Кітапхана директоры: Қазір кітап оқу жастар арасында кең үрдіске айналып келеді

29 Тамыз 2024, 18:15
560
Бөлісу:
Кітапхана директоры: Қазір кітап оқу жастар арасында кең үрдіске айналып келеді
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Былтыр Ақтөбеде облыстық жасөспірімдер кітапханасы базасында еліміз бойынша алғашқы креативті орталық ашылды. Бүгінде мұнда ақтөбелік жастар бас қосып, түрлі көпшілік-мәдени, әдеби іс-шаралар өтеді. Біз С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлнар Сейталинамен орталықтың жұмысы, сондай-ақ биыл жаңадан пайда болған Ұлттық кітап күні мерекесінің мән-маңызы мен жастардың кітап оқуға деген ынтасы жайлы әңгімелескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

— Жуырда елімізде 23 сәуір — Ұлттық кітап күні мерекесі болып бекітілді. Бұл мереке халықты, жастарды кітап оқуға деген ынталандырады деп сенеміз. Сіздің ойыңша бұл мереке оқырмандарға не береді?

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқып, кітаппен дос болу керегін үнемі айтып отырады және кітапхана саласын дамытуға аса мән беріп келеді. Осы орайда Президенттің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сай, елімізде мерекелер тізіміне 23 сәуір — Ұлттық кітап күні енді. Жалпы, кітап оқудың пайдасының ұшан-теңіз екені айтпаса да түсінікті. Қазақ «Бі­лімді мыңды жығады» деп бе­кер айтпаса керек. Білімге құштар әрі кітап оқитын адамның әрқашанда айтары бар. Ол жай кітапты оқып қана қоймай, қоғамның әр саласының дамуына үлес қосып, еңбек етеп, елімізді өркениетке жетелейді.

Ал кітап пен оқырман арасындағы бірден-бір көпір – кітапхана. Сондықтан «Бұл мереке оқырмандарға не береді?» деген сұраққа жауап берсек, кітаптың құдіретін ұлы ғалым Әлкей Марғұлан «Ғалым боламын деп он мың кітап оқыдым» деп түсіндірсе, ал Әбіш Кекілбаев: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген. Демек, кітап оқыған ұлт, кітапханаға жиі келетін халық қашан да білімді, өнерлі болары хақ.

Кітапхана директоры: Қазір кітап оқу жастар арасында кең үрдіске айналып келеді

— Қазір облыстық жасөспірімдер кітапханасын басқарып отырсыз. Қанша оқырмандарыңыз бар? Кітап қоры мен кітапханашылардың еңбегі, жетістіктеріңіз жайлы айтсаңыз. Басқа кітапханалармен өзара байланыстарыңыз қандай?

— 1978 жылы ашылған кітапханамыздың бүгінге дейін жеткен басты жетістігінің бірі —модернизациялаудың нәтижесінде пайдаланушыларға қызметтердің жаңа жүйесін ұсынып, көпфункционалды орталыққа айналуы. Себебі модернизациядан кейін кітапхана тек кітап оқитын орын ғана емес, оқырман қауымының кітап оқуға деген құштарлығын арттырып, олардың шығармашылық, зияткерлік әлеуетін дамытуға, кәсібіне жол ашуға деген ізденісін жетілдіретін, әртүрлі санаттағы келушілер үшін еркін кездесіп, демалатын орта болды. Кітапхана ғимаратының сыртқы және ішкі заманауи дизайны кез келген адамға ерекше әсер берсе, мұндағы тақырыптық бөлмелер, жазғы шығармашылық алаңдар, сапалы интернет жүйесі білім жетілдіруге, жаңа дүниелерді танып-білуге мүмкіндік береді.

Трансформациядан өтіп, заманауи кейіпке енген кітапханаға келетін оқырмандар саны бүгінде 18 432 адамға жетті. Кітапхананың қоры туралы айтар болсақ, бүгінде қорымызда 78 018 дана кітап бар. Әр адам кітапхана қорындағы кітаптар мен мерзімді басылымдарды пайдалана алады. Биылғы жылдың сегіз айының ішінде кітапханамызға жаңадан жалпы құны 2 761 000 мың теңгеге 637 дана жаңа кітап сатып алынды.

Ал өзге кітапханалармен өзара әріптестік байланыс орнатуға келсек, біз жастардан құралған ұжым болғаннан соң өңірлердегі кітапханалармен, сондай-ақ Г.Тукай атындағы Татарстан орталық кітапханасымен шығармашылық байланыс орнаттық. Мәселен, биыл

24 шілде күні кітапханамызға Әзірбайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулдығының басшысы Эльчин Мамедов келіп, бірнеше кітап тарту етті. Кездесу барысында «Әзірбайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе филиалымен іс-шаралар өткізуді жоспарлау жайы да талқыланды.

Кітапхана директоры: Қазір кітап оқу жастар арасында кең үрдіске айналып келеді

Сондай-ақ кітапханамызға есімі берілген елімізге белгілі тұлға, лирик ақын Сағи Жиенбаевтың туғанына биыл 90 жыл толды. Жалпы, ақын есімі кітапханаға 2000 жылы берілген болатын. Биыл осы мерейтой аясында біз өзге кітапханалармен ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған іс-шаралар өткізіп жатырмыз.

«Сен үшін жидым бәрін, өбейін деп,

Бәрін де бір өзіңе төгейін деп.

Осынау тасып жатқан тар кеудемнен,

Туған жер, сені құшып көрейін деп», — жырлаған Сағи ақынның елге, жерге деген сағынышы бір бөлек қой. Міне, осындай сағынышын елге арнаған лирик ақынның шығармашылығымен, өмір жолымен танысқысы келген кез келген оқырман кітапханамызға келіп, жұмысымызбен танысып, сондай-ақ ақынның музейін көруіне мүмкіндік бар. 2020 жылы ашылған бұл музей — бүгінде ақынның мол мұрасы сақталған киелі орын. Бұл жерде талант иесінің тіршілігінде тұтынған тұрмыстық зат­тары мен кітаптары жинақталған.

Жалпы, біздің кітапханамызға келген әрбір оқырман ақынның шығармашылығымен таныс деп айта аламыз. Осындай киелі шаңырақта қызмет етіп жатқанымызға, біз, кітапханашылар қауымы, қашанда қуанамыз.

— Бүгінде кітапхана базасында алғашқы креативті орталық жұмыс істеп жатыр. Орталықтың жұмысы, негізгі бағыттары, жастарға арналып өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы айтсаңыз.

— Бүгінде біздің кітапхана креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын орындау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше атсалысып келеді. Кітапхана түрлі басқосулар өткізуге, идеяларды бөлісуге арналған әрі жастар мен тұрғындардың жобаларын жүзеге асыруға, контент жасауға, таланттарын шыңдауға мол мүмкіндік береді. Бүгінде мұнда қызығушылық клубтары мен бірнеше үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде «Дамушы орта» мобилография клубы, «Жан сыры» жастар театры, «Ер Едіге» жыр мектебі, «СG ART» виртуалдық өнер клубы, тіл үйрену курсы, т.б.

Кітапхана директоры: Қазір кітап оқу жастар арасында кең үрдіске айналып келеді

дәстүрлі абонемент, оқу залдарымен қоса, комьюнити спейс, бірнеше IT, қоғамдық диалог, «Comics room», ағылшын, өнер, әлем әдебиеттері сынды тақырыптық бөлмелері бар.

«Ата салтың – халықтық қалпың» дегендей, «Қазақ әдебиеті мен дәстүр» залында бабадан балаға мирас болып, заман көшімен жалғасып бүгінгі күнге жеткен салт-дәстүр, әдеп- ғұрыптарымыз, қазақтың мәртебесін көтеретін мұраларымызға құрметпен қарап, оларды қастерлеуге бағытталған іс-шаралар мен төл өнеріміз насихатталады. Сонымен бірге кітапханамызда «СG ART» виртуалдық өнер клубының жетекшісі Алмаз Елеуов құрастырған «Көз тартатын қазына» - «Alluring Treasure» үстел ойыны бар. Оған кітапхана қорындағы «Анатомия для 3D художников», Д.Гарнидің «Цвет и свет», «Как нарисовать то, что не существует», «Руководство по рисованию фэнтези. От черновика до готового персонажа», т.б. кітаптары бірден-бір себебін тигізді. Яғни, ол осы кітаптарды оқып, өмірде пайдаланып, осындай ойын құрастырды.

— Жалпы, кітапхана базасынан орталық ашу кімнің идеясы?

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітапханаларды жаңғырту жөнінде тапсырма берген-ді. Ал Ұлттық құрылтайда: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. ...Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет», — деген болатын. Міне, Президентіміздің арнайы тарсырмасы аясында өткен жылы Ақтөбе облысы әкімдігі және бас демеуші «Самұрық – Қазына» АҚ компаниялар тобының «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылай қолдауымен кітапханаға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жаңарған кітапхананың ғимараты осындай үлкен орталыққа айналды. Кітапхана – құндылықтар жинақталған қасиетті орта. Сондықтан біз мұнда жас ұрпақты кітап оқуға баулу үшін жұмылып жұмыс жасап жатырмыз.

