Профессор: Кітапханашы – ақпаратты көпшілікке жеткізетін күретамыр

15 Қазан 2021, 17:36
3352
Бөлісу:
Профессор: Кітапханашы – ақпаратты көпшілікке жеткізетін күретамыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде жыл сайын 15 қазанда Кітапханашылар күні аталып өтеді. Осы атаулы күнге орай кітапханашыларды дайындап жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультетінің деканы, профессор Меңдігүл Ноғайбаевамен кітапхана ісі жайлы әңгіме өрбіткен едік.

Профессордың айтуынша, қазір отандық кітапханашыларды дайындаудың заманауи жаңа бағдарламасы жүзеге асып жатыр.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультетінде біз «кітапхана ісі» мамандығы бойынша студенттерді дайындаймыз. Осы мамандықты үш сатылы жүйеде – бакалавр, магистратура, докторантура сатысы бойынша дайындайтын бірден-бір жоғары оқу орнымыз. Еліміздің басқа да білім орындарында «кітапхана ісі» мамандығы бойынша бакалавр деңгейінде дайындалады. Ал, біздің ерекшелігіміз алғашқы болып республикада магистратура сатысын аштық. Одан кейін соңғы үш жылдың көлемінде кітапхана ісі бойынша докторантура бағытында мамандар дайындап келе жатырмыз, - дейді М. Ноғайбаева.

Декан сондай-ақ кітапханашыларды дайындау ісінде шетелдік тәжірибеге негізделген жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Магистратура, докторантура бойынша білім беру бағдарламаларын ашу кезінде көптеген шетелдік жоғары оқу орнының тәжірибелері меңгерілген. Оған қоса кітапханашылардың қызметі, оларға қойылатын қазіргі заманғы талаптар ескерілген.

М. Ноғайбаеваның айтуынша, шетелде кітапханашыларға жоғары еңбекақы төленіп, бұл мамандық иелерін жақсы бағалайтын көрінеді.

Шетелдік байланыс кезінде байқағаным кітапхана ісі ол жақта өте керемет, ең жоғары жалақы төленетін мамандық. Мысалы біз жоғары оқу орындарында профессорлардың орны жоғары деп есептейміз ғой, дәл сол сияқты олар кітапханашы қызметән өте жоғары бағалайды және еңбекақысы да жоғары, - дейді ол.

Ғалымның пайымдауынша, шетелдік кітапханашылар бірнеше тіл меңгерген әрі көне қолжазбалармен жақсы жұмыс істей алады.

Шетелдегі кітапханашылардың бір ерекшелігі, олар өте білікті мамандар. Бірнеше шет тілдерін, соның ішінде әсіресе көне тілдерді, қолжазба тілдерін біледі. Олар кітапхана қорын құру, сақтау, насихаттау, дәріптеу бойынша үлкен ғылыми зерттеу жұмысын, ғылыми-танымдық жұмысты, ғылыми-көпшілік жұмысты ұйымдастыратын мамандар. Әрине қазіргі таңда біздің елімізде де осы салада, осы бағытта жұмыс атқарып жатқан бар, - дейді М.Сағатқызы.

Сөз арасында ол елімізде кітапхана ісін жаңғыртуды, жас буын өкілдерін тартуды қажет ететіндігін жеткізді. Себебі, елімізде кітапхана ісі бойынша қызмет атқарып жақтан қызметкерлер Кеңес кезінде білім алып, сол кезеңде қалыптасқан, қазір зейнеткер дәрежесіне жетіп қалған, буынды құрап отыр екен. Ал, жас буынның арасында кітапхана ісіне қызығушылық төмендеген.

Оның бірнеше себебі бар. «Кітапхана ісі» мамандығының әсіресе жастар арасында аса танымал болмауы, көбісі тіпті осындай мамандықты оқытатынын біле де бермейді. Тағы бір себебі жалақының аздығы. Бізде республикалық екі ірі кітапхана бар – Алматыда Ұлттық кітапхана, елордада Академиялы кітапхана. Олар ірі ғылыми үлкен зерттеу орталығына айналып отыр. Өзге облыстық кітапханалар, аудандық кітапханалар, одан кейін мына мекемелердегі кітапханалар, соның ішінде мектеп кітапханаларындағы қызметкерлерге жағдай жасалмаған,-дейді профессор.

Декан мұғалімдердің мәртебесі туралы заң қабылданғанда мектептегі кітапханашылар одан тыс қалғанын айтады.

Осы заң қабылданғалы мұғалім мамандығына сұраныстың артып жатқандығына көріп отырмыз. Биылдың өзінде, жазда қабылдау комиссиясын жүргізген кезде оны қатты байқадық. Ал сол мұғалімдердің жалақысын көтеру, мұғалім мәртебесі туралы мәселе көтеріліп жатқанда сол мектептегі кітапханашы сияқты мамандық иелерінің жағдайы назардан тыс қалып қалды өкінішке орай. Олардың жалақысы да, мәртебесі де, жағдайы да бұрынғы қалпында. Содан да жастардың ортасында осы мамандыққа аса бір қызығушылық төмен, - дейді ол.

