2024 жылы республикалық бюджеттің кірістері бойынша жылдық жоспар 97,2 пайызға орындалды. Бұл жөнінде Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, бюджетке 19,6 трлн теңге түскен.
Жоспардың орындалмауына бірнеше негізгі фактор әсер етті. Біріншіден, үшінші елдерден импорт көлемі 2 млрд АҚШ долларына азайды. Екіншіден, Теңіз кен орнындағы болашақ кеңейту жобасын іске асыру мерзімі кейінге шегерілді. Үшіншіден, бюджет есебінен 1 трлн 216 млрд теңге көлемінде қосылған құн салығы (ҚҚС) қайтарылды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда үш есе көп, – деді Мәди Тәкиев.
Сонымен қатар ҚҚС түсімдері бойынша салыстырмалы түрде өсім де байқалған. 2023 жылмен салыстырғанда салықтар 1,4 пайызға, ал қосылған құн салығы 4,8 пайызға артты.
Министр өз баяндамасында экономикадағы көлеңкелі айналымды қысқарту бағытында атқарылған шараларға да тоқталды.
2024 жылы осы бағыттағы жұмыстар нәтижесінде бюджетке қосымша 1 трлн 280 млрд теңге түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 349 млрд теңгеге немесе 37 пайызға көп, – деді ол.
Бұған дейін Қаржы министрі Мәди Тәкиев Қазақстанның мұнайсыз да өсіп жатқанын атап өтіп, 2024 жылы жалпы ішкі өнім 4,8 пайызға өскенін айтты.