Киножобалар конкурсына 465 фильм сценарийі мен сценарий жоспары түсті

22 Сәуір 2024, 20:31
312
Бөлісу:
Киножобалар конкурсына 465 фильм сценарийі мен сценарий жоспары түсті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Ұлттық киноны қолдау орталығы мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды іріктеудің бірінші кезеңін аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәлімдеуінше, электронды түрде тіркелген 465 сценарий мен сценарий жоспары келіп түсті.

Айта кетейік, «деректі фильмдер» санаты бойынша 70 өтініш берілді, оның 57-сі Сараптама кеңесіне жіберілді. Анимация саласында 44 өтініш берілген, оның 7-еуі барлық талаптарға сай келді. Ойын фильмдеріне келетін болсақ, жалпы саны 351 өтініш келіп түсті, оның 277-сі комиссияның қарауына жіберілді.

Барлық бағыт үшін өтініштердің қабылданбау себептері: өтінімдердің бір жоба бойынша бір компаниядан қайта берілуі, сценарийлер мен сценарий жоспарының болмауы, компаниядан конкурстың бір бағытына екеуден артық өтінім түсуі.

Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау осы жылдың 12-18 сәуір аралығында жүргізілді.

Осыған орай Алматыда киноиндустрия өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды, сондай-ақ үш бағыт бойынша консультациялық қолдау көрсетілді. Астана және Алматы қалаларындағы орталық кеңсесінде жеке консультациялар, телефон қоңыраулары арқылы сұрақтарға жауап берілді, әлеуметтік желіде жаңа ережеге, конкурсқа қатысты қажетті мәліметтер жарияланды.

Өзгелердің жаңалығы