Кирилл құрсауынан шығып, латын графикасына өтудің маңызы зор – Қазыбек Иса

29 Қаңтар 2021, 10:18
2039
Бөлісу:
Кирилл құрсауынан шығып, латын графикасына өтудің маңызы зор – Қазыбек Иса

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 28 қаңтарда Премьер-министр Асқар Мамин өткізген қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысында жетілдірілген жаңа латын әліпбиі нұсқасы таныстырылды. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса пікір білдірді.

Ұлттық кеңестегі біздің ұсынысымыз, екі диграф әріпті алып тастап, Ш-ны диакритикалық таңбамен беру, Ч әрпін мүлде алып тастау және қазақтың І әрпін қайтару туралы сұрауымыздың бәрі орындалыпты. Осыған қуандым. Біздің «Ақ жол» партиясы латын графикасындағы қазақ әліпбиіне өтуді 2007 жылғы ұлттық концепциясын қабылдағаннан бері насихаттап келеді, - дейді Қазыбек Иса.

Ол 2019 жылы 6 қыркүйектегі Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды ұсынғанын сол жерде латын әліпбиі туралы да түзетулері болғанын айтты.

Ұлттық кеңестегі ұсынысымыз жерде қалған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 21 қазандағы латын графикасы негізінде қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі Жарлығы шықты. Осы тапсырманы орындау аясында әліпбидің 40-тан астам нұсқасы, сондай-ақ қазақ тілінің емле ережелерінің жобалары мен пернетақтадағы әріптердің орналасу тәртібі қаралған. Осы жолы таныстырылған жетілдірілген әліпбиде бұдан бұрынғы 32 әріптен біз айтқан «Ч» әрпін алып тастап, 31 әріп қалыпты. Әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қазіргі ә (ä), ө (ö), ү (ü), ұ (ū) және ғ (ğ), ш (ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген, - дейді депутат.

Оның айтуынша, әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧ ), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қолданылған. Әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді.

Кирилл құрсауынан шығып, латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиіне өту - кезіндегі рубль аймағынан шығып, төл теңгемізді қабылдағандай маңызды. Рухани тәуелсіздіктің бастауы болатыны анық. Ұлттық рухани деколонизация латын әліпбиіне көшу әрекетімен басталуда.Енді әрқайсымыз жаңа әліпбидің артықшылығын  жалпы халыққа таныстыратын ақпараттық-насихаттық жұмысқа өз үлесімізді қосуымыз қажет, - дейді Қазыбек Иса.

Өзгелердің жаңалығы