Кітапхана – кітап сақтайтын қойма емес – кітапханашы

31 Мамыр 2024, 07:52
1534
Бөлісу:
Кітапхана – кітап сақтайтын қойма емес – кітапханашы
Фото: жеке мұрағатынан

Гулбағира Сәдірқызы 30 жылдан аса осы салада табан аудармай еңбек етіп келеді. Бір саланың жілігін шағып, жылдар өте өзі де сол салаға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанына дәлел – оның алған мадақ-марапаттары, сый-құрметтері, республиканың әр қиырында үздік еңбек етіп, қоғам пайдасына қызмет қылып жүрген шәкірттері.

BAQ.KZ журналисі бақытын осы мамандықтан тапқан, шәкірт баптап, талай республикалық сындарда жүлдегер боп келе жатқан қадірлі кітапханашымен сұхбат өрбітті.

Осынау отыз жылдық еңбек жолында көз майын тамызып оқырман да болатын, жаны жадау кісіге кітап арқылы көмек қолын да созатын, кітаптың да, адамның да жанын емдеуші «сөз-дәрігер» бола білетін кітапханашы деген ардақты мамандықтың иесі – осы Гулбағира Сәдірқызы Сүлейменова. Гулбағира Сәдірқызы бүгінде аудандық орталық кітапхананың әдіскері. Аядай ғана ауыл кітапханасында кітапханашы боп еңбек жолын бастаған жан тек кітап беруші-алушы рөлін емес, оның мазмұн-мәнін сұрап, оқырманымен сырласып, кітап кейіпкерін талдап-талқылап, жақсы образды жұртшылыққа үлгі ете білген шынайы мамандық иесі.

«Біздің ауылдағы кітапханашы кітапханашы емес, нағыз жазушы дер едік» дейтін шәкірт сөзі бұл сұхбатқа арқау болды.

Сонымен өркениетті қоғамның басты айқындауышының біріне айналған кітап, кітап оқу үрдісі – мәдени құндылықтар қатарына енгелі қашан. Ал осының бастау-бұлағында ойлы оқырман қалыптастыру жолында кітапханашы еңбегін айтпай кету жөн болмас.

– Гүлбағира Сәдірқызы, қош көрдік! Әңгімені сіздің мамандығыңыздан бастайықшы. Сіз кәсіби жоғары білім алған кітапханашысыз. Бұл мамандықты қалай таңдадыңыз?

– Мен Жамбыл облысы Жамбыл ауданы қазіргі Ерназар ауылында 1971 жылы 8 мамырда дүниеге келдім. Мектепті бітірген соң көп жыл кітапханашы қызметін атқарып жүрген анамның жетелеуімен, Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне "кітапхана ісі" мамандығы бойынша оқуға тапсырдым. Одан кейін Алматы қаласындағы Орта-Азиялық Университеттен жоғары білім алдым.

Анам "Қарағым, осы кітапхана саласында еңбек етіп, бар баламды жеткердім. Сен де менің соңымнан ерсең, халыққа адал қызмет етсең, бар арманыңа жетесің" деген еді. Мен осылай кітапхана саласына бет бұрып, анамның сара жолына түстім. Содан 20 жылдан астам мектеп кітапханасында, 10 жылдан аса көпшілік кітапханада қызмет атқарып келемін. 2020-2023 жылдары Бектөбе ауылдық кітапханасында кітапханашы, 2024 жылы қаңтар айынан бері аудандық орталық кітапханасында әдіскер қызметін атқарудамын.

– Еңбек жолыңызды шағын ауыл кітапханасынан бастадыңыз...

– Иә, 1998 жылы Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Бірлесу-Еңбек ауылында мектеп кітапханашысы боп еңбек жолымды бастадым. Атадан қалған мұра – асыл қазына, көненің көзі, ескінің сөзі, атаның өсиеті, ананың мейірімі, білімнің бастауы кітап болса, ал кітап қорын насихаттау, балалардың кітапқа қызығушылығын арттыру, анықтамалық әдебиеттерді пайдалану арқылы ақпарат беру - кітапханашының парызы. Осы мақсатта ауыл кітапханашысы болғандықтан, ауылдың тыныс-тіршілігіне етене араласып, оқырмандарымның сұранысына, талап- тілектеріне сай қызмет көрсеттім. Кішкентай ағаш вагонда орналасқан кітап қорын сақтап қалу үшін, ескі ғимарат бөлмелерін әктеп, әрлеп, терезесі жоқ болса терезе салып, кітап қорын орналастырып жүрдім. Кішкентай бөлмеде қызмет көрсетіп, талай таланттылар шыққан қасиетті орын болды.

