапқа деген қызығушылықты арттыру үшін әрдайым үлкен жобалар қажет емес. Кейде бір ауылдың ортақ еңбегі, бір адамның ізденісі немесе жеке кітап қорынан жасалған сыйдың өзі игі іске бастау болады. Шалқар ауылындағы кітапхана, PARAQTA онлайн платформасы және Ақсу қаласындағы кітапхана қорына берілген кітаптар – оқуға қолдау көрсетудің жарқын үлгілері. Жеке бастамалар қалай жүзеге асып жатыр? Олардың нәтижесі қандай? Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.

Бір ауылдың арманы: тұрғындар өз күшімен кітапхана салды

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданына қарасты Шалқар ауылында 250-ге жуық адам тұрады. Ауыл шағын болғанымен, мұнда тұрғындардың өз күшімен салған кітапханасы бар. Оның құрылысы ауыл ақсақалдарының бастамасымен қолға алынған. Тұрғындар асарлатып, кітапхана ғимаратын тойхананың жанына тұрғызған. Құрылысқа ауыл жастары да атсалысып, қаржылай көмекті жергілікті отбасылар мен басқа жақта тұратын жерлестері көрсеткен. Осылайша, 2021 жылы ауылда кітапхана ашылды.

Фото: кітапхананың жеке мұрағатынан

Кітапханашы Динара Қасенованың айтуынша, қор қалыптастыру үшін тұрғындар баспаларға хат жазып, кітап сұратқан. Алғашқылардың бірі болып «Атамұра» баспасы 1000 кітап жіберген. Қазір кітапхана қорында 4000-ға жуық басылым бар. Қазір кітап қоры ауыл азаматтарының, ауылдан шыққан ірі демеушілердің қолдауымен толықтырылып тұрады, тіпті тұрғындар өздері оқығысы келетін кітаптарға да тапсырыс бере алады.

Кітапхана бірнеше жыл бойы қоғамдық негізде жұмыс істеген. 2026 жылдың жазынан бастап аудан әкімдігінің қолдауымен кітапханашыға жалақы төлене бастады.

Фото: кітапхананың жеке мұрағатынан

Мұнда балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Кітапханашының сөзінше, кітапхана ашылғаннан бері балаларды оқуға ынталандыратын «Шалқар COIN» ойыны жүзеге асып келеді. Оның шарты бойынша, балалар оқыған кітабының мазмұнын айтып, мазмұндама немесе шығарма жазып, шығармаға өз пікірін білдіру арқылы ұпай жинайды. Кейін жинаған ұпайын өзіне ұнаған сыйлыққа айырбастай алады.

Балалар мазмұндама, шығарма жазу, кітаптың мазмұнын айту немесе оқыған туындысына өз пікірін, қарсы пікірін білдіру арқылы COIN жинайды. Кейін оны өзіне ұнаған сыйлыққа айырбастайды. Сыйлықтар ауыл азаматтарының демеушілігімен беріледі, – дейді Динара Қасенова.

Фото: кітапхананың жеке мұрағатынан

Кітапханада балалардың әдебиетке қызығушылығын арттыруға бағытталған тағы бір дәстүр қалыптасқан. Ауыл азаматтарының демеушілігімен жыл сайын Абай оқулары өткізіледі. Бас жүлдеге 100-150 мың теңге көлімінде жүлде тігіліп, оқушылардың ақын шығармашылығын тереңірек тануына жағдай жасалады.

Абай оқуларын өткізу кітапханамыздың дәстүріне айналды. Мұндағы мақсатымыз – балалардың Абай шығармашылығына деген қызығушылығын арттыру, өнерін ашып, биіктерден көрінуіне мүмкіндік беру. Сонымен қатар оларды еңбекқорлыққа, адамгершілікке тәрбиелеуді көздейміз, – деді кітапханашы.

Күнде оқымасаң, шырағың сөнеді: PARAQTA қалай жұмыс істейді?

Кітап оқуға ынталандырудың тағы бір жолы – заманауи технологияны пайдалану. Осы бағытта қазақстандық Ердәулет Аянұлы PARAQTA онлайн платформасын әзірлеген. Мамандығы бойынша құрылыс инженері болған ол бағдарлама жасауды өз бетімен меңгеріп, жасанды интеллект құралдарының көмегімен сайттың алғашқы нұсқасын жасаған.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жоба бастапқыда оқырмандар клубының мүшелері қанша бет оқығанын бақылауға арналған Google Sheets кестесінен басталған. Кейін Telegram-ботқа, одан соң толыққанды сайтқа айналған. Алғашқы нұсқасын әзірлеуге үш айдай уақыт кетсе, платформаны жетілдіруге тағы бірнеше ай жұмсалған.

