Киік еті 1200 теңгеден болса да, сұраныс аз – БҚО әкімі

14 Қараша 2023, 14:29
715
Бөлісу:
Киік еті 1200 теңгеден  болса да, сұраныс аз – БҚО әкімі
Фото: gov.kz

Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

БАҚ өкілдерінің «Бүгінде киік етін ет комбинатына өткізу науқаны басталды, төрт түлікпен салыстырсақ, әлдеқайда арзан. Комбинатты киік етімен толтырсақ, шаруаларға кесірі тиіп кетпей ме? Жаз бойы бордақылап баққан малы шығынға ұшырап қалмай ма? Әлеуметтік желілерде киікті соятын жерлер санитарлық талапқа сай емес деген әңгіме жүріп жатыр» деген сауалдарына облыс әкімі жауап берді.

Ет комбинаттарының талапқа сай келмей жатқанын білемін. Ол жөнінде Круглоозерный ауылында бір жағдай болды. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келгендіктен, көлік жуатын орынды ет сою цехына айналдырдық. Дегенмен маңдайшадағы «Автомойка» деген жазу ауыстырылмай қалған. Әлеуметтік желіде шу шыққаннан кейін қазір ол жерде жұмыс істеліп жатқан жоқ. Экология министрлігі мен біздегі жауапты мекеме келісімге отырды, әрбір атылған киік есепке алынып, қатаң бақылауда болады. Шаруа қожалықтары киіктен зардап шеккен еді. Бізде киіктердің саны 1 млн 300 мың деп берді. Ғалымдардың пайымдауынша, бір киікке 15 гектар жер керек екен. 15 млн гектарды киіктерге беріп қойсақ, жылқы мен қой малына да жер керек екенін естен шығармаған жөн. Бүгінде 10 мың киік ауланды, 17 бригада жұмыс істеп жатыр. Енді «киік еті сатылған соң, ірі қара малдың етіне сұраныс азая ма?» деген сұрағыңызға жауап бере кетейін. Киік етін кез келген адам алмайды. Бұрын киіктің етін жеп қалған Кеңес Одағы кезіндегі адамдар болмаса, көбі жеп жатқан жоқ. Бағасы не бәрі 1200 тг болса да, сұраныс жоғары емес, – дейді Нариман Төреғалиев.

Облыс әкімінің айтуынша, қарағандылық кәсіпкер киіктерді қолға үйрету әдісін қолға алған. Осылайша, киіктердің санын реттеуге ұсыныс жасағанын атап өтті.

Біз киіктердің санын реттеудің әртүрлі әдісін зерттеп жатырмыз. Маған қарағандылық бір кәсіпкер киіктерді ұстап, қолға үйрету әдісін сынап жатқанын айтып берді. Болашақта киіктерге жем-шөбін беріп, төрт түлік секілді ұстауға болатынын дәлелдеп жатыр. Енді алдағы уақытта ату, аулау әдісінен бөлек, қолда ұстау жұмыстарын да қолға алмақпыз, – дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.

Өзгелердің жаңалығы