– Сіздің ауыл оқырмандарына кітап беріп, қайта алғанда қояр талабыңыз бар еді. Әсіресе жасөспірім оқушылардан кітаптың мазмұнын сұраушы едіңіз?

Оқырмандардың жас ерекшелігіне қарай кітап таңдауын, оқыған кітабы туралы мазмұнын көпшілік алдында еркін мәдениетті тілмен жеткізуін талап ететінмін. «Баланың тілі – бал» демекші өзінің сөз саптауымен, ой ұшқырлығын қосып, қызықты етіп кітап мазмұнын жеткізетін оқырман да, тек сұрақ қоя отырып мазмұнын жеткізетін оқырман, суреті, иллюстрациясы арқылы мазмұндайтын да оқушы да болатын.Түрлі іс- шара ұйымдастырылып, үлгерімі нашар оқушылар белсенділік көрсетіп, жақсы оқитындармен бірдей қалыспай қатысатын. Жалпы кітапханадағы еңбек жолымда көптеген дарынды оқушылармен жүйелі жұмыстың нәтижесінде дарыны мен қабілетін ашып, олардың болашағына бағыт бере алдым. Кадралиев Айбектің мәнерлеп оқуға, өлең шығаруға талантын байқап, оның үздіксіз шығармашылығын шыңдадым. 5-сыныптан бастап аудандық Абай оқулары байқауына, жыл сайын аудандық, облыстық Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауларына қатыстырып отырдым. А.Құнанбаевтың, Ж.Жабаевтың, М.Мақатаевтың, М.Шахановтың, Қ.Аманжоловтың, О.Бөкейдің, т.б. ақын-жазушылардың шығармаларын жаттап өсті. Нәтижесінде Айбек 13 жасында аудандық Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауында ІІ орын, 14 жасында І орын, 15 жасында І орын дипломымен, осы жылы облыстық Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына қатысып жүлделі ІІІ дәрежелі дипломмен, 15 жасында аудандық "Абай оқулары" байқауында ІІ орын, 16 жасында І орын алды."Жастардың жарқын болашағы" жоба аясында өткен облыстық "Жас талант" байқауында 16 жасында "Жас ақын" номинациясы бойынша ІІ орын алды. Бірнеше рет газет беттерінде өлеңдері жарияланды. Қазіргі кезде ТАРМУ-дың ІҮ курс білімгері филология саласында, "Жас Отан" жастар қанаты ұйымының төрағасы, көптеген іс-шаралардың көшбасшысы, елге танымал асаба.

Кітапқа адал оқырман ретінде өзіңнің де қосқан үлесіңді атап өткім келеді. Орманова Фариза да өз жолын журналистикадан тапты.Ол да мақала жазуды ұнататын, сондықтан кітапханада өткен іс-шараларды газетке жазатын. Құрманов Еркебұлан 2011жылы аудандық олимпиададан ІІІ орын, Ж.Жабаевқа арналған аудандық "Жүз жасаған бәйтерек"байқауында І орын, аудандық" Махамбет оқулары" байқауының "Тартынбай сөйлер асылмын" бөлімі бойынша Іорын алды.Қазіргі кезде бастауыш сыныптардағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарады. Дарынды оқушыларды дер кезінде анықтап,олардың болашағына жол ашу – бұлақтың көзін ашумен бірдей, сондықтан кітапханашы балалардың болашағы үшін аянбай еңбек етуі қажет.

Қорыта келе айтарым: әр бала жұлдыз болуға лайық! Кітапханашы әр баланың жұлдызын жаға білетін бірден-бір адам дегім келеді.

– Гүлбағира Сәдірқызы, бүгінде елімізде кітапхана ісінің көкжиегі едәуір кеңейіп келеді. Кезінде «Бір ел – бір кітап», тағы басқа бірнеше жобалар нәтижесін беріп келе жатқандай. Сіздіңше, қазақ қандай оқырман?

