Кітапханашы - іш пыстыратын мамандық емес

24 Қазан 2024, 09:19
243
Бөлісу:
Кітапханашы - іш пыстыратын мамандық емес
Фото: автордан

Қоғамымызда «кітапханашы мамандығы тек кітаптарды беру мен қабылдаумен шектелетін кәсіп» деген стереотип қалыптасқан. Қазіргі заманғы рухани азық ордаларының қызметін сараптасақ, бұл түсініктің жалған екенін байқау оңай емес. BAQ.KZ агенттігінің тілшісі кітапханашылардың кәсіби мерекесінде өз ісінің шеберлері атанған мамандармен тілдесіп, осыған қатысты пікірлерін біліп көрді.

Дана Жармакина – 40 жыл бойы кітапхана салысында еңбек еткен жан. Сала ардагерінің айтуынша, бұрынғы және қазіргі кітапхананың арасындағы айырмашылығы жер мен көктей.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары айлап еңбекақы алмаған кездеріміз болды. Газет-журнал келмейтін уақытты да бастан кешірдік. Суық ғимарат, кітаптардың тапшылығы сияқты проблемалар болды. Өзім Ақтоғай ауданының Әуелбек ауылында жұмыс істедім. Жерлестерімнің арасында кітап оқитындан көп еді. Егемендік алғаннан кейін жағдай түзелді. Жұмыс көбейді. Ауылдың қоғамдық-мәдени өміріне де етене араласуға тырыстық. Бұл жұмыс оқырмандарды көптеп тартудың тиімді жолына айналды. Кітапханамыздың бригадалары шопандарға да, механизаторлар мен өзге де мамандық иелеріне барып, газет-журнал тарататын. Бала да, кәрі де, жас та кітапқа құштар болатын. Осы қызметтің арқасында кітапханашы мамандығы жоғары мәртебеге ие. Қазіргі жағдай өзгеше. Ауылдағы мәдениет үйінің кітапханасы жөнделіп, заманауи орталыққа айналды. Кітапханамыз нағыз рухани азық ордасы ретінде қызу жұмыс істеп жатыр, - дейді Дана Жармакина.

Қазіргі уақытта Павлодар облысында 225 көпшілік кітапхана жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі, яғни, 200-ге жуығы ауылдық жерлерде орналасқан. Салада игі жаңалық аз емес.

Облыста елімізде алғашқылардың бірі болып ауылдық кітапханалар жанынан көпфункционалды демалыс орталықтары ашылды. Кітапханаларды жаңғырту шеңберінде 56 коворкинг алаңы іске қосылды. 

«Электронды өлкетану» ақпараттық ресурся бойынша ауылдық кітапханалардың 71 сайты қолжетімді. Ал жеткіншектерді кітап оқуға баулу мен балалар әдебиетін дамыту, өңір жазушыларының шығармашылығын насихаттау мақсатында 40 жоба табысты жүзеге асырылуда.

Сарапшылардың айтуынша, электронды форматтағы құралар дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ролі ешқашан жойылмайтын анық. Бұл пікірмен сала ардагерлері ғана емес, жас мамандар да келіседі.

Айзада Жұмаділова – Аққулы аудандық кітапханасы оқу залының маманы. Колледжді тәмамаған соң екі жыл бойы осы салада еңбек етіп жүр.

Кітапхана - тыныштық сақтайтын жылы жер». Қазір адамдардың көбі осылай ойлайды. Бірақ, бұл - жаңсақ пікір. Біз осы стереотипті жойып келе жатырмыз. Бүгінгі кітапхананың қызметі саналуан. Нәтижесінде қоғамымыздың ойы өзгеріп келе жатыр. Әсіресе, балалардың қызығушылығы жақсы. Жазғы каникул кезінде кітапты жарыса оқитын жеткіншектер көбейіп келеді. Өйткені, кітап оқуымен қатар, коворкинг орталықтың жұмысы ұйымдастырылған. Өткен жылы аудандық кітапхана ұжымы «Ел жастары» кітабын жарыққа шығарды. Жоба аясында жас буын өкілдерімен тығыз байланыс ортанып, түрлі бағыттағы шараларды өткіздік. «Кешкі кітапхана» атты жобаны жүзеге асырдық. Бір сөзбен айтқанда, рухани азық ордасы жастардың уақытын тиімді өткізуге арналған орынға айналып үлгерді. Бүгінді кітапханамыздың мыңға жуық оқырманы бар. Олардың саны жыл сайын артып отыр», - дейді Айзада Жұмаділова.

Маман даярлау ісінде де ілгерушілік бар. Облыста үш жоғары және арнайы орта білім беру мекемесінде кітапхана мамандары оқытылады. Соңғы үш жыл ішінде 100-ге жуық маман оқуларын тәмамдап, еңбек жолдарын бастады. Ал аға буын өкілдері тәжірибелерімен бөлісуден кенде емес.

Салада 30 жыл еңбек еткен Майя Исакаеваның айтуынша, электронды оқу құралдары мен кітаптардың аясы кеңейгенмен, қағаз форматындағы кітапқа тең келер ешнәрсе жоқ. Оның құндылығын жою немесе алмастыру мүмкін емес.

Кітапханалар демалыс орталығына айналды. Менің ойымша, оқырман өзгермейді. Тек уақыт өзгеріске ұшырап, сәйкесінше, олардың сұраныс аясы да кеңейді. Ал біздің мақсат – оқырманның рухани, шығармашылық, ғылыми қажеттіліктерін өтеуге тырысу. Содан болар, қызметіміз жетіліп, дамып келеді. Жастар ақпараттық ресурстарды қолданғысы келсе, егде жастағылар шахмат ойнағысы келеді. Яғни, кез келген адам өзіне қажеттісін тауып алады. Ал біз жәрдемдесуге әзірміз. Бос отыратын уақыт жоқ. Кітапхана ішіндегі тірлік қайнап жатыр. Бұрын оқырмандар бізге өздері келіп, кітап іздейтін. Қазіргі кітапсүйер қауымның мінезі басқа. Сандық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты қызметіміз де заманауи оқырманға бейімделуіміз керек. Сондықтан, сандық кітапханаларымыздың жұмысы реттеліп, онлайн шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Біз заман көшінен қалмауымыз керек», - дейді тәжірибелі маман.

Жалпы, салада оқырманға ғана емес, кітапханашыға да қолдау бар. Себебі, бұл мамандық иелері жас ұрпақты ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеуге атсылысып жүрген жандар. 

Елімізде бұл мәселе Үкімет дейгейінде көтеріліп келе жатыр. Демек, саланы жүрек қалауымен таңдап, мәртебелі мамандық иесі атанғысы келетін білікті жастардың көптеп келетін күн де алыс емес.

Өзгелердің жаңалығы