Кинотеатр мен театрға барып, вирус жұқтырып жатқандар көп - Бекшин

27 Қаңтар 2021, 16:30
1823
Бөлісу:
Кинотеатр мен театрға барып, вирус жұқтырып жатқандар көп - Бекшин

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай соңғы төрт күнде күрт нашарлады. Күніне 125-140 адам арасында вирус жұқтыру жағдайы тіркелуде.  Бұл туралы Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, қазір Алматы қаласы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасының қызыл аймағына өткен, яғни 25 қаңтардан бастап «сары» аймақтан «қызыл» аймаққа көшкен. 

Эпидемия басталғаннан бастап 27 қаңтардағы жағдай бойынша Алматы қаласында коронавирустық инфекцияның 21547 жағдайы, сондай-ақ 1662 коронавирустық пневмония тіркелді. Қаңтар айы басталғалы 26 күнде 3026 КВИ және 237 пневмония жағдайы тіркелді, бұл біздің болжамға сәйкес келеді, қаңтарда 3500-3800 жағдай болады деген болжам жасалған, - деді ол.

Сондай-ақ бас санитар дәрігер Алматы қаласының қызыл аймаққа көшуіне қатысты ойын айтты.

Кез келген жұқпалы аурудың эпидемиологиялық процессі толқын тәрізді ағымға ие, өрлеу мен құлдырау кезектесіп отырады. COVID-19 эпидемиясы да осы заңдылыққа бағынады. Алматыда COVID-19 эпидемиясы басталғаннан бастап наурыз–сәуір айларында алғашқы толқын басталды, шілде айында 6 мыңнан астам жағдай тіркеліп, толқынның шыңына жетті, қыркүйек айында 165 жағдайға дейін төмендеді. Қазан айынан бастап аурудың өсуі басталды, қазіргі уақытта өсу жалғасуда, - дейді Бекшин. 

Алматы қаласы 8 желтоқсаннан бастап жасыл аймаққа жанасқан сары аймақта болған. Бірақ 31 желтоқасаннан бастап аурушаңдық күрт өскен. 

Бекшин сондай-ақ науқастардың вирусты қай жерде жұқтырып жатқанына тоқталды.

КВИ жағдайларын эпидемиологиялық тексеру барысында қоғамдық орындарда науқастардың 40%-ы, қоғамдық көлікте науқастардың 20%-ы, сондай-ақ ауырған отбасылардың 28%-ы жұқтырғаны анықталды. Соңғы 3 аптада отбасылық іс-шараларда, сондай-ақ кинотеатрлар мен театрларға барған кезде  жұқтырған жағдайлар да тіркелді, - деді ол.

КВИ жоғары аурушаңдығы 20-39 жас аралығындағы азаматтар арасында 35% деңгейінде, 40-59 жас аралығында 27-28% деңгейінде тіркелген. 

Алматы қаласының департаменті әлеуметтік қашықтықты, маска-қолғап режимін сақтау, адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болу қажеттілігі туралы халықты ескерту бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. 

2021 жылдың қаңтар айының 1-нен 26-сына дейін 332 рейд, 2544 нысанда (7%) ережені бұзған 180 жағдай анықталды. 107 хаттама толтырылды, оның ішінде 29-ы заңды тұлғаға 10 399 105 теңге айыппұл салынған, ал  жеке тұлғаларға маска режимін бұзғаны үшін 78 хаттама толтырылып, 3 412 890 теңге айыппұл салынды, - дейді Ж. Бекшин.

Аудандық әкімдіктер жанындағы мониторингтік топтар жүргізген рейдтеріне қарамастан, заңды және жеке тұлғалардың шектеу шараларын бұзуы жалғасуда екен. Тек қаңтар айында шектеу шараларын қасақана бұзған 130 нысан анықталып, 3 690 005 теңге, ал жеке тұлғаларға қатысты маска режимін бұзғаны үшін 2 056 485 теңге айыппұл салынған.

Өзгелердің жаңалығы