– Қазақ оқырманы – таңдап, талғап, сын айта алатын, кітапқа айрықша мән беріп оқитын, оқыған кітабынан алған принциптерін жазып алатын сауатты, көзі ашық, көңілі ояу, зейінді, зиялы қауым. Қазіргі кезде кітап оқу клубтары әлеуметтік желіде көп. Аудиокітаптарды құлаққапты құлағыңа салып тыңдап жүріп, үй шаруасын жасай бересің. Сондықтан кітап оқуды мақсат еткен адам амалын табады. Подкасттарды көріп, жастар кіаптарды талқылағанда көңіліміз толады. Шындап келгенде, мені өсірген, мені есейткен, мені оқытқан – ойлы оқырман, қарапайым ауыл халқының сұранысы, жас балалардың ізденісі. 

– Оқырман көбейту, кітап оқу, кітапхана ісін жүйелендіру елімізде қалай жүзеге асып келеді? Кәсіби кітапханашы ретінде қандай әдіс-тәсілдерді ерекше айтар едіңіз? Өзіңіз қандай да бір жоба-жоспар жасап, қолданысқа енгізіп көрдіңіз бе?

– Кітапханаға жаңа дизайн жасап, көп жылғы тәжірибемді қолданып, жаңа жобаларды қолға алдым. Өскелең жас ұрпаққа жергілікті ақын-жазушылары шығармаларын оқуға, туған жердің тарихын зерттеуге жол ашатын "Өз өлкеңді тани біл!" жобасы аясында ауылдан шыққан кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері, Желтоқсан оқиғасының куәгерлері, жас қоғам белсенділерімен TEDx форматында қонақжай, бенефис, сұхбат т.с.с. кештер ұйымдастырылып келеді. Осы жоба бойынша ҮІІ- ХІІ ғасырлардағы қаланың орны "Бектөбе қалашығы" ашық аспан астындағы мұражайына саяхаттар өткізіп, археологиялық зерттеулер мен қазба жұмыстары туралы ақпараттар, "Домбыра төбе" туралы мәліметтер берілді. Жобаны іске асыру барысында кітапхана оқырмандарымен «Туған жердің тарландары» зиялы қауым өкілдерімен әдеби-сазды кеш, «Ауыл – еңбек мен берекенің ошағы» еңбек ардагерлерімен өнеге сағаты, «Мен өз елімнің патриотымын» акция, «Жас ұрпақ – тәуелсіз елдің ертеңі» жас қоғам белсенділерімен кездесу кештер, «Ауылым неткен көркем» саяхат, т.б. көпшілік 14 іс- шара ұйымдастырылып, 365 адам қамтылды. Жобаның нәтижесінде

  • электронды қорды, өлкетану, тақырыпты картотекаларына «Бектөбе қалашығы», «Жергілікті ақын- жазушылар», «Туған өлкемнің тарихы» жаңа айдарлары беріліп, құнды деректермен және баспасөзге жарияланған мақалалармен толықтырылды;
  • жергілікті қаламгерлер Қуат Бораштың «Өз елім- өркениетім» кітабы, Мейрамбай Сатыбалдиевтің «Табалдырығыңа табын»кітабы, ғалым- академик Көпжасар Нәрібаевтың «Тұлғаларға тағзым», «Жасырын жатқан жырларым», «Менеджмент» тағы басқа кітаптары кітап қорына сыйға берілді;
  • «Бектөбе қалашығы» ашық аспан астындағы мұражайына саяхат жүргізілді;
  • өлкеміздің тарихи деректері мен әдебиет саласында оқырмандардың білім көкжиегі кеңейтілді;
  • «Тарихы тұнған туған жер» атты арнайы өлкетану бұрышы ұйымдастырылып, өлкетану әдебиеттері, фотосуреттер, газет-журналдар, «Туған жерге тағзым» тақырыбында әдістемелік құралдар, библиографиялық көрсеткіштер жинақталды;

Жобаға белсенді қатысқан жас оқырманым Дәулетбай Дархан туған өлкені зерттеуде «Бектөбе қалашығы» тақырыбында ғылыми жобаны қорғап, аудандық байқауда ІІІ орын иеленді.

