Үкімет отырысында экономиканы қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар таныстырылды

19 Мамыр 2020, 09:38
1401
Бөлісу:
Үкімет отырысында экономиканы қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар таныстырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Үкімет отырысында экономиялық өсімді қалпына келтіру жөніндегі 2020 жылдың соңына дейінгі кешенді жоспар қаралды. ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов кешенді жоспарды Үкімет Ұлттық банк, "Атамекен" ҰКП және бизнес қауымдастықтармен бірлесіп әзірлегенін айтты.

Кешенді жоспар экономика салаларын қолдау жөніндегі жедел шараларды қамтиды. Ол салықтық ынталандыру, кредит беруді арттыру, инфрақұрылымды дамыту, ішкі өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдау, жұмыспен қамтуды сақтау шаралары. Халықаралық ұйымдардың жаңартылған болжамдарына сәйкес, 2020 жылы әлемдік экономика 4%-ға, ал, жаһандық сауда 32%-ға қысқарады. Жыл басынан бері мұнай 50%-ға арзандады, металл бағасы орта есеппен 16%-ға төмендеді. Бұл ретте әлемдік экономиканың, сауданың және инвестициялардың одан әрі құлдырау қаупі бар. Бүгінгі таңда мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, үкімет тарапынан экономиканы қолдау мақсатында  нақты іс-шаралар іске асырылып жатыр. Микро, шағын және орта бизнес салық пен әлеуметтік төлемдерден босатылып, төлемдердің мерзімі ұзартылды. Олар қоғамдық тамақтану, агроөнеркәсіп кешені, сауда орталықтары, туризм, IT-компаниялар және басқа да қызметтер. Шағын және орта бизнестің жеңілдікпен несиелендіру құралдары едәуір нығайтылды. Кредиттер көлемі 1 трлн теңгеге артты. Бұл - "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша қосымша 400 млрд теңге және Ұлттық банк тарапынан жаңадан 600 млрд теңге, - деді министр.
Руслан Дәленовтің мәлімдеуінше, "Бизнестің жол картасы" және "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламаларында экономика саласының қамтылуы едәуір артты. 
Соңғы сыйақы мөлшерлемесі 6%-ды құрайды. Жаңа "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол инфрақұрылымды жаңғыртуға және қайта құруға жағдай жасайды. Сондай-ақ, жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Шағын және орта бизнестің борыштық салмағының өсуіне жол бермеу үшін олардың кредиттері бойынша негізгі борыш пен сыйақы төлемдерінің мерзімдері 90 күнге ұзартылды. Ұлттық атауар өндірушілер үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері жеңілдетілді,- деді ол.

Өзгелердің жаңалығы