Кітапханашылар қартайып барады

14 Ақпан 2024, 18:14
472
Бөлісу:
Кітапханашылар қартайып барады
Фото: BAQ.KZ -архив

Кітапханашы мамандығы қартайып барады. Бұл мәселе ел жұртшылығын ғана емес, Ертіс-Баян өңірінің тұрғындарын алаңдатып отыр. Күрмеуі қалың мәселені біртіндеп шешу жолдарын қарастыру, кадр тапшылығын болдырмау және кітапханашының мәртебесін көтеруге қатысты сарапшылар мен мамандардың өзін сөзге тартқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Облыс орталығындағы ең ірі рухани азық ордаларының бірі – С. Торайғыров атындағы әмбебап ғылыми кітапхана. Жыл сайын 30 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсететін мекемеде 55 кітапханашы жұмыс істейді.

Кітапхана директоры Шолпан Шахметованың айтуынша, маман иелерінің орташа жасы 45-ке жақындап қалды. Салаға жастарды тарту жұмыстары жүргізілгенмен, жасы үлкен мамандардың орнын басар қызметкер табу оңай емес.

Кітапханашы – жай маман иесі емес, ол – шығармашылық қызметкер. Біздің ұжымда 22 маман жоғары білімді болса, 17-сінің арнайы орташа дипломы бар. Жалпы, біздің салаға көбінесе педагогика, әсіресе, филология саласының өкілдері келеді. Өкінішке қарай, кітапхана жұмысына тұрақталмай жататын кадрлар бар. Себебі, жас мамандар кітапхананың ісі кітап берумен ғана шектеледі деп ойлайды. Бұл - түбегейлі қате пікір. Әрине, жалақы мәселесі де бұл жағдайға тікелей әсер ететін факторлардың қатарында. Бүгінде қызметкерлеріміздің айлық еңбегі 120-130 мың теңгені құрайды, - дейді Шолпан Шахметова.

Өңірде кітапханашы мамадығын даярлайтын екі оқу орны бар. Ақсу қаласындағы Жаяу Мұса атындағы колледж ауылдық кітапхана қызметкерлерін дайындайды. Ал Торайғыров университеті жоғары білімді мамандарды оқытады.

Уақыт бір орында тұрмайды. Саламыз заман талабына сай дамып жатыр, сәйкесінше, бізге ақпараттық технологияларды жылдам меңгеретін, уақытқа бейімделетін мамандар қажет. Қол қусырып отырған жоқпыз. Өз басым, Торайғыров университетінде оқытушы болып жұмыс істеймін. Бірнеше жыл бұрын дуалды білім беру жүйесі енгізілді. Біздің кітапхана өндірістік алаң ретінде таңдалды. Студенттер осылайша теория мен тәжірибені қатар алып жүреді де, болашақта кітапханашы мамандығын таңдайды. Мамандыққа сұраныс әрдайым бар, бірақ жоғары деңгейде емес. Өткен жылы 30 түлек қолдарына диплом алды. Бірақ, олардың қатарында қазіргі уақытта жұмыс істеп жүрген орташа білімі болған кітапханашылар көп. Бұл кітапханада жұмыс істейтін азаматтардың қатарында еңбек өтілі 40 жылға жақындағандары да бар. Яғни, зейнеткерлікке шығуға дайындалып жатқандар. 35 жасқа дейігі мамандарың үлесі – небары 5%, - дейді сарапшы.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы өкілдерінің айтуынша, қоғамдық мәселе назардан тыс қалмаған.

Бірнеше жыл бұрын кітапханашы мәртебесін көтеру үшін арнайы мереке бекітілгені белгілі. Аймақтық деңгейде арнайы тұжырымдамамыз бар, сол бағытта жұмыс істейміз. Кітапханашылардың еңбегі оңай емес. Оқырмандарды тарту, мәдени шараларды өткізу, шығармашылық клубтардың жұмысын үлестуден бөлек, заман ағымынан қалмай әрдайым дамуды қажет етеді. Жұмыс көптеген бағытта өрбіп жатыр. Осы жағдайларды ескере отырып, жергілікті атқарушы органдарға өз ұсыныстарымызды жеткізіп отырамыз. Мәселен, өткен жылы "Кешкі кітапхана" жобасы енгізілді. Осы тектес ерекше жобалар көп. Бұл да осы ерекше кәсіптің мәртебесін көтеріп, оқырмандарды тартуға оң әсерін тигізеді, - дейді салалық басқарманың өкілі Әсел Жасарқызы.

Сайып келгенде, бүгінгі таңда кітапханашының жұмысы шығармашылық мамандыққа ұқсас деңгейге жетті. Рухани азық ордасында ғылыми-зерттеумен айналысатын, көрме ұйымдастыратын, кітап клубтардың жұмысын қадағалайтын, келген оқырмандарға қамқорлық танытып, күлімсіреп қарсы алатын да – осы кәсіп иелері.

Сүлеймен Баязитов атындағы балалар кітапханасының қызметкері Гүлнар Әлібекова бұл салада 30 жылдас астам жұмыс істейді.

Кітапхана саласына кездейсоқ адам келмейді. Бұл жерде өз ісіне берілген "фанаттар" жұмыс істейді деп сеніммен айта аламын. Бұл қызметке жүрек қалауымен келген, жасампаздықпен айналысқысы келетін адамдар келеді. Бірақ, оларды салада "ұстап тұру" үшін материалдық қолдау қажет сияқты, - дейді маман.

Қазіргі уақытта Павлодар облысында 227 кітапхана жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі, яғни, 312-сі ауылдық жерлерде орналасқан. Мәдениет басқармасы мамандарының мәліметінше, олардың орташа жасы 45-ке жақындап қалған. Өңірдегі кітапханалардың барлығын есепке алғанда осы жастағы қызметкерлердің үлесі 60%. Кітапханашыларды "жасартып", ұрпақтар сабақтастығын үзбеу үшін қолдау шараларын күшейткен абзал. Бұл – кітапхана ісінде ондаған жыл бойы жүрген кәсіби мамандардың пікірі.

Бүгінгі кітапхана қызметінің деңгейі де аясы да барынша кеңейді. Біз кітап пен газет-журнал оқуды ұсынумен шектелмейміз. Біздің кітапхана зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналғандықтан, біздің жұмыс шығармашылық, ағартушылық, кей кездері оңалту бағыттары қамтиды. Біздің оқырмандар – ерекше жандар. Міндет – оқырманның сұрынысын өтеу. Сәйкесінше, кітапханашыға жүктелетін жүк ауыр, жауапкершілік те жоғары. Ал біздің мамандар Брайль қарпін меңгеру керек, ерекше оқырмандарымыздың рухани қажеттіліктерін өтей білуі тиіс. Біздің ұжымда 12 маман бар. Барлығы Брайль технологиясын біледі. Өкіншке қарай, бұл әліпбиді үйрететін арнайы мекемелер жоқ. Біз бір-бірімізбен тәжірибе алмасу арқылы ғана оқимыз, - дейді көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапхананың басшысы Жамал Кенжебекова.

Қазіргі таңда 25 мыңнан астам кітапханашы жұмыс істейді. Олардың барлығы жас ұрпақты ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеуге атсылысып жүрген жандар. Сондықтан, жан-жақты қолдаудың болғаны абзал. Бұл мәселе Үкімет дейгейінде көтеріліп келе жатыр. Демек, саланы жүрек қалауымен таңдап, мәртебелі мамандық иесі атанғысы келетін білікті жастардың көптеп келетін күн де алыс емес.

Өзгелердің жаңалығы