Кітапхана – кітап сақтайтын қойма емес – кітапханашы
Кітапхана – кітап сақтайтын қойма емес – кітапханашы

Кітапханада балаларға арналған «Мен оқыған бір кітап» кітап оқу жобасы аясында оқырмандардың шығармашылығын шыңдап келемін. Жоба аясында 18 іс- шара ұйымдастырылып, 368 адам қамтылды. «Менің сүйікті ертегім» интерактивті сайыс, «Кітап- ақыл патшасы» кітап мерекесі, «Әжемнің ертегілері» көріністер шеруі, «Бар мейіріміміз балаларға» ертеңгілік, тсс іс- шаралар ұйымдастырылды. Түрлі мәнерлеп оқу байқауларына, шығармашылық сайыстарға дайындап, шағын әңгіме құрастыруға үйреттім. Нәтижесінде Шаяхмет Мейрамбектің «Алып күш иесі» әңгімесі республикалық «Ақ желкен» журналында жарияланды. «Мақатаев оқулары» республикалық байқауында Базарбек Мариям І дәрежелі Дипломмен марапатталды. "Бізді біріктіретін кітап" атты республикалық байқауда Сарбашев Асланби Төлен Әбдіктің "Оң қол" әңгімесін айтып, видеоролигін жариялаған. Байқау нәтижесінде ІІІ дәрежелі Диплом және "Үздік оқырман-2023" номинация бойынша ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Таубай Айгерім Абай Құнанбаевтың "Жүректе қайрат болмаса" атты өлеңін оқып, тамаша бейне - Reels жариялағаны үшін Ұлттық академиялық кітапханасының дипломымен марапатталды. Инстаграм желісінде 1070 қаралым жинады.

Кітапханашының негізгі міндеті ақпараттық қызмет көрсету болғандықтан, 2019 жылдан бастап Цифрландырылған ақпараттық орталығы қызметін жүргіземін. Ауыл тұрғындарына егов. кз порталын пайдаланып, 20 түрлі қызмет түрінен анықтамалар мен ақпараттар беріп отырдым. Цифрландырылған ақпараттық орталығының тиімділігі ауыл тұрғындары аудан орталығына, қалаға қатынап уақытын, қаражатын жоғалтпайды. Бүгінде 954 адамға 1981 анықтама берілді. Тұрақты оқырмандарды кітап оқуға қызықтыру үшін "Өлкетану әдебиеттері – цифрлы форматта" жобасы арқылы жергілікті қаламгерлердің әдебиеттерін QR код арқылы насихаттадым.

Сондай- ақ, республикалық «Ұлттық рухани жаңғыру жобасы» аясында ұлттық салт-дәстүрлерімізді кеңінен насихаттау, әдет-ғұрыптарымызды өскелең ұрпақтың санасына сіңіру, жасөспірім қыздарымызға тәлім-тәрбие беру мақсатында кітапханамызда тұрақты түрде "Тұмар" әжелер клубын ұйымдастырдым. Клуб мүшелерінің қатысуымен"Сырласайық, жеңеше!"келіндер сайысы, "Дәстүрімнің балқаймағы – әжелер" атты әжелер сайысы жүйелі түрде ұйымдастырылды, клуб аясында «Отбасы – бақыт мекені» өнеге сағаты, «Қызым үйде, қылығы түзде» сырласу кеші, «Қазақтың ұмытылған салт-дәстүрлері», «Әженің сөзі – тәрбиенің көзі» ашық сұхбат алаңы, 11 іс-шара өткізіліп, 145 адам қамтылды. Сонымен қатар, аудандық оқырман отбасы байқауларына қатысып, 2022 жылы Ормахановтар отбасы жүлделі ІІІ орынға, 2023 жылы Ергешовтар отбасы жүлделі І орынға ие болды.

Ал әдіскер қызметіне келгелі ауылдық кітапханашылардың біліктілігін арттыру, заманауи әдіс-тәсілдерді кітапхана жұмысында пайдалану, оқырмандарға интерактивті білім беру жүйесін қалыптастыру мақсатында "Заманауи оқырманға- заманауи кітапхана" тақырыбында жобамды қолға алдым. Заманауи әдіс-тәсілдер ақпарат беру жүйесін жаңарту және дамыту ғана емес, кітапхана жұмысында қолдану арқылы оқырмандардың шығармашылық қабілеттерін арттырады. Мұндағы мақсат – кітапхананың қызмет көрсету деңгейін еуропалық тәжірибеге негіздеу. Оқырмандарға креативті, жаңа технологияларды қолданып, «Жамбыл облысының киелі жерлері" атты Plickers әдісі бойынша блицсауал, «Әдебиет әлемінде» атты "Kahoot" ойыны, "Кім тез табады?" атты "әдеби джем " ойыны, «Миға шабуыл» әдісін қолдана отырып, "Сіз қалай оқисыз?" тақырыбында сауалнама, «Тәтті викторина» ойыны, "Жаңа кітаптар әлемінде" атты "Booktasting" әдісі арқылы жаңа әдебиеттермен таныстыру. Нәтижесінде гаджеттерді пайдалы жағына қолдануды үйреттім, заманауи әдістердің тиімділігі жас ұрпақтың жаңашыл, ізденімпаз болуына жол ашады. Заманауи әдістер оқырмандар шығармашылығының шыңдалуына, өз ойын еркін жеткізе алатыны, сындарлы ойлауға, топтық жұмыстағы талпынысының артқаны, жаттанды емес жаңа интерактивті білімді алып, өмірде қолданылатынымен маңызды, тиімді болғаны өткізілген шаралардан тамаша көрініс тапты.

Осы жұмыс тәжірибемді бөлісіп, нәтижелерін тарату мақсатында Инфоурок сайтында материалдарым жарияланды.Соның ішінде «Кітапхана жұмысындағы заманауи әдіс-тәсілдердің тиімділігі» атты материалым 90 рет жүктеліп, кітапханашы әріптестерімнің қажетіне жарап, 13000 астам қаралым жинады. Сондай- ақ баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде, әдістемелік және библиографиялық құралдар арқылы және аудандық семинарларда тәжірибе алмасып таратып отырамын.

– Гүлбағира Сәдірқызы, сіз елдің бас қаласы – Астанада біраз жыл осы салада қызмет қылдыңыз. Ауыл кітапханасы мен Астана кітапханасының артық-кемдігін атап беріңізші.

– 2015- 2019 жылдары еліміздің бас қаласы Астана қаласы «№81Astana English School мамандандырылған гимназиясында» кітапхана меңгерушісі болып жұмыс істедім.

Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу, мектеп түлектерін қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін білуін жетілдіру, оқыту нәтижесін оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіспен ақпаратты терең талдау – біз қаласақта қаламасақта қазіргі заман талабы болғандықтан, біз «білім алушылар не істей алады?» деген сұраққа жауап беруіміз керек. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту талабы жоғарғы кәсіптілік пен интеллектуалдықты қажет етті, сондықтан кітапханашыларды біліктілігін арттыру бағытында Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі кітапханаларда бізді төрт жыл бойы семинар- практикум ұйымдастырып оқытты. Мұндағы мақсат – кітапхананың қызмет көрсету деңгейін еуропалық тәжірибеге негіздеу. Біз алған білімімізді кітапхана жұмысына пайдаланып, нәтижесін таратып отырдық. Ауыл кітапханасы мен Астана қаласының кітапханасы арасы жер мен көктей айырмашылық бар. Астанада барлық жағдай жасалған тек жұмысты игеріп алып кету керек. Бірақ қазақ тілін білмейтін, білуге талпынбайтын оқырманмен тікелей жұмыс жасадым.Ата-аналары да қазақшаға шорқақ, бірақ балалары қазақша өлең оқыса,ән айтса, кітап оқыса қуанатын. Ағылшынша және орысша тілдік қатынас болды. Іс- шараны қазақша аудиожазылым жаздырып, сахналық көрініс арқылы жүргізіп жүріп, тіл мамандары мен ұстаздардың ерен еңбегінің арқасында қазақша дәстүр мен тәрбиеге сайтүрлі форматта өткізіп отырдық. Ал ауылда оқырмандар қазақша сайрап тұр, бірақ кітапханашылар деңгейі қазіргі жаңа технологиямен, инновациялық форматта жұмыс жасауға дайын емес. Жаңартылған білім мазмұнына сай түрлі платформалар мен бағдарламалар күннен- күнге дамып жатқанда оқырмандарды дөңгелек үстел, тақырыпты кешпен қызықтыра алмайсың , бірақ оқырмандар кітап оқуға талпынып тұр. Сондықтан мені аудандық орталық кітапханаға директор Аида Қуанышқызы ұсыныс жасап, әдіскер етіп ауыстырды. Осы уақыт ішінде екі рет семинар- практикум өткізіп, кітапханашылардың біліктілігін арттыруға қызмет көрсетіп жатырмын. Нәтижесін ұйымдастырған іс- шараларынан көріп отырмын.

