Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Охотзоопром ӨБ» орталық аймақтық өңірлік филиалы басшысының міндетін атқарушы Айбек Әліпбай экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қорғалжын қорығына ұйымдастырған баспасөз туры барысында киіктерді қорғау мен браконьерлермен күрес шаралары туралы айтып берді.
Заңсыз аңшылыққа қатысты заңнама қатаңдатылды. Киік атқаны үшін адам 12 жылға бас бостандығынан айырылады.
Браконьерлерді жою қоғамның санасын өзгертуден басталады. Сана-сезімді өзгертіп, қоршаған ортаны қорғауға әрбір азаматты баулу керек. Сол кезде ғана табиғаттағы әрбір жануарға қамқорлық таныта аламыз. Биыл Ақмола облысында 70 мыңдай киік бар. Осы жылы киіктер 2-3-тен төлдеді. Яғни, саны артып келеді, - деді ол.
Айбек Әліпбай айтып өткендей, биыл коронавирус пандемиясына қатысты киіктерге нақты санақ жүргізуге мүмкіндік болмады.
Сәуір айында тікұшақпен жүргізілетін санаққа рұқсат берілмеген.
15 қыркүйектен кейін мониторинг жасап, санақ жүргізу жоспарланып отыр. Киіктердің де жасы келіп, өлетіндері болады. Болжам бойынша киік саны 20-30 пайызға артқан шығар деп отырмыз. Нақты күзде белгілі болады, - деді ол.
Сондай-ақ, маман киіктің мүйізін браконьерлер қара нарықта саудалайтынын айтты.
Нақты ешкім айта алмайды. Бірақ біз естігендей, киік мүйізінің бір келісі 2-3 мың долларды құрайды. Ал Қытайда тіпті 7-8 мың долларды құрайды екен. Олар контрабанділік жолмен алып кетеді. Кеден қызметкерлерімен әңгімелескен кезде қылмыскерлер сүтті қоспаға айналдырып, соның ішіне мүйізді үгітіп, алып шығады екен. Оны кедендегі бақылау аппараттары көрмей жатады, - дейді ол.
Әліпбайдың айтуынша, өңір бойынша браконьерлердің саны азайған.
Олар жыл сайын аң аулау әдісін өзгертіп, біздің жүріс-тұрысымызы аңдып отырады. Қазір біз жұмысты көбінесе түнде жүргізіп жүрміз. Түнде көретін аппараттар бар. Түнгі сағат 3-тен 5-ке дейін қызметкерлер көз ілмейді. Себебі браконьерлердің көбі сол уақытта шығуға тырысады. Соның алдын алудың мақсатында қызметкерлер түнгі жұмыстарды күшейтіп жатыр. Күндіз мониторинг жасап, далада жүрген кез келген көлікті тоқтатып, тексереміз, - деді ол.
Ол атап өткендей, браконьерлерді ұстаған қызметкерлерге 150 пайыз жалақының сыйақысы беріледі.
Біздің жігіттер ақша үшін жүрген жоқ. Бұл қызметке табиғатқа жақын, даланы жақсы көретін, оның қадір-қасиетін түсінетін азаматтар келеді. Жыл басынан бері аймақ бойынша 5 қылмыстық іс тіркелді. 3 адам ұсталды. Олар браконьерлікті кәсіп қылып жүрген қылмыскерлер. Олар 2 киікті атқан. Жедел іздестіру жұмыстары жүргізіледі. Бір жылдай аңдып, қылмыскерлерді ұстадық. Жұмыстың күшеюі мен заңның қатаңдатылуы браконьерлердің қол-аяғын байлап отыр, - деді ол.
Айбек Әліпбай айтып өткендей, мемлекеттік инспекторлардың әрқайсысында оқтан қорғайтын киім-кешегі бар.
Бұрынғы киімдермен салыстырғанда қазіргі киім жеңіл, оның салмағы 3 келіні құрайды. Бұл да үлкен қорғаныш. Қызметкерлердің барлығы қаруланған. Егер браконьерлер тарапынан қызметкерлердің өміріне қауіп төнген жағдайда мемлекеттік инспекторлар атуға құқылы. Өткен жылы әріптестеріміз браконьерлер қолынан қаза тапты. Осы жағдайдан кейін қоғам оянды. Басшылық та бақылауға көңіл бөлді. Жұмыс күшейген соң, қылмыс та азайды, - деді ол.