Сұхбат барысында «Кітапхана ісі» мамандығын дайындауда мемлекеттен бөлінетін гранттар саны да аз екенін білдік. Бұрын «кітапхана ісі» мамандығына жеке грант бөлініп келген. Алайда, кейінгі кезеңде жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларына енген өзгерістерге байланысты соңғы үш жылдың ішінде «кітапхана ісі» мен «архив ісі» мамандығы екеуі «кітапхана ісі, архив және ақпаратты өңдеу» деген бір білім беру бағдарламасының тобы болып біріктіріліпті.

Осы бағдарлама тобы негізінде биыл бавалавриатқа 20 орын, магистратураға 20 орын ғана берілді. Ал енді сол 20 орынның ішінде тең жартысынан астамын архив ісі, құжаттану және деректану, деректемемен қамтамасыз ету мамандығы бойынша студенттер таңдайды. Сонда кітапхана ісін таңдап жатқан бала саны шамшамен 8-9 ғана. Сонда бүкіл республика бойынша бөлінген граттың былайша айтқанда, тоқсан пайызы бізге, ҚазҰУ-ға келді. Елімізде кітапхана ісі бойынша маман дайындап жатқан басқа оқу орындарына тіпті студенттер барған да жоқ деп айтуымызға болады. Міне сондықтан мамандар дайындау ісі де өте баяу, санаулы ғана мамандар дайындалып жатыр, - дейді профессор.

Сондай-ақ ол елімізде кітапхана ісі бойынша маман дайындауға кадрлар жетіспеушілігі барын айтты.

Тағы бір мәселе – білікті кадрлардың жетіспеушілігі. Әсіресе мына «кітапхана ісі» мамандығы бойынша бітірген, осы сала бойынша ғылыми зерттеу жүргізген, кандидаттық немесе докторлық диссертация қорғаған адамдар өте аз. Мысалы, Қазақ ұлттық университетінде осы мамандықты дайындауда екі маман ғана бар. Бірі докторлық, бірі магистрлік қорғаған. Қалғандарын біз өндірістен шақырдық. Кітапханада жұмыс істеп жатқан жоғары санаттағы кітапханашы мамандарды шақырып отырмыз. Қазір білім беруде қойылып отырған талаптар да сол ғой мамандарды өндіріспен бірге дайындау, - дейді ол.

Оның айтуынша, қолжазбалар, көне тілдермен жұмыс істеуде кітапханашылардың маңызы зор. Әсіресе шетелдік кітапханашылар көне тілдерді меңгеретін көрінеді.

Біздегі кітапханаларға да араб, парсы, көне шағатай тілдерін меңгерген мамандар керек. Соңғы кезде «Мәдени мұра», «Тарих толқынында», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары бойынша қаншама шетелден артифактілер, қолжазбалар елге әкелінді. Оны зерттеу, қарастыру ғалымдардың да мойнын да, соның ішінде кітапханашылардың да қызметі маңызды. Себебеі олар библиографиялық жинақтар шығарады, оларға көрсеткіштер жасайды, халыққа таныстырады, өздерінің ішінде ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді, каталогтар шығарады. Сондықтан ғылыми жұмыстың алғашқы эвристика деп айтамыз ғой сондай кезеңін атқарады. Сол бағытта біз үшін осындай мамандардың тапшы екені көрініп қалады, - дейді ол.

Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін оқу ордасында білім беру бағдарламаларын жылда жаңарту көзделген. Болашақта осы бағыттағы компонентті күшейтпек. Көне тілдерді меңгерген, ақпараттық технологияларды үйренген, шет тілін білетін, сыртқы тапсырыс берушілердің, жұмыс берушілердің талаптарына негізделген білім беру бағдарламаларын құру және сол арқылы жаңа кітапханашыларды дайындауды мақсат етіп отыр.

Профессор кітапхана ісіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтады. Көпшіліктің ақпаратпен сусындауына, білім қорына жол ашуына негіз болатын кітапханадан айырылуға болмайтынын айтады.

Жинақталып жатқан барлық білім, яғни тарихи білім, әдеби білім, лингвистикалық білім, экономикалық білім, тіпті жалпы білімді көпшілікке жеткізетін орта – кітапхана ғой. Көпшіліктің ортасында ғалымдар да бар, қарапайым оқушы, студент, ізденушілер де бар. Қарапайым халықтың өкілдері де бар, журналистер де бар. Ақпарат, білім іздеген жан кітапханаға келеді. Ал сол жерде мықты, сауатты, білімді маман жұмыс істемесе, оны ары қарай дамытпайтын болса не болды. Кітапханадан айырылуға болмайды, - дейді Меңдігүл Ноғайбаева.

Өзгелердің жаңалығы