– Тағы бір сауал: кітапхана, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін не істеу керек? Бұл іске оқырман мүдделі болу керек пе, әлде мемлекет қандай да бір заң қабылдау керек пе?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев II Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «Кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек» деп атап көрсетті. Біздің мемлекетімізде кітапхана туралы Заң қабылданбаған. ҚР Мәдениет туралы Заңының 24-бабында кітапхана ісі туралы жазылған. Кiтапхана мамандарын даярлау мен олардың бiлiктiлiгiн арттыру курстары республика, облыс көлемінде тегін ұйымдастырылып, кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың жаңа тетіктерін, формаларын үйрететін сабақтар өткізілсе дұрыс болар еді.

Мемлекет басшысы кітапханаға бет бұрып, осы саладағы кітапханашылардың жалақысын жыл сайын өсіріп жатыр. Жергілікті аудан әкімшілігі де екі қабатты жаңа кітапхана салғызып жатыр. Енді қалың жұртшылықтың кітап оқуын жоғарғы деңгейге көтеріп, кітапхананың жұмысын жандандыруымыз керек. Жаңа Қазақстанның креативті жастарын тәрбиелеу, зейнеткерлік жастағы азаматтарға қолдау көрсету, зағип жандардың қоғамда бейімделуіне кітап оқуға тарту арқылы көмектесу, кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін арттыру – кітапхана жұмысын үйлестірудің басты мақсаты. Аудандық кітапханалардың заманауи дамуына жол ашатын жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше жобалар аясында іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мысады, 6-13 жас аралығындағы балаларға арналған «Оқырман, кітап оқы!» жобасы, 14 пен 20 жас аралығындағы жастарға арналған «Жас қаламгер» жобасы, 15-17 жас арасындағы «Оқу залының лидері» интеллектуалдық жобасы, 18-35 жас арасындағы «Кітап – рухани әлем, оқы да ойлан!» кітапханалық жобасы, «Шуақты шаңырақ» жобасы зейнеткерлік жастағы оқырмандар қамтылды. Осы сияқты қарапайым еңбек адамдарын, ауыл азаматтарын қамтитын сол ортаға лайықты контенттік жоспарлар жасалуы керек. Ол контент, тағы да атап айтқым келеді, тек оқырман санын емес, сапасын арттыруға негізделуі тиіс.

– Сіздіңше, кітапхана деген қандай орын?..

– Кітапхана – менің үйім (күледі ) ғой. Кітапхана – көпшіліктің бір-бірімен кездесетін, қызықты тұлғалармен танысатын ақпарат және мәдениет орталығы, кез келген жастағы оқырман үшін пайдалы, кітапты қалың оқырман арасында насихаттайтын қасиетті орын. Адам санасы өскен, дамыған заманда, шүкір, кітапхана – кітап сақтайтын қойма деген қағида жойылды. Кітапхана – мәдениет ошағы. Бүгінде кітапханаларға ерекше көңіл бөлініп келеді. Жыл өткен сайын кітапхана қоры жоғары сапада дайындалған, оқырмандар үшін сұранысқа ие көптеген әдебиеттермен толығуда. Кітапханадағы коворкинг орталығы – заманауи ақпараттық құрылғылармен жабдықталған, адамның бос уақытының пайдалы әрі тиімді өтуіне негізделген және бірлесе жұмыс жасайтын орын. Әлбетте, мұндай жерлердің жастар үшін берері мол. Кітапхана – адамның жаны тыныштық, жақсылық табатын мекен.

Кітапхана – кітап сақтайтын қойма емес – кітапханашы

– Көңіл бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет. Еңбегіңізге жеміс тілейміз!

Өзгелердің жаңалығы