Жобаның негізін қалаушының айтуынша, PARAQTA-ның мақсаты – пайдаланушыға кітап ұсынумен шектелмей, оны күнделікті оқуға дағдыландыру.

Видеодан скриншот

Басқа платформалар оқырманға жай ғана кітап ұсынады, ал біз күнделікті оқу әдетін қалыптастырамыз. Платформамызда әр оқырманның «Шырақ» деген жеке кейіпкері бар. Күнде кітап оқысаң, Шырағың жанып тұрады, оқымай қалсаң, сөнеді. Оқыған сайын ұшқын жинап, Шырағыңды киіндіресің, виртуалды бөлмеңді безендіресің. Күн сайын үздіксіз оқыған сайын оқу серияң өсе береді. Ең бастысы, біз жалғыз емес, бірге оқу концепциясын енгіздік, – дейді Ердәулет Аянұлы.

Платформада пайдаланушылар тегін кітаптарды оқи алады немесе өзіндегі PDF, EPUB форматындағы басылымдарды жүктеп, оқыған беттерін белгілейді. Ортақ оқу бөлмесіне қосылып, дәл сол уақытта кітап оқып отырған басқа қолданушыларды көре алады. Сондай-ақ жаңбырдың немесе оттың дыбысын қосып, виртуалды кітапхана атмосферасында бірге оқуға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, жеке кітап клубын ашып, марафондарға қатысып, оқыған шығармалары туралы пікір қалдыруға болады.

Видеодан скриншот

2026 жылғы қазан айындағы мәлімет бойынша, платформада 10 000-нан астам белсенді оқырман бар. Олар бірге миллионнан астам бет оқып, 8400-ден астам кітапты толық аяқтаған. Қазір 120-дан астам онлайн кітап клубы жұмыс істейді. Соңғы бір аптаның өзінде платформаға 1900 жаңа қолданушы қосылған.

Жоба авторын қуантып отырған тағы бір жайт – оқырмандардың қазақ әдебиетіне қызығушылығы.

Платформада ең көп оқылған шығарма – Дулат Исабековтің «Сүйекші» повесі. Оны 1200-ден астам адам толық оқып шыққан. Одан кейін жазушының «Қарғын» романы, Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы, Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» повесі мен Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі тұр. Әлем әдебиетінен Джек Лондонның «Мартин Иден» және Федор Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романдары жиі оқылады, - деді Ердәулет Аянұлы.

Видеодан скриншот

Қазір платформаның жеке кітапханасында 148 тегін кітап бар. Олардың қатарында Абайдың қара сөздері, Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері, 82 қазақ халық ертегісі және әлемдік классика үлгілері бар.

PARAQTA авторы платформаны алдағы уақытта кеңейтуді жоспарлап отыр. Жақында iOS қолданушыларына арналған ресми мобильді қосымша App Store дүкеніне тексеруге жіберілген. Ал Android нұсқасын да жақын арада іске қосу көзделген. Қосымшаларды жүктеу тегін болады.

Жылдар бойы жинаған кітаптарын оқырман игілігіне ұсынды

Кітапқа қолжетімділікті арттырудың тағы бір үлгісін саясаткер Максим Споткай көрсетті. Ол өзінің ұзақ жылдар бойы жинаған жеке кітап қорынан Павлодар облысы Ақсу қаласының Орталықтандырылған кітапханасына 200 кітап сыйға тартқан.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Кітаптарды табыстау кезінде Максим Споткай бұл басылымдардың енді оқырман игілігіне қызмет ететініне сенім білдірген.

Ұзақ жылдар бойы жинақталған бұл кітаптар ендігі жерде оқырман игілігіне қызмет етіп, жастардың дүниетанымын кеңейтуге үлес қосады деп сенемін, – деді ол.

Осылайша, жеке кітап қорында сақталған басылымдар енді Ақсу қаласының оқырмандарына қолжетімді болады.

Бұл бастамалардың ауқымы мен жүзеге асу жолы әртүрлі болғанымен, көздеген мақсаты ортақ. Бірі ауыл балаларының кітапқа қызығушылығын арттырса, бірі мыңдаған оқырманды бір платформаға біріктіріп отыр. Ал енді бірі жеке қорындағы кітаптарды көпшілік игілігіне берді. Мұның бәрі оқу мәдениетін қалыптастыруға әр азаматтың өз үлесін қоса алатынын көрсетеді. 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх