Кірістер комитеті ескертеді

31 Тамыз 2022, 13:51
1054
Бөлісу:
Кірістер комитеті ескертеді

Жалпыға бірдей декларациялау аясында салық декларациясын тапсыру мерзімінің аяқталуына 15 күн қалды,  деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Мемлекеттік кірістер комитетінде жыл сайынғы декларацияда қандай мәліметтер көрсетілуі керек екенін түсіндірді.

Ағымдағы жылдың 31 тамызындағы жағдай бойынша 107 мыңға жуық адам декларацияны тапсырмаған. Жалпы ағымдағы жылы 572 мыңнан астам жеке тұлға кірістері мен мүлкі туралы декларацияны тапсыруы тиіс болатын.

Кірістері мен мүлкі туралы декларация (270.00-нысан) 2022 жылғы 15 қыркүйекке дейінгі мерзімде тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органына ұсыну қажет.

Кімдер тапсыруға міндетті?

Осы жылы мынадай санаттағы азаматтар декларацияны тапсыруға міндетті:

- жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары;

- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар мен олардың жұбайлары;

- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары;

- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес декларацияны табыс ету міндеті жүктелген адамдар.

Декларацияда қандай ақпарат көрсетілуі тиіс?

Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияда (270.00-нысан) мынадай ақпарат көрсетілуі тиіс:

- күнтізбелік жылы үшін, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде алынған кірістер;

- салықтық шегерімдер;

- мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікті сатып алу немесе иеліктен шығару немесе өтеусіз алу;

- басқа тұлғалардың жеке тұлға алдындағы берешегі (дебиторлық берешегі) немесе жеке тұлғаның басқа тұлғалар алдындағы берешегі (кредиторлық берешегі); 

- шетелдік банктердегі банктік шоттардағы ақша және Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі мүлік.

2021 жылы жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы  декларациясын (250.00-нысан) ұсынған адамдар 2022 жылы кірістері мен мүлкі туралы декларацияны (270.00-нысан) ұсынуы тиіс.

Уақытылы тапсырмағандарға жауапкершілік қандай?

Егер салық декларациясы мерзімінде табыс етілмесе, онда салық органдары алғашында ескертумен шектеледі («Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 272-бабының 1-тармағы). Ескерту берілгеннен кейін бір жыл ішінде жеке тұлға тарапынан қайталап бұзушылық орын алса, он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатыды, ол бүгінгі күні 45 945 теңгені құрайды («Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 272-бабының 2-тармағы). 

Өзгелердің жаңалығы