Орталық ашылғалы бері біз бүгінге дейін жастардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру, білімін жетілдіру, олардың бойындағы отаншылдық және ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру мақсатында бірнеше орталықпен ынтымақтастық меморандумға қол қойдық. Олардың қатарында Ақтөбе қаласының тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталығы, «Best Front» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Bilim-bolashak» білім берудегі инновациялық технологиялар орталығы, басқа да мерекелер бар. Қазір осы орталықтармен бірлесе қарқынды жұмыс істеп, жастарға түрлі іс-шаралар өткізіп жатырмыз.

Кітапхана директоры: Қазір кітап оқу жастар арасында кең үрдіске айналып келеді

— Қазір үлкендер жағы «жастар кітап оқымайды» деп шағымданады. Сіздерге келетін жасөспірімдердің саны қанша? Жаңа орталық ашылғалы кітапханаға келетін жастардың саны бұрынғыдан көбейді ме?

— «Жастар кітап оқымайды» деген сөз әр адамның субъективті пікірі деп ойлаймын. Хакім Абай айтқандай, «артық білім – кітапта». Ақпараттық технология дамып, электронды оқулықтар мен әдебиеттер көбейгеннен бастап, бұл пікір үнемі қоғамда айтылып келеді. Дегенмен Президент айтқандай: «Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды».

Бүгінде кітап оқу, әсіресе, жастар арасында кең үрдіске айналып отыр. Бұған күнбе-күн кітапханаға келетін оқырмандардың саны артып отырғандығы дәлел. Мәселен, бүгінде біздің кітапханамызға келетін жасөспірімдердің саны 12 мыңнан асты. Бұл — үлкен жетістік.

— Қазір жастардың көбі кітап сатып алғаннан гөрі шығармаларды интернеттен оқығанды дұрыс көреді. Бұл орайда сіздерде электрондық кітаптар оқитын мүмкіндік бар ма?

— Кітапхананың материалдық-техникалық базасы заманауи талапқа сай. Бүгінде орталықта 5 IT-зал бар, онда 30 жаңа компьютер орнатылған. Жоғары жылдамдықты интернет пайдаланушыларға қолжетімді. Кітапхананың aktobeoub.kz сайтында кітапты электронды форматта оқу мүмкіндігі бар және керек материалдарды цифрлық нұсқаға аударып алу үшін сканер қызметі де қарастырылған. Сондықтан бұл бағытта ешқандай мәселе жоқ.

— Сіздің кітапханаға басшы болып келгеніңізге көп болмады, болашаққа қандай идеяларыңыз, жоспарларыңыз бар? Жаңа оқу жылында қандай іс-шаралар өткізесіздер?

— Менің басты миссиямның бірі — руханияттың­ дәнін сеуіп, кітаптың қадір-қасиетін дәріптеуші кітапханашы ретінде жаппай кітап оқитын ұлтқа айналу жолында үздіксіз еңбек ету. Сондай-ақ жасөспірімдер кітапханасы жастардың кәсіби өсуіне, креативті ойлайтын, ойы ұшқыр білікті маман болу жолындағы тәжірибе алаңына айналуы тиіс деп санаймын. Осы бағытта біз биыл кітапхана базасында «Aqtobe­ IT Hub» орталығы, «almaz.games_school», «Mоunt orta» шығармашылық кеңістіктерімен, «Eco MADENIET», «Жүректен жүрекке» және тағы басқа да жас еріктілер ұйымдарымен IT-бағытында сабақтар, тарихи тұлғалармен, ақын-жазушыларымызбен кездесулер, сондай-ақ экологиялық мәселелерден сыр шертетін көптеген көрмелер, танымдық кештер ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ биыл 18-19 қыркүйек аралығында Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының 90 жылдық мерейтойына арналған «Қарағанды 09: еркін диалог аймағы» халықаралық OpenTalk-қа қатысып, тәжірибе алмасу ойымызда бар.

Жалпы, бүгінде кітапхананың жоспарына сәйкес, апта сайын түрлі басқосулар, әдеби-мәдени кештер, кездесулер өткізіледі. Осы шаралардың барлығына облыстың жастары, әсіресе, жасөспірімдер қатысып, өз үлесін қосуда. Алда жаңа оқу жылы басталады, сондықтан қыркүйек айынан бастап бізге келетін студенттердің, жалпы өңір жастарының қатары көбейеді деп сенеміз.

Сөз соңында айтарым, лайым еліміз тыныш, халқымыз аман, білімді, кітап оқитын жастарымыз көп болсын!

— Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы