- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Киноға бірнеше доллармен инвестиция салу: АХҚО қандай мүмкіндіктер ұсынбақ?
Киноға бірнеше доллармен инвестиция салу: АХҚО қандай мүмкіндіктер ұсынбақ?
10 Қыркүйек 2026, 11:01
Қазақстандықтарға кино өндірісіне шағын сомамен инвестиция салуға, ал фермерлерге жеке инвесторлардан қолжетімді қаржы тартуға мүмкіндік беретін тетіктер әзірленіп жатыр. Бұл туралы форум аясында АХҚО әкімшілігінің инновациялар жөніндегі бас директоры Талғат Аманбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, қаржы технологиялары инвестиция тартудың аясын кеңейтіп, бұрын қомақты қаражатты қажет еткен жобаларға қарапайым азаматтардың да қатысуына жол аша алады. «Астана» халықаралық қаржы орталығы осы бағытта қажетті құралдар мен құқықтық тетіктерді қалыптастырып жатыр.
Киноға шағын сомамен қаржы салу
Талғат Аманбаев креативті экономиканың, соның ішінде кино өндірісінің инвестиция тартуға әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, отандық фильмдерді түсіруге жеке инвесторлар белсенді қатысып келеді. Ендігі міндет — осы нарыққа шағын сомамен қаржы салуға мүмкіндік беру.
Фильм түсіруге бірнеше жүз мың доллар қажет болуы мүмкін. Бірақ биржа тетіктері, Tabys секілді қосымшалар мен токендер арқылы инвестицияның бастапқы сомасын бірнеше долларға дейін төмендете аламыз. Біздің міндетіміз — осы әлеуетті пайдаланып, азаматтарға қолжетімді құрал ұсыну, — деді ол.
Спикер кино жобаларының салыстырмалы түрде қысқа өндірістік циклі де инвесторлар үшін қызығушылық тудыратынын жеткізді. Оның сөзінше, фильмді түсіру, өндіру және прокатқа шығару тоғыз-он айға созылуы мүмкін.
Аманбаевтың айтуынша, мұндай тетіктер азаматтардың креативті индустрияны қаржыландыруға қатысуына мүмкіндік береді. Дегенмен ол атаған тоғыз-он ай фильмді дайындап, көрерменге ұсынудың ықтимал мерзімі. Бұл салынған қаражаттың сол уақытта міндетті түрде қайтатынын білдірмейді.
Фермерлерге қаржы тартудың жаңа жолы
АХҚО жұмыс істеп жатқан тағы бір бағыт — ауыл шаруашылығында токенизацияны қолдану. Ұсыныстың мәні — лицензияланған платформа арқылы қаржы іздеген фермерлер мен қаражат салуға дайын жеке инвесторларды байланыстыру.
Талғат Аманбаевтың айтуынша, мемлекет ауыл шаруашылығына елеулі қолдау көрсеткенімен, барлық фермер қажетті қаржыны дер кезінде ала бермейді. Мұндай жағдайда шаруалар өзге қаржы көздерін іздеуге мәжбүр.
Мемлекеттік көмекке қол жеткізе алмаған фермер не істейді? Оған тиімсіз шарттармен қарыз алуға, трейдерлерден ақша сұрауға, жылжымайтын мүлкін кепілге қоюға тура келеді. Біз заманауи қаржы технологияларын, соның ішінде токенизацияны пайдалануды ұсындық. Лицензияланған, ашық платформа арқылы фермерлерге қолжетімді қаржы тартуға, ал азаматтар мен жеке инвесторларға оларға қаражат салуға мүмкіндік бергіміз келеді, — деді Аманбаев.
Оның пікірінше, мұндай жобаның ұзақ мерзімді әсері болуы мүмкін. Ауыл шаруашылығына қосымша қаражат келуі өндірісті кеңейтуге, жұмыс орындарын ашуға және өнім құнын төмендетуге ықпал етеді.
Жасанды интеллект қаржы қауіпсіздігін қалай жақсартады?
Форумда жасанды интеллектіні қаржы саласына енгізу мәселесі де талқыланған. Аманбаев бұл технологияларды инфрақұрылым салудан бастап, қаржы ұйымдарының күнделікті жұмысын жетілдіруге дейін қолдануға болатынын айтты.
Оның бағалауынша, Қазақстанның инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға бірқатар артықшылығы бар. Олардың қатарында электр энергиясының салыстырмалы түрде арзандығы, кең аумақ, географиялық орналасу және инвесторлардың қызығушылығы аталды.
Сонымен бірге жасанды интеллект қаржылық қадағалауды жетілдіруге мүмкіндік береді. Мысалы, өтініш берушінің тәуекелін бағалау, лицензиялау және кейінгі бақылау кезінде қолмен атқарылатын жұмыстың бір бөлігін автоматтандыруға болады.
Қаржы технологиялары саласында жасанды интеллектіні қолданудың тағы бір бағыты — алаяқтық әрекеттер мен күмәнді операцияларды анықтау.
Мәселен, біреу картаңызды ұрлап алды делік. Мұны қалай жылдам анықтауға болады? Сіздің әдеттегі әрекетіңізге ұқсамайтын шығындарды біреу байқауы керек. Жасанды интеллект секілді технологиялар мұны сіз ұйықтап жатқанда да жылдам анықтауға мүмкіндік береді, — деді ол.
Тау-кен саласына қызығушылық артып келеді
Аманбаев жаңа технологиялар Қазақстанның тау-кен секторындағы мүмкіндіктерді қайта бағалауға да жол ашып отырғанын жеткізді.
Оның сөзінше, кен орындары мен қорлар жөніндегі мәліметтердің бір бөлігі бұрын, соның ішінде кеңестік кезеңде жүргізілген зерттеулерге негізделген. Қазір жаңа сканерлеу тәсілдері мен есептеу технологиялары геологиялық деректерді тиімдірек талдауға мүмкіндік береді.
Спикер осы өзгерістер Қазақстанның тау-кен саласына инвесторлар қызығушылығының жаңа толқынын қалыптастырып жатқанын айтты.
Инвесторларға 40 жоба таныстырылған
Форум аясында халықаралық инвесторларға нақты жобаларды ұсынуға да басымдық берілген. Аманбаевтың мәліметінше, бірінші күні тау-кен саласындағы 40 жоба таныстырылған. Екінші күні креативті индустрия жобаларын ұсыну жоспарланған.
Кәсіпкер біздің алаңда баяндамаларды тыңдап қана қоймай, өз жобасын ұсына алады. Командамыз салалық сарапшылармен бірге жобаларды іріктеп, инвесторларға таныстыруға дайындады. Олардың халықаралық деңгейдегі талаптарға сай ұсынылуына мән бердік, — деді ол.
Аманбаев форумның бірінші күні бірқатар келісім мен меморандумға қол қойылғанын жеткізді. Алайда олардың нақты санын атамады. Қай жобаның қанша қаржы тартқаны жөніндегі нәтижелер кейін хабарланбақ.
Оның айтуынша, форумның басты мақсаты — талқылауларды нақты экономикалық нәтижеге ұластыру, капиталдың Қазақстандағы жобаларға қалай тартылып, қалай жұмыс істейтінін көрсету.
Ең оқылған:
- Тараздағы жұмбақ өлім: Ер адамды аяусыз ұрып-соғып, өз көлігімен ауруханаға әкелген
- Қазақстанда ауа райы құбылады: Синоптиктер болжам жасады
- Хуситтер Сауд Арабиясының төрт қаласына шабуыл жасады: 73 адам зардап шекті
- Алматыдан Лондонға бағыт алған Air Astana ұшағы Франкфуртқа қонды
- БҰҰ Трамптың Ай туралы мәлімдемесіне пікір білдірді
Аида БАТУХАН